- Advertisement -

Рауанның рухы жасымады

252

- Advertisement -

Дүниедегі ең мықты адам – рух-жігері күшті адам болар, сірә! Өйткені ол өмір қиындықтарына қасқая қарсы тұрады. Болашаққа деген сенімі де мықты. Тараздық Рауан Рауылбеков те сондай жандардың санатынан.

Ол бүгінде мүгедектерге арналған оңалту орталығының ғимаратын салуды ойластыруда

Білетіндер оның жасынан алғырлығымен, зеректігімен ерекшеленгенін айтады. Бірақ оған өмір өз қиыншылығын дайындап отыр екен. Бар-жоғы жиырма жасында аяқ астынан тағдырдың тәлкегіне ұшырап, сал ауруына шалдығады. Омыртқасы зақымданып, жер басып, жүре алмай қалады. Басқа біреу болса өмірден түңіліп кетер ме еді? Ал рухы мықты Рауан біраз жыл төсекке таңылса да өмірге деген құштарлығын жоғалтпайды. Керісінше қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін барын салады. Оңалтуға арналған жаттығу тренажерларының көмегімен ауруды жеңуге тәуекел етеді. Алайда екі мыңыншы жылдардың өзінде өңірде мұндай тренажерлар тапшы еді. Қалалық оңалту орталығынан жаттығу құралдарының сұлбасын алып, оларды үй жағдайында темірден құрап, дәнекерлеп, қолдан жасауына тура келген. Қолынан бірдеңе келетініне көзі жеткеннен кейін, тағдырдың жазуымен өзі секілді мүгедек атанып, бірі балдаққа, бірі қоларбаға, енді бірі төсекке таңылған жандарға арнап тренажерлар жасасам деген ой да қылаң берген еді.
Бүгінде жеке кәсіпкер Рауан Рауылбековтің қолынан шыққан оңалту құралдары жоғары сұранысқа ие. Бағасы қолжетімді болған соң ба, оған еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс беріп жатқандар да көп-ақ.
Рауан мұнымен шектеліп қалмай, өткен жылы Тараз қаласынан бір ғимаратты жалға алып, онда өзі жасаған жаттығу құрылғыларын орнатқан болатын. Осылайша оның өмірге құштарлығы мен қайсарлығының белгісі ретінде «Қайсар» клубы дүниеге келді. Өкініштісі клуб жарты-ақ жыл жұмыс істеді. Себебі бар тапқаны ғимаратты жалдау ақысы мен нұсқаушының айлығынан артыла қойған жоқ. Дегенмен ол бастаған ісін жарты жолда тастап кетпеуге бел буып отыр.
– Жарты жылда облыс аудандарынан, тіпті, өзге қалалардан келген науқастардың тренажерға тік тұрып, жақсы нәтижеге жеткенін көргенде бұл жаттығу құрылғыларының талай мүгедектің отырып келген арбасын тастап, балдаққа сүйеніп қайтуына сеп боларына кәміл сендім және бұл істі тоқтатуға болмайтынын түсіндім, – дейді Рауанның өзі.
Құлшынысы мол болғанмен, қолы қысқалық етіп, не істерін білмей жүргенінде облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы жыл сайын әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаларға гранттар бөлінетінін естиді. Палата мамандары кәсіпкерге «Тірек-қимыл қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған мүгедектерге арналған тренажерларды өндіру, сату және пайдалану» бағытындағы бизнес-жобасын әзірлеуге көмектесіп, жобаны толықтай сүйемелдейді. Сөйтіп, былтыр Рауанның жобасы әлеуметтік маңызы бар, қоғамға қажет деп танылып, З миллион теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болады.
Осы жай жігерін жанып, қанаттанған Р.Рауылбеков «Қайсар» клубының жұмысын қайта жандандырып қана қоймай, Тараз қаласынан жер телімін сатып алып, онда мүгедектерге арналған оңалту орталығы ғимаратының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, тренажерларда физикалық жүктемелер мен қалпына келтіру жаттығуларын үзбей жасау – сауығудың бірден-бір жолы. Мысалы,тоғыз жасында улы кене шағып, он жыл арбаға таңылған Меруерт есімді қыздың бес айда аяғына тұруына осы оңалту құрылғылары сеп болған.
Сондықтан да оңалту орталығының құрылыс жұмыстарын тездеп бастау қажет-ақ. Бірақ барлығы да қаржы мен «қағазбастылыққа» келіп тірелетіні белгілі. Мүгедектер қамын ойлаған кәсіпкердің инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу, сондай-ақ газбен, сумен, жылумен жабдықтау үшін техникалық шарттарды, ең бастысы, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы техникалық және сәулеттік келісімдер мен құжаттарды алу жолында әкімдік пен салалық басқармалардың табалдырығын тоздырып жүргеніне бір айдай уақыт өткен. Жұмысы ілгері басар емес.
Отандық кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі елді, жерді сүюдің ерен үлгісі екені анық. Рауан оңалту орталығын салуға өңір кәсіпкерлерінің де атсалысуға мүмкіндігі барын айтады. «Әлеуметтік жобаға қаржылай ғана емес, құрылыс-құрастыру және инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу жұмыстарына да әркімнің қолында барымен жәрдемдесуіне болады ғой. Олар бөлінген қаражаттың ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуына сенімді болуы үшін әріптестік қарым-қатынастағы құрылыс мекемелері арқылы да қолдау білдіре алады», – дейді ол.
Бүгінгі таңда облысымызда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 60 мыңға жуық. Осы мыңдаған бизнесмендердің арасынан игі іске қолұшын созар жомарт жандар табылмауы мүмкін емес қой!

P.S. Облыста
44 мыңнан астам мүгедек
(5,6 мыңы – балалар) тіркелген. Олардың 1713- і үкіметтік емес ұйымдар арқылы арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылыпты.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support