- Advertisement -

Обшым, деда, ауырма!

220

- Advertisement -

Таңертеңнен аурухананың қарбалас тіршілігі ерте басталды. Бірге әңгіме айтып, уақыт өткізетін әлдебіреуді күтетіндей, мына көңіл құрғыр. Осыны ойлағаным сол-ақ екен, бір жас жігіт кіріп келді. Өзіне ыңғайлы бір орынға жайғасып алғаннан кейін, жөн сұрасып, таныстық. Есімі Жантөре екен. Жасы – жиырма екіде. Менен біраз үлкендігі бар. Біз әңгімелесіп отырғанда, мейірбике ұлты орыс бір қарияны ертіп келіп, маған қарсы тұрған төсекке орналастырды. Келгені бүгін қасымдағы палаталас досымның іші пысып үлгеріпті. Қария кірер-кірместен:
– Жақсы болды ғой, ішіміз пыспайды енді, бұл кісілердің әңгімесі қызық болады, – демесі бар ма, кәнігі бір көріпкелдерше.
– А-а…
Ішімнен «мына жігіттің орысшасы жақсы болды-ау шамасы» деп қоям.
Орыс атам алда-жалда менен бірдеңе сұрай қалып, азды-көпті білетін орысшам таусылып жатса көмектеседі деген ой ғой менікі. Атамыз біз ойлағандай, бірден әңгіме айта қоймады. Орнына жайғаса салысымен, теріс қарап жатып қалды. Әне-міне дегенше түскі астың да уақыты болды. Түстеніп болып, ыдыстарымды көтеріп палатаға келсем, Жантөре мен орыс атам сөйлесіп отыр. Әңгімелеріне құлақ түрдім.
– Деда, ты сколько? – дейді Жантөре.
Әлгінің басы жоқ, аяғы жоқ тосын сұрағына орыс атам да түсінбей абдырап қалды. Содан соң оның не сұрағанын ойша шамалады білем.
– Восемьдесят два, – деді.
– А-а… – деп маған қарап, – «Восемсять два» деген қанша? – деді.
– Сексен екі, – дедім.
«Сенген қойым сен болсаң», дегендей болды ғой, тілмаштыққа жарайды деген жігіттің менен сұрағаны. Енді қайттік? Бір сәтке ойланып кетіппін, Жантөренің тағы бір «орысшасы» қайта селт еткізді.
– Деда, мне двадцать два. А ему, – деп саусақтарымен санап тұрып, – семьдесят, – деп қойып қалды. Атам «мынау не айтып тұр?» дегендей маған тесіле бір қарап, қолын бір сілтеді.
Ыдысымды қоя салып Жантөреге:
– Өй, семьдесят дегенің не? Мен жетпісте емеспін ғой. «Семнадцать» демейсің бе, мен он жетідемін, – дедім қызарақтап.
Бірте-бірте екеуі осылай там-тұмдап сыр тартып, ептеп әңгімелесетін болды. Қайтесің енді, жатып-жатып зерігесің. Ауруханадағы жақсы ермектің бірі осы жаныңдағылармен әңгіме-дүкен құру ғой.
Бір күні Жантөре ауруханадан шығатын болып, менімен қоштасып, кезек орыс шалға келгенде:
– Деда, я домой, – деді.
– А че тебе здесь не нравился? – деді ата.
– Нет, нравился. Проста устала, – дегенде еріксіз күліп жібердім.
Ол да бірдеңені дұрыс айтпағанын сезіп: – Всё, деда, давай. Будьте счастливым. Ой, общым деда, ауырма, – деді де палатадан шығып кетті.
Езуім екі құлағыма жетіп палатада қала бердім…

Бек ЖАҢБЫРБАЙ,
Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support