- Advertisement -

Көгершіндіктер көршілерінен су сұрап ішіп отыр

172

- Advertisement -

Ауызсу ауылдағы қауымға толық жету үшін не істеу қажет?
Бүгінде Т.Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылдық округінің бірқатар тұрғындарын осы сауал әбден сансыратқандай. Олай демеске, амал жоқ. Өйткені ауылға тартылған ауызсудың игілігін көгершіндіктер түгелдей көре алмауда. Елді мекендегі С.Тәуірқұлов, Н.Биғазиев, Абай көшелерінің тұрғындары жаз айының аптап ыстығының азабын ауылдастарына қарағанда еселеп тартып жатырмыз деп қапалы. Шынында да, шіліңгір шілдеде көшедегі ауызсу құбырларынан тамшы тамбай, кенезесі кеуіп тұрғанын көзге елестетудің өзі оңай емес.
Иә, Көгершіндегі аталған үш көшенің тұрғындары ауылдастарынан су сұрап ішуге мәжбүр. Әсіресе, күн қақ төбеден төнетін қазіргідей жаз айларында судың қажеттілігі еселеп артатыны белгілі десек, ерлер арбамен, әйелдер шелекпен, балалар баклажкамен су тасып әлек. Бұл мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ, осымен үшінші жыл қатарынан қайталанып отырған ауыз судың таршылығы ауылдықтардың жанайқайына айналған. Енді ше, маусым шықпай тартылатын судың «жырын» жергілікті басшыларға айта-айта тағаты таусылған олар талай есікті қағумен табандарын тоздырған.
– Біз осы мәселені көтергелі бері үшінші жыл, ешқандай нәтиже жоқ әлі. Жергілікті басшылар «үйтеміз, бүйтемізден» аспайды. Күн болса ысып, жанып тұр. Шөл қысқан соң көрші көшелерден су тасуға мәжбүрміз. Тасып ішкен су шөлімізді қайбір басады дейсің. Мал да, бау-бақша да суға зәру. Бәрі кеуіп тұр. Құрығанда арықтың ағын суы да жоқ. Өзім науқастығыма қарамай айтарлықтай қашықтықтан қос шелекпен су көтеріп келемін. Келінім де жақында ота жасатып шыққан. Ауыр көтеруге болмайды. Ерлері жұмыста болған, мен секілді үлкендер шелек арқалауға тура келеді, – дейді зейнеткер Гүлдана Пірімбетова. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Рахима Икимбаева да мүгедектігіне қарамастан су тасып, күнелтіп отыр екен.
– Өзім көп балалы анамын. Қазір үйде жеті немерем бар. Жолдасымның да денсаулығы жоқ. Көп адам болған соң су да көп керек екені белгілі. Үйдегі төрт түлік пен бау-бақшаны айтпағанда, өзіміздің жуынып-шайынғанымызға да су тапшы. Сұрап ішкен судың берекесі болмайды. Жылда осы, жаз шыға бастағанда қыстай ағып тұрған суымыз тартылып, су колонкалары кеуіп қалады. Біздің жер тастақ. Өз бетімізше жер бұрғылап, су шығару мүмкін емес, – дейді Р.Икимбаева. Ол ғана емес, көше тұрғындары ауласынан ақпаған суға ақы төлеп отырғанын да жасырмайды. Адам басына 230 теңгеден жинайтын аудандық «Таза су-2014» коммуналдық кәсіпорнына қарасты контролер «Аулаңнан ақпаса да, ауылдың суын ішіп отырсың» деп, чек шығарып, төлемесіне қоймайтын көрінеді.
Айта кету керек, Көгершін ауылында 694 түтін, 3600-дей халық болса, аталған С.Тәуірқұлов, Н.Биғазеев, Абай көшелерінде 100-ге тарта шаңырақ бар. Онда орташа есеппен 500-дей халық тұрады десек, бұл елді мекен халқының он бес пайызына жуық көрсеткішті құрайды.
Осы ретте, «Бүтін ауылға келіп тұрған ауызсу, үш көшеге неге жетпейді?» деген сауалдың тууы заңдылық. Ауылдың тау беткейінде орналасқанын ескерсек, аталған көшелердің өзгелерден биікте жатқаны мәселенің әу бастағы өзегі болған-мыс. Талай жылдан бері тау бұлағынан тартылған су түгелдей жетіп тұрғанымен, кейіннен бұлақтың суы азаюына байланысты қысымның төмендегені бұл түйткілдің туындауына себеп болған. Осыны ескерген жергілікті басшылар екі жыл бұрын қосалқы құбыр жүргізіп, ауылдың қырдағы бөлігін сумен қамту мәселесін шешуге тырысқан. Сәтті жүргізілген жұмыстардың игілігін тұрғындар көріп үлгергенімен, қуаныш көпке созылмаған. Қосалқы құбырдан ақау шығып, мәселе қайта ушыққан. Оның зардабын тағы да қарапайым халық тартып отыр. Мән-жайға анығырақ қанығу үшін Көгершін ауылдық округінің әкімі Сақтасын Тастановқа хабарласқанымызда, жағдайдың жан-жақтылығына көз жеткізгендей болдық.
– Біз бұл мәселені жуық арада шешуге тырысып жатырмыз. Екі жыл бұрын жүргізілген қосалқы су құбыры тесіліп, жарамсыз болып қалған. Ал оны жөндеп, қайта іске қосу үшін техникамыз да, бригада да дайын. Алайда тесілген жер «Таңат» шаруа қожалығының иелігінде болғандықтан кіруге мүмкіндігіміз болмауда. Жеке шаруа қожалықпен келісімге келу қиынға соғып жатыр. Бұл мәселеден аудан басшылығы да хабардар. Бұйыртса алдағы уақытта бір жолын тауып, шаруа қожалықпен түсінісеміз деп ойлаймын, – дейді С.Тастанов.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, екі жыл бұрын аталған «Таңат» шаруа қожалығының жерінен құбыр рұқсатсыз жүргізілгені анықталған. Сол кездегі ауыл әкімі Венера Биғазиева қожалық жетекшісі Т. Құдайбергеновке тек ауызша ескерткенімен, құжат жүзінде келісімін алмаған. Осыдан келіп жағдай шиеленісе түсіп, мәселе сотқа дейін жеткен. Ал Сақтасын Тастанов ауызсу азабын тартып отырған халық үшін Т.Құдайбергеновтің иелігіне қарасты жер аумағындағы қосалқы құбырды жөндеуге рұқсат алса, бәрі ойдағыдай болатынына сендіруге тырысты.
Қалай десек те, су – тіршілік көзі. Таза су – тән саулығы, жан рахаты десек, бүгінде тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету жолында арнайы бағдарламалар қабылданған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов те жыл басында алқалы жиында тиісті басшыларға өңірдегі ауыз су мәселесін алдағы жылдары толығымен шешу жолдарын қарастыруды тапсырған болатын. Ендеше, жалпы көгершіндіктер үшін тіршілік көзін қолжетімді ету неге қолбайлау болып отыр? Тараптардың түсініспеушілігінен неге тұрғындар зардап шегуі керек? Тиісті басшылар осы мәселені тезірек қаперге алып, бір шешімін тапса дейміз. Әйтпесе, ауылдағы суға аузы жетпеген қауымның аптап ыстықтағы ащы жанайқайына кім құлақ түреді?..

Жанғазы Ахмет

Көгершін ауылы,
Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support