- Advertisement -

Сән әлеміне өз қолтаңбасымен енген айдархан

533

- Advertisement -

Ұлттық оюлар мен нақыштарымыздың терең философиялық мәні бар. Қазақстан сән индустриясының кәсіби деңгейінің дамуына дизайнерлердің қосып отырған үлесі зор. «Нео-фольклор» стилін дамытып, оны әлемге танытуды көздеген жерлесіміз Айдархан Қалиев жақында Берлин қаласында өткен халықаралық сән апталығына қатысып, өзінің топтамаларын әлем назарына ұсынып келді. Танымал дизайнерден бұл доданың мәні мен маңызын және өзі туралы білу үшін аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Берлинде өткен сән апталығы туралы толығырақ айтып өтсеңіз?
– Жыл сайын қаңтар және шілде айларында Берлин қаласы халықаралық сән алаңына айналады. Сән апталығына 100 мыңнан астам сән майталмандары, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және көптеген қонақтар келеді. Бұл үлкен додада 40-тан астам беделді және жас дизайнерлер өз топтамаларын ұсынады. «Berlin fashion week»-ке «Тараздық күмістен жасалған бишіге арнау» деп аталатын топтамамды апардым. Бұлай атауымның өзіндік сыры бар. Осыдан 50 жыл бұрын Жамбылдың орталық стадионында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде үнді бишісінің күмістен жасалған мүсіні табылған екен. Бұл X-XI ғасырларға тиесілі жәдігер бүгінде қаламыздың археологиялық құнды мұраларының қатарында. Осы топтамамды жасау кезінде бір ғана жасыл түсті негізге алдым. Қою және қанық жасыл түсті – барқытқа, даламыздың шөбі түстес жасыл түсті – жібек маталарға қолдана отырып, қазақтың ұлттық ою-өрнектерін күміс түстес тігістермен сәндедім.
– Бұдан өзге халықаралық білікті сән шеберлерінің байқауларына жиі қатысып тұрасыз ба?
– «Асыл-дизайн» сән үйі 1993 жылы ашылған болатын. Содан бері Алматы, Бішкек, Берлин, Париж, Ташкент, Баку, Мәскеу, Куала-Лумпур, Рига, Шанхай, Лондон, Варшава, Стамбул, Амстердам, Милан қалаларында және Испания, Сербия елдерінде өткен сән апталықтары мен фестивальдеріне қатысып келеді.
– «Нео-фольклор» стилін таңдауыңыздың сыры неде?
– «Нео-фольклор» стилінің ерекшелігі – ұлттық киім үлгілеріне заманауи нақышты қолдану арқылы әлемдік сән үлгісіне өз қолтаңбаңды қоса алатыныңда. Менің ойымша, киім өндірудің міндетті шарты – инновациялық технологияларды енгізу. Сонымен қатар бұл стильде Шығыстың философиясы және Еуропаның жайлылығының тепе-теңдігі қатаң сақталады.
– Тапсырыс кімдерден көп түседі?
– Қарапайым қаракөз қарындастарымыздың тапсырысымен қатар, аты әлемге әйгілі өнер жұлдыздарынан, атап айтатын болсам, сахна киімдеріне опера әншісі Майра Мұхамедқызы, «Наз» мемлекеттік би театры, ұлттық аспаптар ансамбльдері, шығармашылық ұжымдардан көптеген ұсыныстар түсіп жатады.
– Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныңызға қанша жыл болды, алға қойған мақсатыңыз қандай?
– Анамның өзіне орамалдар, сырт киімдер таңдауы, әртүрлі ұлттық үлгімен тіккен киімдері маған ерекше ұнайтын. Анамның өнерге деген сүйіспеншілігі мен әкемнің кәсіпкерлік қасиеті маған 1993 жылы «Асыл-дизайн» сән үйін ашуыма ықпал етті. Өзімнің мамандығым экономист бола тұра, жүрегім қалаған іспен айналысу маған үлкен табыстар мен жетістіктер алып келді десем болады. Яғни, экономикадан студенттерге дәріс оқи жүріп, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін тігумен, оларды сатылымға шығарумен айналыстым.
Басты мақсатым – сән әлемінде өз қолтаңбамды қалдыру. Менің ұлттық нақыштағы сәнді киімдерімді күнделікті тұрмыста киетін арулар қатары артса деп армандаймын. Отанын сүйетін, ұлттық дәстүрді құрметтейтін жандардың қатары көбеюіне өз үлесімді қоссам деймін.
– Дизайнер мамандығын таңдағысы келетін, бірақ батыл қадам жасай алмай жүрген жастарға айтарыңыз бар ма?
– Әркімнің өз қолтаңбасы болу керек деп есептеймін. Дизайн саласында жүргеніме 30 жылдай болды. Дизайнер болсам деген ниет, тілек, тіпті сенім де аздық етеді. Біздің салада таланттың үлесі 10 пайыз ғана, қалған 90 пайызы тек еңбекпен келеді. Бұл – өте қиын әрі күрделі кәсіп. Мәселе қомақты қаржыда да емес.
Дизайнер ең алдымен стратег болуы керек. Бұл өзі шахмат ойыны сияқты. Қандай жүріс жасайтының анық болуы тиіс. Не керек екенін білу және тез шешім қабылдай алу да аса маңызды. Сән әлемінде жетістікке жету үшін «былай істеу керек» деп тап басып айта алмаймын. Әркімнің өсу, өркендеу жолы әртүрлі, оны өзі таңдайды. Бәріне ортақ бір талап жоқ деуге де болады. Мәселен, біреулер сән әлеміне қатысты журналдарда стилист болып жұмыс істейді. Енді біреулері жеке тапсырыстар негізінде үй-үйді аралап, қызмет көрсете жүріп, үлкен жетістікке жетуі мүмкін. Қалай болғанда да, бұл – шығармашылық. Шығармашылық болғаннан кейін оның басты шарты – әркімнің өз қолтаңбасының болуы. Бәріміздің істеп жүргеніміз бір тірлік сияқты көрінгенімен, бір-бірімізден айырмашылығымыз көп. Тіпті, түс таңдаудың өзінде де. Біреулер ашық түстерді ұнатады, енді бір дизайнерлер «салмақты» түстерді құп көреді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Камила БОРАШОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support