- Advertisement -

Сот төрелігіндегі тіл пәрмені қандай?

218

- Advertisement -

Әр халықтың құндылығы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі мемлекеттік тілді құрметтеу – әрқайсысымыздың асыл борышымыз. Ана тіліне салғырттық таныту – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күн талабы екендігі баршаға белгілі. Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» деген сөзі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз болуға тиіс.

Еліміздің ХХІ ғасырдағы болашағы, шығар биіктері төл тіліміздің дамуына тікелей байланысты. Конституциямыздың 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Елбасының «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды» деген сөзінің мән-мағынасының қаншалықты тереңдігін осыдан аңғаруға болады. Заң тармақтарына сәйкес елімізде қылмыстық сот iсi қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес Жамбыл облысының соттарының өндірісіне өткен жылы 2755 қылмыстық іс түссе, оның ішінде 1561 іс қазақ тілінде екен. Осы уақыт ішінде 1610 қылмыстық істе 1835 адамға үкім шыққан болса, соның ішінде 834 қылмыстық іс бойынша 980 адамға үкім қазақ тілінде шығарылған. Жылдан-жылға мемлекеттік тілде қаралатын істердің саны жоғарылап өсіп келеді. Мемлекеттік тілде қаралған қылмыстық істердің үлкен үлесі Сарысу аудандық сотында 87,7, Жуалы аудандық сотында 85,4, Тұрар Рысқұлов аудандық сотында 83,4 пайызды құрайды. Ал керісінше Қордай аудандық соты 21,3, Тараз қаласы №2 соты 43,9, Жамбыл облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соты 49,6 пайызбен мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізудегі үлесін төмен деңгейде ұстап отыр. Қалған аудан және оған теңестірілген соттарда мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізудегі үлесі 50 пайыздан жоғары.
Апелляциялық сатыдағы сот, апелляциялық шағым немесе прокурордың өтініш хатымен бірге келіп түскен қылмыстық істі мәні бойынша апелляциялық сатыдағы сот отырысына тағайындауға кедергі болып табылатындықтан, яғни мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізуде бұзушылықтар болса, істі тиісінше рәсімдеу үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарылуға жатады.
Қылмыстық процесті жүргізетін органдармен негізінен қылмыстық сот ісін жүргізу тілі жөнінде заң талаптары қатаң сақталады, сотта сотталушының немесе жәбірленушінің ана тілін немесе өздері білетін тілді не аудармашының көрсететін қызметтерін пайдалану құқығы бұзылуы немесе осыған байланысты олардың қорғалу құқығы бұзылуы фактілері бірен-саран кездеседі. Дегенмен қылмыстық процесті жүргізу органдары тарапынан төл тіліміз туралы қағидаттың талаптарының кей кезде сақталмайтынын да айтып өтуіміз керек.
ҚР ҚПК 30-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін орган істі мемлекеттік тілден басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығара алады. Мысалы, қылмысты жасағаны үшін айыпталған адам істі сотта қарау кезінде сотталушы және оны қорғаушының арыздары негізінде сот ісін жүргізу тілі соттың қаулысы бойынша орыс немесе қазақ тілдеріне ауыстырылып, іс жүргізу өздері таңдаған тілде жалғастырылады.
Сот талқылауы басталған кезден іске қатысушыларға сотқа өзінің ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiш хаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалану құқығы түсіндірілуі тиіс.
Яғни қылмыстық істі басты сот талқылауында қарау барысында іске қатысушы тараптар сот ісі жүргізілетін тілді білмеген жағдайда міндетті түрде аудармашы қатыстырылуы қажет.
Мысалы, іс материалдарынан көрінгендей, сотталушының өтініш хатына сәйкес сот ісін жүргізу тілі ретінде орыс тілі таңдалған. Сот отырысында жәбірленуші мен куәгер мемлекеттік тілде жауап беруіне байланысты аудармашының қатысуын сот қамтамасыз етеді, яғни сотталушы аудармашының қызметтерін пайдалану құқығын пайдалана алады.
Басты сот талқылауында төрағалық етуші судья аудармашыға ҚР ҚПК-нің 352-бабына сәйкес 81-бапта көзделген аудармашының құқықтары мен міндеттерін түсіндіре аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшiн қылмыстық жауаптылығы ескертіледi, бұл туралы одан қолхат алынады. Аудармашының құқықтары мен міндеттері түсіндірілгеннен кейін төрағалық етуші судья ҚПК-нің 353-бабына сәйкес іске қатысушылардан аудармашыға қарсылық бар-жоғын анықтайды. Қарсылық түскен жағдайда төрағалық етуші судья қарсылықты ҚПК-нің 92-бабының талабына сәйкес шешеді.
Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға істің олар үшiн қажеттi, басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кейбір қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің арыздары, тергеу амалдарының хаттамалары, сараптама қорытындылары орыс тілінде дайындалғанына қарамастан, тергеушімен аудармашы қатыстыру мәселесі шешілмейтінін, аталған құжаттардың аудармасы жасалмайтындығын да атап өткен жөн. Сондықтан сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы қолданудағы олқылықтарды болдырмау және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру – республика соттарының әрдайым назарында.

Рашид Досымбеков,
облыстық соттың судьясы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support