- Advertisement -

Сауда дүңгіршектері сәнімізді бұзбаса

153

- Advertisement -

Бүгінде облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту, нарық бағасын тұрақтандыру ісі қызу қолға алынуда. Оның бір мысалы облыс орталығы саналатын Тараз қаласының көшелеріне бір типтік дүңгіршектер соғу десек, қателеспейміз. Бұл бағыттағы дайындық жұмыстары, талдап-саралау шаралары облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей назарында. Осыған қатысты облыс әкімдігінде өткен жиын барысында өңір басшысы тиісті тұлғалардың баяндауын тыңдап, нақты тапсырмалар берді.
Бір типтік заманауи дүңгіршектер соғу шын мәнінде нарық бағасын тұрақтандырып қана қоймай, Тараз қаласының эстетикалық келбетін бір жүйеге келтіруде, жаңа жұмыс орындарын ашуда да үлкен мәнге ие. Тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету – оның негізгі мақсаттарының бірі. Тиісінше мұнда кәсіпкерлер мүддесі де ескерусіз қалмақ емес. Айталық, жоспарға сәйкес, заманауи сауда орындары салынатын жерлер кәсіп иелеріне 7-10 жылға жалға беріледі деп күтілуде.
Жиында осы орайда атқарылып жатқан шаралар барысын баяндаған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК басшысы Нұркен Шарбиев өз тараптарынан тек жерді жалға беру жұмыстарын ғана атқаратындығын тілге тиек етті. Ал қалған жұмыстар кәсіпкерлердің өз еркінде екен. Бір типтік дүңгіршекті өзі соға ма, сатып ала ма, ол жерде қандай тауарларды сатылымға шығаратынын да өзі шешпек.
Асқар Исабекұлы кәсіпкерлерді қолдаудың ұтымдылығын ескеріп, шаһар шырайын да арттыра түсетін бастаманың баянды болуы үшін нақты жұмыс керек екендігін ескертті. Бүгінде дайындалып отырған 100 орынға қатысты нақты шараларды тездету керектігін, қысқа уақыт ішінде құжаттар әзірленіп, игі істің соңы сұйылып кетпеуін қадағалауды тапсырды.
– Құжат рәсімдеудегі әуре-сарсаңды азайту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасаудың тетіктерін қарастыру, шығынды есептеп, мәселені зерделеу және барлығын халыққа ашық түрде жариялап, хабарлап отыру қажет. Тауар өндірушілермен де кездесіп, олардың да ұсынысын тыңдайық. Бұл жердегі мақсат әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын байыту немесе табыс табу емес. Мақсат – шағын және орта бизнесті қолдау. Мысалы, жаңадан салынатын кәсіптің құны 2-3 миллион теңге болатын болса, оны қашан қайтарады, олар қандай баға қою керек, соны жан-жақты есептеу керек, – деген Асқар Мырзахметов жалға берудің жайына да баса назар аударды. Облыс басшысы жаңа дүңгіршіктердің алғашқы эскиз жобаларымен танысып, оны әлі де жетілдіру керектігін ұсынып, қаланың шет және орталық аумақтарына орналасуына байланысты олардың да сыртқы көрінісінде аздап өзгеріс болатынына тоқталды.
Айта кету керек, мұндай бірыңғай типтегі дүңгіршектерді қойған Астана, Қызылорда және тағы басқа аймақтарда сауда нысандары бүгінде тиімді жұмыс істеп тұр десек, жобаны жүзеге асыруда аймақтың ерекшеліктері мен экономикалық әлеуеті де ескерілмей қалмайды.
Жиында облыс орталығында әлеуметтік дүкендерді көптеп салу мәселесі, сол арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру, өзге де жайттар қаралды. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берген Асқар Мырзахметов бір апта уақыт ішінде кем-кетіктерді жоюды, айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді қайта қарауды қадап айтты.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support