- Advertisement -

Жаздыкүн шілде болғанда…

224

- Advertisement -

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады?

Шіліңгір шілде қашанда жан алқымнан алатыны белгілі. Жаз келе жұрт та аптап ыстықтан қашып, бірі көл, бірі тау, бірі салқын сая жағалап кететіні мәлім. Сырқаттардың қан қысымын көтеретін де осы мезгіл. Қырық күнге созылатын шілде қыспағы кімді де болсын әбігерге салады. Бұл кезде науқастанып қалмау үшін дұрыс режім сақтай білген абзал.
Таяуда ғана Жапонияда аптап ыстықтан үш мыңға жуық ел тұрғыны дәрігерлер көмегіне жүгінгені мәлім болды. Тіпті үш азамат мерт болған. Соңғы күндері еліміздің оңтүстігінде, оның ішінде біздің облыста да күн қатты ыстық болды. Қара терге малшынған адамдардың жүзінен «күннің беті қашан қайтады?» деген сауал аңғарылып тұрады. Аптап ыстықтан әбден зәрезап болған тұрғындарға ауа райының жоғары температурасы кері әсер еткені талас тудырмайды. Мұндайда иммунитеті әлсіз жандар дереу дертке шалдығатыны, кейбірінің қан қысымы күрт көтерілетіні сөзсіз. Тіпті осы мезгілде жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінетіндердің қатары да шамадан тыс артады. Дегенмен облыстық жедел жәрдем медициналық стансасының мәліметіне зер салсақ, биыл жағдай тұрақталған сыңайлы.

– Былтыр бұл мезгілде 18 адам ауырып, бізге түскен болатын. Олардың дені – басынан ыстық өткізіп алғандар. Биыл осы мерзімде бір ғана тұрғын аптап ыстық зардабын тартып, қайырылды. Бұл да болса азаматтардың ыстықтан қорғану жолдарын меңгергенін аңғартса керек, – дейді облыстық жедел жәрдем медициналық стансасы бас дәрігерінің орынбасары Күлзақира Қызғараева. – Осындай ыстық кездерде адамдардың көлеңке жерлерді паналағаны мақұл. Көбінесе аптап ыстық зардабын тартқандардың басы айналады, демігеді, іші ауырады. Сонымен қатар ыстығы күрт көтеріледі. Мұндай кезде ауырған адамды жақындары көлеңке жерге апарып, салқындатып, су беріп, күтіп-баптағаны жөн. Егер іс насырға шауып бара жатса, жедел жәрдем шақыртқаны дұрыс. Дәрігерлерге дер кезінде қайырылмаса, сырқаттың қан қысымы да көтерілуі мүмкін. Тіпті кейбір адамдар жүрек талмасына шалдығуы ықтимал.
Бұдан соң біз республикалық «Қазгидромет» мекемесінің облыстық филиалына хабарласып, күн райының алдағы уақытта қандай болатыны туралы сұраған едік. «Өткен тәуліктерде ауа температурасы 34-39 градусқа дейін жоғарылады. Тіпті кейбір жерлерде, нақтырақ айтсақ, Мойынқұм, Ұланбел, Саудакент ауылдарында ауа райы 42 градусқа дейін ысыды. Бұл жағдай Орта Азия құрлығындағы күннің қатты қызуы салдарынан орын алды. Алдағы күндері атмосфералық фронттармен бірге Ресейдің Еуропа бөлігінен салқын, дымқыл ауа жетеді деп күтілуде. Салдарынан күннің қызуы әлсірейді деп болжануда. Анығырақ айтсақ, 12-13 шілде күндері кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Сол кезде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал» – деді алдағы тәуліктерде күтілетін ауа райы туралы өз болжамын білдірген инженер-синоптик Жанат Маткерова.
Жаздың шілдесі ұзаққа созылатыны әлімсақтан аян. Ендеше, сақтық шараларын сақтағанның еш артықтығы болмасы анық. Мұндайда қазақ: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп текке айтпаса керек. Бастысы дәрігерлер айтқан кеңеске құлақ түрсеңіз, ауру-сырқау атаулыдан аман болатыныңыз ақиқат.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support