- Advertisement -

Болашаққа хат

228

- Advertisement -

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» атты жас авторлар арасында облыстық шығармашылық байқау өткізген болатын. Осы байқауда «Әдеби строителлинг» аталымы бойынша бірінші орынды облыстық «АрАй» жастар газетінің тілшісі Айжан Өзбекова жеңіп алды. Ал жүлделі екінші орын Жадыра Мырзабайға бұйырды. Газетіміздің «Маздақ» бетіне аталған конкурстың ең жас қатысушысының шығармасын жариялауды жөн көрдік.

* * *
– Астана – арман қала ғой.
– Иә, аға, менің де арманым – Астана қаласында оқу.
– Арманыңа жет. Елбасының: «Елдік пен тәуелсіздіктің киелі көк туын ХХI ғасырда асқақтата желбірететін – жастар сендер боласыңдар», – деп жас жеткіншектерге зор сенім артқанын білесің ғой өзің. Сенің де Астананы көркейтетін, Отаны үшін қызмет ететін тұлға болып қалыптасуыңды тілеймін. Елбасының сенімін ақтар саналы жастың бірі бол. Адамдықтың қарызы үшін, Отаның үшін еңбек қыл!
Бала кезімде Әнұранды дүйсенбі сайын қайталайтынмын. Жаттанды әуен қайталана бере кеудемде сақталып, әрбір сөзі алтын әріппен жазылып қалды. Содан болар, елдің рухын көтеретін шараларға қатыссам, жүрегім атқақтап, кеудеме сыймай, толқып кетемін. Есімі елге таныс қаламгер ағаның осы сөзі тіпті көңіліме қанат бітіргендей. Әрдайым тілекші боп жүретін жарқын жүзді ағамыздың үміт-сенімі балауса көңіліме бірден ұялады. Біз де кейінгі толқын – жас жеткіншектерге «Елге қызмет ет!» деп, жылы лебіз білдіріп, жігерін жанысақ, рухты сөздерді жиі қайталап жүрсек, ғанибет қой. Сәби кезінен Әнұранымызды тыңдатып, Отанның, елдің, жердің қасиетін ұғындырсақ деймін.
Осыдан кейін мен болашақ астаналықтарға хат жазуды жөн деп шештім. Өзімнен кейінгі жас буынға былай сөз арнадым: Астана Астана болғалы даму үстінде, өсіп, өркендеп келеді. Биік-биік көз жауын алатын ғимараттар алыстан көз тартады. Ал осы елдің ертеңіне сенімді жастарының армандары осы ғимараттардан да асқақ, мақсаттары үлкен. Еркелеп аққан Есілдің бойындағы Астанамыздың кемел келешегі, міне осы өскелең жас ұрпақтың қолында.
Астана қаласының атауы елдің Бас қаласы дегенді білдіреді. «Астана» сөзі парсы тілінен алғанда «киелі орын», «босаға» деген мағынаға ие. Біз де сол киелі орынды көзіміздің қарашығындай аялауымыз керек. Жас мемлекеттің жаңа Астанасын салу идеясының авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Біз ең алдымен осы тұлғаға алғыс айтуымыз қажет. Сарыарқаның төсінен, Еуразияның жүрегінен осындай асқақ қаланы салу оңай болған жоқ. Қаншама адам еңбек етті, тер төкті. Оның тарихына үңілсек, Астана қаласының кешегісінен Бозоқ шаһарын көреміз.
Арабтар қазақ даласын «Дешті Қыпшақ» деп атаған. Ертеде бұл жерді қыпшақ тайпасы мекен еткен. Бозоқ осы хандықтың ордасы болған. Археологтардың айтуынша, Астананы ежелгі адамдар ашель-мустье кезеңінде мекендей бастаған, табылған тас құрал-саймандарға сүйенсек, сол кезеңде арғы аталарымыз аңшылықпен айналысқан. Келе-келе жабайы хайуанаттарды қолға үйреткен, мыс қорытқан. Осылай тарих көші ілгері жылжып, Бас қаламыздың кірпіші қаланған.
Елбасының былай деп айтқаны бар: «Мен – өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын». Ұлт Көшбасшысының осы айтқаны асқан патриоттық сезімге шақырып тұрғандай.
Қай кезде де ұлтқа қызмет ететін шын жанашыр керек. Қаланы көркейту үшін Елбасы аянбай еңбек етті. Тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат қажет болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек. Сондықтан сендер, болашақ жас астаналықтар, елдің дамуын, одан әрі гүлденуін көксеңдер. БӘА-ның астанасы – Дубай қаласы әсем қалалардың бірі. Сырттан қарағанда ғажап, көп туристер сол қалаға кетіп жатыр. Барғандардан сұрай қалсаң ең алдымен айтары – субұрқақтары. Құмды жерде қандай су деп таңқаларыңыз анық. Жасанды арал жасағандай көрінеді.
Мен 2017 жылы елордаға EXPO көрмесін тамашалауға бардым. Астананың асқақ, биік ғимараттары елдің ертеңі жастарды зор үмітпен қарсы алғандай сезілді. Қаланың көркі көз тартарлық. Есілге бардым. Шетелдің кез келген жасанды аралынан әлдеқайда тамаша көрініс, әсер сыйлайды. Бәрі көңілді, ешбір адамның қабағынан мұң көрмейсің. Еңсенің тіктелген кезін, тәуелсіздіктің алтын ғасырын сезінесің. Іштей осы Сарыарқаның төрінде жайнаған Астананың мәңгілік өркендеуіне, өсуіне үлес қосуға сөз бердім өзіме. Бас қаланың ары қарай өркендеуі біз секілді жастардың қолында екенін түйсіндім. Елбасының артқан сенімін ақтауға ұмтылдым. Мұндай жауапкершілік сезімі сендердің де жүректеріңде атойлап тұруы тиіс, жас ұрпақ!
Өткен уақытқа тәубе жүреді. Ертеңгі күнге сенейік!

 

Жадыра МЫРЗАБАЙ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support