Жұмыр жердің жауһарының бірі десек жарасар

70

Тәуелсіздік алғаннан бастап елдің дамуына еңбек етіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттықтың алғашқы жылдарында маңызды шешімдерді қабылдады. Бұл – ұлт келешегі үшін жасалған батыл қадамдар. Солардың ішіндегі ең басты қадамдардың бірі – осы елорданы Ақмолаға көшіру еді. Бұл, әрине, оңай шешім болмағаны белгілі. Десе де, болашаққа сеніммен қараған Мемлекет басшысы бас қаланы көшіру бастамасын қолға алды. Ел Президенті Астана қаласы туралы толғауында: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», – дей келіп: «1992 жылы Қазақстанның президенттікке бүкіл халық болып сайлағанынан кейін мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып жатқан өзен болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар өзен жағасында салынған. Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне, Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуропаның орталығында орналасқан», – деп тарихи шешімді қалай қабылдағанын жеткізген.
Елбасы қиялындағы Астана ерке Есілдің жағалауынан бой көтерді. Бүгінде бірлігі жарасқан қазақстандықтар бас шаһардың жиырма жылдығын кеңінен атап өтті. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, Астананың жиырма жылдық мерейтойын дүрілдетіп өткіздік. Ақынның тілімен айтқанда, «Көкті сүйген көркімен таңғалдырған, Көңілінде көргеннің ән қалдырған» ару шаһардың тарихындағы айтулы дата елдің есінде қалды.
Жиырма жылдық мерейтой аясында өтіп жатқан ауқымды іс-шаралар үшін республикалық бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет басшысы сәуір айының басында бас қаланы одан әрі дамытуға арналған мәжілісте: «Бұрынғы Ақмола қаласының төңірегі қандай болғаны бəрімізге белгілі. Жаңа қаланың орны мидай дала еді. Қазір қаланың осылай дамығанына өзім де таңғаламын. Біз ата-бабамыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде ел ордасы – Астананы салдық. Дүниежүзі тамсанып, таңғалатын шаһарға айналдырдық. Елордамыздың 20 жылдық мерекесін барлығымыз бірлесіп атап өтуіміз қажет. Бұл – елдің қуанышы», – деген болатын.
Елбасы айтқандай, айбары асқақтаған Астана бүгінде қуатты қалалар қатарына қосылып, құтты мекенге айналды. Әсем қаладан құрметті қонақтар арылмайды, күн сайын онда ауқымды шаралар өтеді. Маңызды болған мәселелер түйіні осы бас шаһарда шешімін табуда. Мұның өзі күн санап көркейіп келе жатқан Астананың мерейлі мәртебесін айғақтайды.
Сарыарқа төрінен бой көтерген асқақ шаһар әлемге нұрын шашып, егемен ел екенімізді әйгілеп тұр. Бас қаламыз тәуелсіз еліміздің төртінші рәмізі іспетті. Аз ғана уақыттың ішінде Астана күллі жаһан қызыға да қызғана қарайтын алып шаһарға айналды. Тек Ұлы Дала елінің ғана емес, жұмыр жердің жауһары бұл Астана. Елбасымыз іргетасын өзі қалаған уақыттан бері Астана халқымыздың рухын көтеріп, санамызға сілкініс әкелді, дамудың жаңа жолына түсті. Сәулеті асып, дәулеті тасқан бас қаланың бүгінгі келбеті кім-кімді болмасын сүйсінтпей қоймайды. Мұндағы сұлулық пен әсемдікті ешкім сөзбен суреттеп бере алмас. Көркіне көз тастасаң, айтарға сөз таппай тіл байланардай. Зау көкпен таласқан биік ғимараттар, қаланың көркіне көрік қосқан жасыл желек, қала іргесіндегі ну орман – мұның барлығы елорданың абыройын асырып тұр. Елбасының «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» деген сөзі бұл қаланың мемлекетіміз үшін қаншалықты қымбат екенін айғақтайды.
Арман қала ұлтымыздың брендіне айналды. Қаншама жастарымыз өз болашағын елордамен байланыстырғысы келеді. Өйткені Астана – биік арманға жол ашып, өзінің құшағына тартады. Бас шаһарымыз 20 жыл ішінде әлемдегі татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналып үлгерді. Астанада жыл сайын өтетін дәстүрлі діндер съезі, түрлі халықаралық жанжалды реттеуге бағытталған форумдар, күні кеше бір емес, бірнеше мәрте өткен Сирия келіссөзі – осының барлығы бейбітсүйгіш қазақ елінің еңсесін биіктетіп, жасампаз Астананың мерейін өсірді. Бұдан бөлек, елорда төрінде жалауы желбіреген байрақты бәсекелер, спорттық шаралар қаланың әлемде қаншалықты маңызды орынға ие екендігін айғақтады. Күллі әлем жұрты тамашалаған ЭКСПО халықаралық көрмесінің бас қаланың төрінде өткізілуі Астананың мәртебесін еселей түсті.
Астана жайлы жаза берсек, бір мақаланың көлеміне сыйдыра алмаспыз. Белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы Астана жайлы:
«Жұмыр жер кенет жүзік боп кетсе,
Гауһардай жанған Астанам менің!» – деп толғанған екен. Бұдан асырып, сірә, айта алмаспыз.

Рүстем БЕГАЛИЕВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.

Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту