- Advertisement -

Елордаға 50 оқушы ат танды

178

- Advertisement -

Олар бас қаланың көрікті жерлерін аралайды

Астананың 20 жылдығына орай «Қазақстанның киелі нысандарына, соның ішінде Астана қаласына бару» атты республикалық өлкетану акциясы бастау алды. Бұл бастама өңіріміздің үздік 50 оқушысына еліміздің бас қаласына саяхат жасауына мүмкіндік беріп отыр. «Астана – менің Отанымның елордасы» атты әлеуметтік жоба шеңберіндегі бұл сапардың маңызы жоғары. Мұны жас саяхатшыларды шығарып салу рәсімінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов айтып өтті.
Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, бұл топқа республикалық және облыстық олимпиадалар мен түрлі өнер байқауларының жүлдегерлерімен қатар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың, саңырау және құлағы нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» мектеп-интернатының бір топ оқушылары да тартылыпты. Бұл сапар оларға елдің мәдениеті мен тарихын терең зерделеуге жол ашады.
– Елордаға баратын 50 бала біздің қадағалауымызда болады. Балалардың бәрінің көңіл-күйі жоғары, қуанышты. Көпшілігі Астанаға алғаш бара жатқандар екен, – дейді облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың әдіскері Айман Тәжібекова.
Алғаш рет саяхатқа шыққан ағайынды Исламбек, Нұрдәулет Өзібековтер – Меркі ауданындағы №18 орта мектептің озат оқушылары. «Елордаға бірінші рет бара жатырмыз. Қуанып тұрмыз. Отбасында 5 ұл-қызбыз. Інім екеуміз үздік оқушымыз. Мен жақсы оқып, келешекте инженер, робототехника маманы болғым келеді, – дейді Исламбек. Сарысу ауданынан келген Аружан Күлшырақ, жамбылдық Еркемай Қайрат, жуалылық Аружан Өмірбекова да өз сыныптарындағы үздіктер екен. Мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер арасында өтетін республикалық «Жұлдызай» ән байқауының жүлдегерлері Гүлзат Желеубай мен Нұрсұлтан Қарбоздың армандары асқақ. Саңырау және құлағы нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» мектеп-интернатының ұйымдастырушы-ұстазы Мәншүк Қадірбаева тәрбиеленушілерінің Астанаға оқу озаттары, олимпиада жеңімпаздарымен бірге бара жатқанына риза.
Енді олар еліміздің бас қаласын үш күн бойы армансыз аралайды. Атап айтсақ, оқушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің музейіне, «Астана-Бәйтерек» кешеніне, «Ханшатыр» сауда және ойын-сауық орталығына, Тұңғыш Президент кітапханасына, «Хазірет сұлтан» мешітіне, «Алпамыс» этноауылына, әскери-тарихи музейге және басқа да көрікті жерлерге барады деп көзделуде.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support