- Advertisement -

«Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден»

417

- Advertisement -

Бара-бара қазақ қызы дегенде кімді көрсетерімізді білмей қалмасақ болды. Еуропа мəдениетіне еліктеген жастардың рухани дағдарысқа ұшырағаны соншалық, қыздардың киген киімінің де тоз-тозы шыға бастады. Қысқа юбка, жыртық джинсы кию қазір біз үшін таңданатын дүние емес. Керісінше сәнге айналды.
Қыздардың сөйлеу мəнері, жүріп-тұруы, киім кию əдебі эволюцияға ұшырағаны жайында аз айтылып, аз жазылып жатқан жоқ. Бірақ бұрынғыдай тентегін тезге салмаса, ауыл атына сын деп білетін ата-апаларымыздың ақылын елемейтін болған соң ба, айтылған сөз айтылған жерде қалуда. Осыдан кейін «көзінің мөлдірі мен биязы мінезі, ибалылығы барша жұртты тамсандыратын қазақ қызы қалай өзгеріп кетті?» деп күрсінесің іштей.
Бүрмелі көйлек киіп, қос бұрымына шашбау таққан кездер қандай. Қазір сол күндерді тек сағына еске алатын болғанымыз ба? Мейлі, заманына сай киінсін-ақ, әйтсе де сән сондай екен деп, ашылып-шашылудың қажеті қанша? Ер адамның алдынан кесе көлденең өтпейтін қазақ қызының әдеп-ибасы жоғалып, жыртылған киіммен бірге «жұқарып» кеткендей ме, қалай?
Бұрын қазақ қыздары дегенде, оларды үлкеннің сөзін бөлмейтін, астарлап айтқан ақылдан тағылым алатын, кішіге қамқор болып, мейірімнің үлгісіне айналған инабатты ару деп сипаттайтынбыз. Бір үйдің ошағын жағып, түтінін түтеткен аналарымыз берген тəрбие осы болатын. Қазіргі қыздарымызды сөзбен бейнелесек, бетіне батпан бояу жағып, түрлі бағдарламаларға түсіп, бет жұлысып жататын, сонысына масаттанған бойжеткендерді көреміз. Көгілдір экран алдында бірі жігітке таласып жатса, енді бірі ақшаға сатылып жатқанын көру – бізге таңсық жағдай болмай отыр. Өкіндіретіні де – сол.
Бүйте берсек, күндердің-күнінде «Заманауи шаш үлгісі», «Қазіргі сәнге сай киім үлгісі», «Заман талабына сай образ» деген ұғымдар бізді жарға жығары анық. Сондықтан заман, заман демей, осы сөздердің астарына үңіліп алғанымыз жөн шығар. Рас, көпке топырақ шашпаймыз, бүгінде қамзол мен кимешек киетін қыз-келіншектер де жоқ емес. Соларды көргенде кестемен көмкерілген қамзолдың сонау ғасырлардан бері өз құндылығын жоғалтпағанына қуанамыз. Бүгінде заманауи киімдерге құмар жандарға да тігілетін қамзолдың түр-түрі бар.
Қызылды-жасыл оюмен əдіптелген қамзолдар сыпайылық сақтауға сеп болатыны анық. Қалай киінсек те, жарасымдысын таңдап, қарапайым көрінуді ойлаған жөн. Осындайда абыз Абайдың: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген сөзін естен шығармасақ деймін.

Фариза САПАРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support