- Advertisement -

Маңдай тердің өтеуі – тау боп үйілген дән

452

- Advertisement -

Қазір егістік алқабында еңбек көрігі нағыз қызған кез. Шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамастан, шаруалар тыным таппауда. Бар мақсаттары – сабағы толып, піскен егіннің бір түйір дәнін шашау шығармай жинап алу. Күзгі және көктемгі науқандық жұмыстар кезінде төккен тердің жемісін көру үшін тағы да бел жазбай еңбек ету керек.
Егін ору науқанының барысын барлап, шаруалардың жай-күйін білу үшін облыс әкімі жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов және Байзақ аудандарына барды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов көрші жатқан екі аудандағы масақты дәнді дақылдарды жинау, сондай-ақ жазғы дала жұмыстарының барысымен танысты.
Ең алдымен Асқар Исабекұлы іссапарды Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайтты елді мекеніндегі «Шәушен» шаруа қожалығының тұқым шаруашылығының жоғарғы репродукциялы күздік бидай алқабына атбасын бұрды. Алқапқа орақ түскелі біраз болыпты. Комбайншылар уақытты үнемді пайдалануға тырысуда. Себебі олар 4 мың гектар жаздық, тағы 4 мың гектар күздік бидайдың дәнін шашау шығармай, жинап алуы тиіс.
Жалпы 1996 жылы құрылған «Шәушен» шаруа қожалығының негізгі бағыты – асыл тұқымды мал және егін шаруашылығын дамыту. Жер көлемі 26 мыңнан аса гектарды құраса, оның 11 мың гектарға жуығы егістік алқабы екен. Биыл ораққа түсетін 8 мың гектар алқапқа 22 трактор, 12 жүк көлігі, 9 комбайн дайындалыпты. Техникалармен толық жарақталған шаруа қожалықта 175 адам жұмыспен қамтылған, жалақылары орташа 120 мыңды құрайды. Қожалық басшысының жұмысшыларға қолайлы жағдай жасағанының арқасы бүгінгі күні шаруашылықтың ісі алға басып, иелігіндегі мал саны 52 мың қойға, 2620 жылқыға жетіп отыр. Дегенмен шаруа қожалық басшысы ет өндіретін база салып, шаруашылығын әрі қарай өркендеткісі келеді. Науқандық жұмыс барысын таныстырған Сайранбай Дөненбаев облыс әкімінен жақын маңнан жер қарастыруға ықпал етуін сұранды.
Қожалық басшысының ет өндіретін жаңа база салудағы мақсаты – мал өнімін толық кәдеге жаратуға жол ашу. Расында бүгінгі таңда ет қабылдайтын комбинаттар сойылған малдың бас сүйегін, терісін, ішек-қарнын қабылдауға құлықсыз. Ал бұл мал өнімінен пайда тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған «Шәушен» сынды шаруа қожалықтарға кедергісін келтіруде. Осыны ескерген облыс әкімі ауыл шаруашылығы бойынша салалық орынбасары мен басқарма басшысына таяу арада жер қарастырып, сойылған малды толығымен кәдеге жарату үшін комбинат салудың тиімді жолдарын табуды тапсырды. Сонымен қатар облыстағы ет экспорты жұмысын одан әрі дамыту үшін етті уақытша сақтау базасы мен ет мұздататын камераларды жаңарту қажеттігін қадап айтты.

Жалпы биыл Т.Рысқұлов ауданында ораққа түсетін 86 мыңға жуық гектар егістік алқабы бар. Оның 36 мың гектары – күздік бидай, 3 мың гектары – жаздық бидай, 47 мың гектары – жаздық арпа. Сондай-ақ масақты дақылдың орағы аяқталғаннан кейін 17 мың гектарға жуық мақсары дақылы орылып, жиналатын болады. Қазіргі уақытта ауданда «Ақбұлақ», «Нұрдәулет», «Раушанбектегі», «Құлбарақ», «Луговой жылқы зауыты» ЖШС секілді шаруа қожалықтар егін орағы жұмыстарын бастап кеткен. Тынымсыз еңбектің арқасында 10 мың гектары орылып, орташа өнімділік 23-24 центнерден асты. Аудан бойынша егістікте 77 комбайн егін оруда. Мұнан өзге науқандық жұмысқа әртүрлі маркадағы 80 доңғалақты трактор, 170 автокөліктер, 42 су таситын көлік жұмылдырылған. Орақ 393 шаруашылықта жүргізіледі деп күтіліп, 25-28 күнде аяқтау межеленіп отыр.
Өңір басшысы атбасын бұрған келесі нысан Байзақ ауданы, Суханбай ауылдық округіндегі «Талап» шаруа қожалығы болды. Бұл қожалық 1996 жылы құрылған екен. Шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал айлық жалақылары орташа есеппен 70 — 75 мың теңгені құрайды. Жалпы жер көлемі 1500 гектарға жуық болса, оның ішінде 700 гектары – егістік алқаптары. 33 ауыл шаруашылық техникасы бар.
Сапар соңын Асқар Мырзахметов Бурыл ауылдық округіндегі «Яшар» шаруа қожалығында тәмамдады. 1997 жылы құрылған «Яшар» шаруа қожалығында бүгінде 25 жұмысшы нәпақасын тауып отыр екен. Жер көлемі – 94 гектар, ал жұмысшыларының жалақысы – 70-75 мың теңге.
Аталған шаруа қожалық басшыларына ортақ бір мәселе бар екен. Ол – өндірген өнімді тиімді бағаға өткерудегі кездесетін кедергілер. Олар облыс әкіміне осы түйткілдің шешімін табуға ықпал етуді өтінді. Мәселен, шаруалардың айтуынша, Қант зауыттары диқандардың еңбегін елемей, бағаны 8 теңгеге дейін түсіріп жіберген. Асқар Исабекұлы бұл мәселенің оңтайлы шешу үшін шаруа қожалықтар бірігіп, қант шығаратын цех салудың тиімді мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Облысымызда биыл дәнді дақылдардың шығымдылығы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Шамамен 260 мың гектар дәнді дақыл егілсе, оның 150 мың гектары – арпа, 100 мыңға жуығы – күздік бидай. Ал күтілетін орташа түсім – 23-25 центнер. Қазірдің өзінде кей шаруашылықтар гектарынан 30-40 центнерден өнім алуда. Жалпы түсім 750 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 мың тоннаға жоғары.
Ал техникаға келер болсақ, облыста егін орағы, себу жұмыстарына, бидай тасуға, жалпы ауыл шаруашылығы жұмыстарына 2800-ге жуық техника тартылды.

Суреттерді түсірген
Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support