- Advertisement -

Көрсеткіштер көңіл көншітпейді

202

- Advertisement -

Облыс орталығына іргелес жатқан Байзақ және Жамбыл аудандарының өзгелерге қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары, мүмкіндігі мол. Әйтседе, аталмыш аудандар бұл мүмкіндігі мен әлеуетін қаншалықты пайдаланып отыр? Жыл басында белгіленген кейбір индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына көз жүгіртсек, бұл сауалдарға нақты жауап тапқандай боламыз. Әлеуметтік-экономикалық дамуда бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгенімен, алты айлық жұмыстың қорытындылары ауыз толтырып айтарлықтай жақсы дей алмаймыз. Кеше екі ауданға іссапармен барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудан активімен кездесіп, олқылыққа жол берген, жұмысы сылбыр жауапты тұлғаларды сын тезіне алды. Алғашқы басқосу Байзақ ауданының әкімдігінде өтті.

Жаңа форматта өткен жиында жарты жылдықтың қорытындысы қаралды. Онда өңір басшысымен бірге ілесіп барған облыс әкімдігінің басқарма басшылары рет-ретімен баяндама жасап, өз салалары бойынша жағдайларға тоқталды. Баяндамашылар өткен жылдың алты айымен салыстырмалы түрде көрсеткіштердің орындалуына, 2018 жылғы 28 ақпандағы облыс әкімінің №31-ө өкімімен бекітілген облыс әкімі мен аудан әкімдері арасында және басқармалар мен аудан және Тараз қаласы әкімдері арасында жасалған келісімдегі түйінді индикаторлардың жарты жылдық қорытындысына талдау жасады. Атап айту керек, сөйлегендер атқарылған жұмыстарды ұзақ-сонар баяндама ретінде тізбей, Асқар Исабекұлының тікелей тапсырмасы бойынша нақты туындаған мәселелер мен олардың шешілу жолдарына тоқталғаны жиын мазмұнын тереңдете түсті.
Алғашқы болып сөз алған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова аудан дамуының былтырғы есепті мерзіммен салыстырғанда оң динамикасы сақталғанымен, облыс пен аудан әкімі арасында жасалған келісімге енген 37 индикатордың 21-і бойынша тоқталып, мониторинг қорытындысына сәйкес 4 индикаторға қол жеткізілмегенін айтты. Яғни ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 71,4 пайызға, өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 7,7 пайызға, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 89,1 және 10 мың адамға шаққанда қылмыстың деңгейі 98,8 пайызға орындалған. Ал облыстың басқармалары мен аудан және Тараз қаласы әкімдерінің арасында жасалған келісімдерге енгізілген 163 индикатордың 9-ының толық орындалмағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ облыс басшысының тапсырмасына сәйкес 2013-2018 жылдары әзірлену барысында немесе әзірленген және іске аспаған жобалау- сметалық құны мен мемлекеттік сараптама қорытындысына жүргізілген талдау нәтижесі бірқатар жайттардың бетін ашып бергенін білдік. Айталық, Қостөбе ауылындағы орта мектепке спорт, акт залдарының және 3 оқу кабинетінің қосымша құрылысын жүргізу, Сарыкемер және Байзақ ауылдарында су қабылдау ғимараттарының және су жүйелерінің құрылысын салу бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмей, құжаттар қайта әзірленуге жолданыпты.
Бұдан кейін өзге де басқарма басшылары сөз алып, сала бойынша өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтар болсақ, ауданда 15 мал дәрігерлік пункт жетіспейді. Ол үшін облыстық бюджеттен 57 миллион теңге қаржы қарастыру қажет екен. Жергілікті басшылар қаржы қарастырылса, мәселені үш-төрт жылда кезең-кезеңімен шешпек. Бұдан хабардар болған өңір басшысы мәселені бір жарым жылдың көлемінде толығымен шешуді тапсырды. Аудандағы 2000 гектарға жуық жердің игерусіз жатқандығы, ауылдық округтердің аумағындағы тазалық жұмыстары да сын көтермейді. Үйілген қоқыстар облыс әкімдігінің инспекторлары ауылдарға жүргізген рейд барысында анықталып, суретке түсіріліп алынған. Кездесіп отырған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округтер әкімдері мардымды жауаптар бере алмай, «жұмыс жасаймыздан» әрі аса алмады.
– Біз бүгінгі жиналыста тек атқарылған жұмыстарды бағамдап қана қоймай, туындап отырған нақты мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Бірқатар сын айтылды. Солар бойынша тиісті жұмыстар қолға алынуы тиіс. Иә, қай өңірдің болсын өркендеуі үшін барлық салада межелеген көрсеткіштерге қол жеткізу маңызды. Әсіресе экономиканың алға жылжуына ең алдымен өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық саласы зор ықпал ететіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Байзақ ауданының өзге аудандармен салыстырғанда әлеуеті жоғары. Біз осыны ескеруіміз керек. Тек өткен жылмен салыстырғанда осынша пайызға өстік деп, бірлі-жарым өсімді алға тартпай, ауданның әлеуетін барынша пайдалана алсақ, үлкен жетістікке жетеміз. Бұл орайда құр сөзбен іс тынбасы анық. Сол үшін жыл басында аудан әкімдері мен ауылдық округ әкімдері арасында тиісті келісімге негізделген құжат қабылдану керектігін тапсырған болатынбыз. Ол құжатта бір жылда немесе жарты жылда қандай жұмыстар атқарылу керектігі, нақты қандай мәселелер шешілу қажет екендігі анық жазылғаны ләзім еді. Ал бұл сіздердің құжаттарыңызда көрініс таппаған. Сонымен қатар ауыл әкімдері мен жергілікті полиция қызметінің ауылдық учаскелік инспекторларының жұмыс орнына басқа мекеннен барып келіп жүргені жайлы мысалдар аз еместігін білеміз. Бұл жауапсыздық тез арада ретке келтірілсін. Әкім де, инспектор да қызмет ететін ауылында тұруы керек. Қалайша ол басқа ауылда тұрып, тек жұмысқа ғана барып келмек? Сондағы ел-жұртпен араласып, ішкен суын ішіп, ауасын жұтқанда ғана тұрғындардың жай-күйін сезініп, алаңдай біледі. Түн ортасында әртүрлі жағдай орын алса да, басы-қасынан табылады. Жалған құжат жасап, туыстарының үйінің бір бөлмесін жалға алған, бірге тұрып жатыр деген сылтау болмасын. Бәрі қатаң тексеріледі, жауапкершілік жүгі де жеңіл болмайды, – деген Асқар Исабекұлы ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысын ширату, жерді дұрыс пайдалануды ретке келтіруде жергілікті биліктің мүмкіндігі мен құзыреттілігін тиімді пайдалану керектігіне назар аударды.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен дәл осындай форматта өткен Жамбыл ауданындағы жиын барысында да көптеген мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында аудан экономикасының негізгі салаларында өсімге қол жеткізілген. Десек те кезегін күткен шаруалар да аз болмай шықты.
Облыс әкімі мен аудан әкімінің арасындағы келісімге енгізілген 37 индикатордың мониторинг жүргізілген 21-і бойынша 5 меже орындалмағаны анықталған. Олар: ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 89,9 пайыз, өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі – 69,2 пайыз, мал шаруашылығы өнімінің көлемі – 89,8 пайыз, белсенді шараларға тартылатын жастар саны – 64 және 10 мың адамға шаққанда қылмыстың деңгейі 97,4 пайызды құраған. Ал облыстық басқармалар мен аудан арасындағы келісімдегі 163 индикатордың 16-сының межелеріне қол жеткізілмеген.
Жамбыл ауданына 8 мал дәрігерлік пунктің қажет екенін ескерген А.Мырзахметов бұл мәселені бір жылда шешуді, алайда олардың бағасын бір жүйеге келтіру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар ауданда кооперативтер құру, жұмыстарын жандандыру бойынша атқарылған шаралар мүлде сын көтермейтіні, 1240 гектар жер игерусіз жатқандығы белгілі болды.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде шаруалардың сұранысымен 17 құдық қазылуда десек, ол құдықтар шын мәнінде қажеттілікті өтеуге пайдаланылып отыр ма? Өйткені бұл бағыттағы жұмыс шығынының 80 пайызын мемлекет төлесе, қалған жиырма пайызы ғана шаруаларға тиесілі. Субсидияның пайдасын көруге асығатын кейбір топтар құдық қазуды кәсіпке айналдырып алғаны да өтірік емес. Осы орайда мұндай шараларға қатаң бақылау керек екенін ескерткен облыс әкімі тегін олжаға кенелгісі келетіндердің жолын кесуді тапсырды. Құрылыс мәселесін көтерген облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев ауданда 15 жобаның конкурсы тиісті басқармалардың келісімінсіз басталып кеткенін жеткізді. Бұл облыс әкімінің қаулысымен бекітілген регламенттердің талабына сай емес деген Әділет Бегалыұлы жауапты тұлғаларды жауапқа тартуға ұсыныс білдірді. Асқар Мырзахметов регламенттің маңыздылығына тоқталып, оның талаптарын сақтамай отырған тиісті тұлғаның қызметіне сай еместігін қарау керектігін тапсырды.
Ауызсу мен табиғи газ мәселесі бірқатар жамбылдықтардың да бас ауруына айналған. Атап айтсақ, «көгілдір отын» құбырлары көшелерге жүргізілгенімен, тұрғындарға оны ауласына тартуда бірқатар қиындықтар туындауда. Бүгінде 5500-ден аса отбасы бағасының қымбаттылығына байланысты көшесінен өткен «көгілдір отынның» игілігін көре алмауда. Яғни газ құбырын үйге тарту бағасы 120-150 мың теңгеден асып отыр. Ал аудандағы 42 елді мекеннің 17-сіне ауызсу тартылғанымен. кейбір елді мекендерде су тәулік бойы берілмеуде екен. Мысалы, Аса ауылында судың қысымының әлсіздігінен судың түгелдей берілуінде кілтипан бар. Бұл – жобаның құрылысын жүргізуде су қысымы мен халық санының есепке алынбауы салдарын туындаған.
– Иә, бұл облыс бойынша бар мәселе. Кейбір елді мекендерде көшеден газ құбыры жүргенімен, үйлерге кіргізілмеген. Себебі оның өзіндік құнын тұрғындардың қалтасы көтермейді. Әрине, әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылар бар. Біз осыны ескере келе, «Жамбыл-жылу» мекемесімен келісімге келіп, бір шешімін таптық. Яғни 120-150 мың теңгеден 80 мың теңгеге түсіріп отырмыз. Осыны көпшілікке жақсылап түсіндіріңдер. Бүгінде облыс бойынша көшесінен өткен табиғи газды ауласына тарта алмай отырған 90 мыңға жуық үй бар. Оның отыз мыңы Тараз қаласында болса, қалғандары аудандарға тиесілі. Бұл мәселені бірінші желтоқсанға дейін толығымен шешуді тапсырамын. Тиісінше, ауданда да бұл шаруа сол уақытқа дейін аяқталу керек, – деген А.Мырзахметов ауызсу жайын да түпкілікті зерделеп, кездескен түйткілдерді тезірек шешу керектігін міндеттеді.
Сондай-ақ жиында аудан әкімі мен ауыл әкімінің арасындағы келісімді индикаторлардың жай-күйі сараланып, тазалыққа салақ қараған ауылдық округ әкімдіктерінің жауапкершілігі қатаң сыналды. Облыс басшысы алты айдың қорытындысы бойынша алдағы уақытта шешім шығарылатынын, тоғыз айдың қорытындысы да мұқият қаралатынын жеткізді.

Байзақ және Жамбыл аудандары.

Жанғазы Ахмет

Суреттерді түсірген
Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support