- Advertisement -

Әнмен өмір сүріп келемін

220

- Advertisement -

– Разия Арғынқызы, бұл күнде сізді белгілі әнші, өнер адамы деп құрметтейтіндер аз емес. Кейде алыста қалған бала күндеріңізді сағынасыз ба?
– Балалық дегенде ең алдымен нағашыларым есіме түседі. Анам Бақытгүл Сексенбай деген ауқатты кісінің жалғыз перзенті екен. Мен өмірге келерде Әбді атам құдағиына уәде берсе керек. Сол уәде бойынша Мақпал деген нағашы апамның бауырында өстім. Бір емес екі нағашы апам болды. Бірі – Сексенбай нағашымның соғыстан оралмаған ұлы Төлегеннің жары Сейдімкүл апам еді. Екеуінің де мен дегенде шығарда жандары бөлек. Сөйтіп Меркінің Сұрат ауылында нағашыларымның қолында білім алдым. 7-сынып оқып жүргенімде Мақпал апам, 9-сынып оқып жүргенімде Сейдімкүл апам өмірден озды. Кейін Ақтоғанға, өз төркініме келіп, 10-сыныпты аяқтадым. Мақпал апамның мейірімін әлі күнге дейін сағынамын. 79 жас жасады. Әлі жүре тұрар ма еді. Сұратта соғыста қаза болғандарға ескерткіш тақта орнатылып, боздақтардың есімдері жазылды ғой. Сол жерде жиын болып «Төлеген Сексенбаев» деп баласының аты аталғанда, Мақпал апам естен танып құлап, жамбасын сындырып алады. Сол сырқатымен біраз төсек тартып жатып, бақилық болды. Бала күндер дегенде, нағашы апамның мейірімімен қатар тағдыр сыйлаған ащы сәттер де ойға оралады. Мұндай тауқыметке толы балалық естен кетер ме?
– Өнер адамы болуға бала күннен бекіндіңіз бе?
– Арғын әкем баян тартып, ән салатын. Дауысы атақты әншілерден еш кем емес еді. Бақытгүл (ауыл ол кісіні «Зағира» деп те атайтын) анам да ән салудан қара жаяу емес. Алайда олар өнермен кәсіби айналысқан жоқ. Әкем базарда саудамен айналысса, анам қызылшашы болды. Олар менің өнер адамы болуыма қарсы болған жоқ. 1976 жылы мектеп бітірдім де Алматыға тартып кеттім. Ол жылы Чайковский атындағы музыкалық училищеге құжат тапсырған едім, түсе алмадым. Келесі жылы опера студиясына Бибігүл Төлегенованың класына түстім. Әйтеуір оны да аяқтауға мүмкіндік болмай, кейін тоқымашы мамандар даярлайтын училищеге құжат тапсырдым. Ақырында Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітірдім. Еңбек жолымды 1981 жылы «Меркі әуендері» ансамблінде бастадым. Жетекшіміз – Әріпбай Мұсапанов еді. 1982 жылы Алтынбек Қоразбаевтың шақыруымен облыстық филармонияға әнші болып қабылдандым. Өнер жолым осылай басталып кетті.
– Халық әні «Угәй-аймен» танылған екенсіз. Дәстүрлі әнге көзқарасыңыз қандай?
– Әулиеата топырағы талай биіктерге қанат қақтырды. Барлық ауданға, көрші облыстарға да концерттік бағдарламамен шығып тұрдық. Алайда мені қазақ жұртшылығына кеңінен танытқан – «Угәй-ай» әні. Мұны алғаш «Хабар» арнасында орындадым. Содан кейін республикалық басқа арналарда да, қазақ радиосында да шырқалды. Рас, көп әндерім эстрадалық бағытта. Десе де дәстүрлі әнге де, дәстүрлі әншілерге де құрметім шексіз.
– Өнердің арқасында шет мемлекеттерге де шықтыңыз, еліміздің барлық өңірін көрдіңіз. Ел өркендеуіне, Отанымыздың дамуына қандай үлес қостым деп ойлайсыз?
– Тағдырыма өнер адамы болуды жазыпты. Сол әніммен өмір сүріп келемін. Мүмкін Отанның өркендеуіне де бойымдағы өнеріммен үлес қосқан шығармын. Оныңыз рас, өнердің арқасында бірнеше шет мемлекетте болдым. Әр елдің бір жақсы жағы бар, бізден төмен тұстары да кездеседі. Тәуелсіз Отанымның әр қадамына шүкір деймін. Елбасы көтеріп жатқан әр бастаманы қолдаймын. Биыл – Астанамыздың 20 жылдығы. Бұл – өте ерекше мереке. Сарыарқа төсінде салынған елордамыздың сәулеті мен дәулеті арта түсті. Көрген адамның көзі тоймайды. Мен осыған қуанамын. Біздің ұрпақтарымыз Қазақстанның аса гүлденген сәттеріне куә болады деп ойлаймын.
– Өмірге сізбен бірге келген қатарластарыңыздың кейбірі сахнаны тастап кетті…
– Ойыңызды түсіндім. Халық қажетсініп жатса, сахнадан кетуге асықпау керек. Бірер жыл бұрын «Бақыт шуағы» атты концертімді Таразда, көрші облыстарда бердім. Қоржынымда 50-60 авторлық әнім бар. Алдағы уақытта тағы 7-8 ән таңдасам, жаңа әндер жаздырсам деймін. Оның көпшілігі Отан, ел мен жер туралы, өмір туралы патриоттық әндер болады. Облыста Анна Вундер, Оңал, Назима, Мадина бар. Маралбек пен Ғани бір төбе. Жас әншілер жеткілікті. Барлығымен де жақсы сыйласып, өнер жолында бірге келеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support