- Advertisement -

Жауынгерлер төтенше жағдайға дайын

254

- Advertisement -

Күні кеше «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы Оңтүстік Қазақстан филиалының жылдық жоспары негізінде кең көлемде кешенді оқу-жаттығу өтті. Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе елді мекенінде орналасқан жерасты газ сақтау орны «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық кәсіпорнында өткен оқу-жаттығу жиынына 6 мекемеден 61 адам, 11 арнайы техника қатысты.

– Бүгінгі оқу-жаттығудың мақсаты – апаттың алдын алу және апаттың жойылуын толық қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бізде белгіленген жылдық жоспар бойынша өткізіліп отыр. Мұндай жиындар әр жыл сайын әртүрлі тақырыпта бір рет өтіп тұрады. Дәл қазіргі оқу-жаттығуға инженерлік-техникалық, апатты жағдайда құтқару және кезекші-бақылаушы қызметтерімен қоса магистралды газ құбырларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуші Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұжымы қатысуда. Бұдан бөлек, «Сауыт» сөндіруші ұжымы мен кез келген жерасты газ қоймасындағы мамандандырылған авариялық қызметтері жұмылдырылған, – дейді азаматтық қорғаныс объектілер бөлімінің командирі Наурызхан Шырымхан.
Айта кету керек, аталған жаттығу кезінде арнайы бақылаушылар жеке құрамның қауіпсіздік шараларын сақтауын ерекше назарда ұстады. Іс-шара жоспарға сәйкес нақты авариялық жағдайда өрбігендіктен, төтенше жағдай орын алғанда дәрігерлер зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ мұнда америкалық жаңа апаттық арнайы жабдықтардың көрсетілімі өтті.
– Біз америкалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілгенбіз. Мұндай заманауи жабдықтар бізге кез келген уақытта техногендік апаттар орын алған жерге тез арада баруымызға және қысқа мерзім ішінде апатты жоюымызға мүмкіндік береді, – дейді құтқарушы жауынгер Роман Конысмонов.
Ал генерал-майор Диханбек Сатылғановтың айтуынша, бұл оқу-жаттығу жиыны құтқарушылардың мұнай-газ тасымалдау саласындағы орын алған кез келген техногендік авариялардың алдын алып, көзін жоюына 100 пайыз дайын екенін дәлелдеген.
– Жалпы, бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жеке құрамның авариялық жағдайларға дайындығын бағалау. Сонымен қатар аталған құрамның төтенше жағдайлар кезіндегі машықтарын жетілдіру. Мақсат орындалды. Біз көздеген межемізге жеттік, – деді ол.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support