- Advertisement -

Алашқа қызмет еткен Әулиеата қайраткерлері

607

- Advertisement -

жайында не білеміз?

ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысының саяси және әлеуметтік тірегі қазақ интеллигенциясы болды. 1905 жылдан бастап ұлттың көрнекті өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Мырзағазы Есболов, Телжан Шонанов және Мағжан Жұмабаевтың іс-әрекеттерінде қазақ халқының мемлекеттік дербестігі туралы идеялары көрініс тапты. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы мен 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс тек Ресейдің ғана емес, қазақ елінің де жағдайын қиындатып жіберген еді. Осындай аласапыран кезеңде ұлт зиялылары азаттық үшін күресті бір сәт тоқтатқан жоқ. Ал 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Алаш қайраткерлерінің халықты отарлық езгіден құтқарып, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы күресі қайтадан жандана бастады. Өйткені Ақпан революциясының жеңісі нәтижесінде өмірге келген Уақытша үкіметтен ұлт зиялылары үлкен үміт күткен еді. Бірақ олардың үміті ақталмады, Керенский басқарған үкімет ұлт пен жер мәселесін толық шешіп бере алмады. Сондықтан қазақ халқының Уақытша үкіметтің саясатына қарсы наразылығы күннен-күнге күшейе түсті. Ресей империясының саяси тұрақсыздығы жағдайында Алаш қайраткерлері Орынборда бас қосып, ұлт мәселесін жан-жақты қарастыратын қазақтардың съезін шақыру туралы ортақ шешімге келді.

Сонымен 1917 жылы 21-26 шілде күндері Орынбор қаласында өткен І Бүкілқазақтық съезге Қазақстанның барлық аймақтарынан өкілдер қатысады. Бұл жиынға Сырдария облысына (қазіргі Жамбыл және Түркістан облыстарының территориясы) қарасты Әулиеата өңірінен Мұстафа Шоқаев, Әзімхан Кенесарин, Садық Өтегенов, Әлмұхамед Көтібаров, Хален Ибрагимов, Зұлқарнайын Сейдалин, Ибрагим Қасымов, Пашабек Пулатханов, Сегізбай Айзонов, Емберген Табынбаев, Сұлтанбек Қожанов, Убайдулла Қожаев және Омар (Ғұмар) Жанғалинов делегат болып сайланады. Съездің күн тәртібіне сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тікелей қатысы бар 14 мәселе енгізілді. Солардың ішінде делегаттар ұлттық автономия, жер мәселесі, құрылтай съезіне дайындық және қазақтың саяси партиясын құру проблемаларына ерекше назар аударады. Съезд қарсаңында 1913 жылдан жарық көре бастаған «Қазақ» газетінде болашақ автономия туралы әртүрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылған мақалалар жарияланып тұрған. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынса, Әлихан Бөкейханов демократиялық-федеративтік және парламенттік Ресей Республикасының құрамындағы қазақтың ұлттық автономиясы болуын қалайды.
Сөйтіп, І Бүкілқазақтық съезде қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған дербес ұлттық мемлекетті құру идеясы жан-жақты қарастырылады. Әсіресе делегаттар жер мәселесін қызу талқылайды. Келесі Құрылтай жиналысына сайлау туралы мәселе қаралып, оның депутаттығына кандидаттыққа әр облыстан ұсынылған 81 адамның тізімі бекітіледі. Кейін Қырғызстаннан 1 депутат қосылса керек, себебі кейбір деректерде қазақтардың ІІ съезіне 82 делегат қатысқаны көрсетілген. Депутаттыққа кандидаттар болып бірінші қатарда қазақтың либералды-демократиялық қозғалысының елге танымал көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышбаев, Жақып Ақбаев сынды қайраткерлермен бірге Әулиеата өңірінен Мұстафа Шоқаев, Әзімхан Кенесарин, Сұлтанбек Қожанов сайланады.
Әлихан Бөкейханов кейінірек съезде партияның құрылғаны жөнінде «Қазақ саяси партиясы» туралы мәселе қарап, күрделі саяси жағдайда «қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп» оның программа жобасын жасауды бүкіл россиялық Шураи ислам съезіне сайланған (М. Шоқаев т.б. – Б.Т.) өкілдерге тапсырды. «Қазақ» газеті партияның орталық баспа үніне айналды» деп жазды. (Бөкейханов Ә. Шығармалар. Алматы «Қазақстан», 1994, 32-бет.)
Қазақтардың бірінші съезінде жаңадан құрылған саяси партия «Алаш» партиясы деп аталды. Алғашында бұл партияның құрамында Әулиеата өлкесінен Әзімхан Кенесарин, Мұстафа Шоқаев, Сұлтанбек Қожанов болса, кейін Шу өңірінде туып-өскен Мұстафа Бұралқиев пен Дінмұхамед (Дінше) Әділев те «Алаш» партиясының белсенді мүшелеріне айналды. Қазақ интеллигенциясы өкілдерінің басым көпшілігі Кеңес өкіметінің социалистік идеологиясын, яғни таптық күреске негізделген идеяларын қабылдаған жоқ. Бұл жөнінде Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатов сол кезеңдегі қазақ қоғамында Ресейдегі секілді бір-біріне қарсы тұратын таптардың болмағандығын алға тартты. Сондықтан Алаш қайраткерлері біртұтас қазақ халқын отарлық езгіден құтқаруды ғана басты мақсат етіп қойды.
Алаш партиясының басшы органдарына сайланған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Халел Ғаббасов және Мағжан Жұмабаевпен бірге Сырдария облысының қарамағындағы Әулиеата уезінен Мұстафа Шоқаев та сайланады. Көп кешікпей Ә.Бөкейханов бастаған партия басшылары ұлттық мемлекеттілік, президенттік басқару, демократиялық қоғам құру, дінді мемлекеттен бөлу, ұлтаралық келісім арқылы тәуелсіз елдің іргесін қалауға негіз болатын мәселелерді заңды жолмен шешуге әрі оларды іс жүзіне асыру үшін нақты іс-әрекеттерге белсене кірісіп кетті. Осы уақытта Алаш қозғалысының алдыңғы қатардағы өкілі болған М.Шоқаевтың азаттық күрес жолындағы ерен еңбегін атап өткеніміз жөн.
Бұрын да, қазіргі кезде де ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ұлт-азаттық қозғалыстың елге танымал болған қайраткерлерінің өмірі мен қызметтері жайында көбірек зерттеліп, Қазақстанның көптеген аймақтарында сол қиын-қыстау кезеңде Алашқа қызмет еткен қазақтың интеллигенция өкілдерінің елге жасаған қамқорлығы мен азаттыққа, теңдікке жету үшін атқарған істері бүгінге дейін елеусіз қалып келеді. Мәселен, 1917 жылы желтоқсан айындағы ІІ Бүкілқазақтық съезге делегат болып Әулиеата өңірінен қатысқан, сондай-ақ өлкедегі ұлт-азаттық күреске белсене араласқан азаматтар – Имамбек Сарымсақов, Имамберді Ержігітов, Серқұл Алдабергенов және Мәулемқұл Байзақовтың өмірі мен қызметі жайында зерттеу жұмыстары жоқтың қасы. Олардың елдің азаттығы мен теңдігі жолында аянбай күрес жүргізгенін қазіргі өскелең ұрпақ түгілі, аға буын өкілдерінің де білетіні шамалы. Бұл Алаш қайраткерлерінің ІІ съезге қатысқаны туралы хаттамада ғана көрсетілген.
1917 жылғы шілде-тамыз айларындағы аумалы-төкпелі кезеңде І Бүкілқазақтық съездің шешімдерінен туындаған көптеген мәселелерді шешу үшін Алаш жетекшілерінің алдында ІІ Бүкілқазақтық съезді ұйымдастыру міндеті тұрды. Съезге алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуге және ұйымдастыруға 5 адамнан тұратын комиссияның құрамында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Сағындық Дощанов және Міржақып Дулатов болды. (ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ), қор 17, тізімдеме 1, іс 1, п. 1.). Аталған комиссия мүшелері съездің жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты барлық дайындықтарды толық өз қолдарына алады. «Сөйтіп қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан, сондай-ақ одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы мен Самарқанд облысы қазақтарынан және Қырғызстаннан – барлығы 82 өкіл қатысты». (Бөкейханов Ә. Шығармалар. Алматы «Қазақстан», 1994, 49-бет.)
1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен ІІ Бүкілқазақтық съезде Ресейдің құрамына енетін Қазақ автономиясын құру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Съезде қабылданған қаулыда ұлттық мемлекет құрылғаны жайында былай атап көрсетілді: «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын. Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады» (ҚРОММ, қор 17, тізімдеме 1, іс 1, п. 5). Сөйтіп, Алашорда үкіметі дүниеге келді.
Көп ұзамай 1917 жылдың 27 желтоқсанында Әулиеата қаласында (қазіргі Тараз) жергілікті қазақ зиялыларының съезі болды. Жиынды ұйымдастырған 1837-1847 жылдары патшалы Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күрескен қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының немересі әрі Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Әзімхан Кенесарин еді. Съездің қаулысымен Алашорда үкіметінің Әулиеата уездік комитеті құрылады. Комитеттің төрағасы Әзімхан Кенесарин, оның орынбасары болып Шудан келген Мұстафа Бұралқиев сайланады. Қалың көпшілік біле бермейтін М.Бұралқиев кім еді? Ол жайында ел жадында сақталған мәліметтерді келтірейік.
Шу өңіріндегі көнекөз шежірелі қарттардың айтуына қарағанда, Мұстафаның әкесі Бұралқы Шу елінде ХХ ғасырдың басында болыс болған екен. Билікке келген большевиктер үкіметі ауыл-аймақтарға қамқорлық жасап отырған байларға, би-болыстарға қырғидай тиіп, мал-мүлкін тәркілеп, бала-шағаларын зар еңіретіп, өсіп-өнген атақонысынан алыс аймақтарға жер аударған, ал ірі байлардың мыңдаған малдарымен бірге дүние-мүліктерін күштеп тартып алып, өздерін Кеңес өкіметінің «қас жауы» деп санап, аяқ-қолдарына кісен салып, тақыр вагонға отырғызып, қияндағы Сібірге әкетіп отырған. Бұралқы болыс та 1930 жылға дейін қудалауға ұшырап, итжеккенге айдалған екен. Содан қайда әкеткені белгісіз, ешқандай хабар болмай елге оралмаған. Сол кезде Кеңестік билік сотталғандардың артында қалған ағайын-туыстарымен, бала-шағаларымен хабарласуға қатаң тыйым салғаны белгілі ғой. Мұстафа көкірегі ояу, терең ойлы, білімді азамат болған көрінеді. Ол қазақ зиялыларымен тығыз байланыс жасап, ұлт-азаттық қозғалыстың белсенді мүшелерінің біріне айналады. Өкінішке қарай, жаңа биліктің Алаш қайраткерлерін жазалауының алғашқы тобына ілініп, отызыншы жылдары Мұстафа атылып кетеді. Оның зайыбы Ботагөз де 1932 жылы жазықсыз сотталып, 1958 жылы ғана ақталған.
Дінмұхамед (Дінше) Әділев те Шу өңірінде туып-өскен, жас кезінде Орынбор қаласында білім алған. Ол 1917 жылғы 27 желтоқсанда Әулиеата қаласында өткен Алаш қозғалысын жақтаушылардың съезіне қатысып, ұлт қайраткері ретінде саяси көзқарасы біржола қалыптасады. Содан Дінше өмірінің соңына дейін Алашқа қызмет етіп өтеді. Ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті қайраткері, ақын, педагог Міржақып Дулатов өзінің естелігінде Шу бойынан Орынборға келген Д.Әділев туралы жазып қалдырған. Онда бозбаланың оқуға зеректігі жайында айтылады. М.Дулатовтың жазбаларына тереңірек үңілсек, ол баланы бірден өз қамқорлығына алған көрінеді. (Дулатов М. Шығармалары. Алматы «Жазушы», 1991, 233-234 бб.) Толық емес деректерде Дінше Әділев 1930 жылы қамауға алынып, Мәскеуде атылған деп көрсетіледі.
1930-1931 жылдары Қазақстанның барлық аймақтарында кеңестік биліктің солақай саясатына қарсы елдің наразылығы күшейе түсті. Сол жылдардағы ашаршылықтың салдарынан қазақтар миллиондап опат болды, жүздеген мың ашыққандар шетелдерге қаңғып кетті. Жол-жөнекей бір үзім нанға зар болып, діттеген жеріне жете алмай қалғандары қаншама? Бүкіл халықтың басына үйірілген аласапыран заманда Әулиеата уезіндегі ел-жұрт та қарап отырмады, халықтың төзімі таусылып көтеріле бастады. Сондай көтерілістің бірі 1930 жылы Шу өңіріндегі Шоқпар ауылында болды. Сол көтерілісті басқарған, Алаш қайраткерлерінің ұлттық дербес автономия құру бағытын қолдаған Әбдібек Нұрабаев туралы мұрағаттардан деректер табылмады. Тек қана ел аузында сақталған естелік-әңгімелері арқылы оның халқымыздың азаттығы мен бостандығы үшін жан аямай жүргізген күресін көз алдымызға елестете аламыз.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев: «…1927-1932 жылдары Алаш қозғалысына қатынасқан немесе олармен байланыста болды деген 70-тен астам интеллигенция өкілдері сотқа тартылып, олардың 50-ге жуығы түрлі мерзімдерге қамалды, жер аударылды, атылды», – деген деректер келтіреді. (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХҮІІІ-ХХ ғғ.). Зерттеулер. Алматы, «Жалын баспасы» ЖШС, 2004, 284-бет.) Алашқа қызмет еткен Шу өңірінің қайраткерлері – Мұстафа Бұралқиев, Дінше Әділев және Әбдібек Нұрабаев туралы ел жадында сақталған мәліметтерді жоғарыдағы және басқа да деректермен салыстыра қарастырсақ, олар 1927-1932 жылдардың бірінде кеңестік биліктің тарапынан Алаш қозғалысына қатынасқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жауапқа тартылғаны анық.
Алаш автономиясы ХХ ғасырдың басында ұлттық мүддеге негізделіп құрылған және демократиялық бағыттағы алғашқы мемлекет еді. Ұлт қайраткерлерінің алға қойған мақсаты отаршылдыққа қарсы күресе отырып, бірте-бірте дербес мемлекет құру идеясын жүзеге асыру болатын. Азамат соғысы жылдарында (1918-1920 жж.) Кеңес үкіметіне қарсы күрескен Алашорда қайраткерлері жеңіліс тапты. Жеңіске жеткен большевиктер билігі Алаш автономиясын және оның үкіметі Алашорданы күштеп таратқанына қарамастан, аз ғана уақыттың ішінде ұлттық автономияның өмір сүруі – қазіргі және келешектегі жастар үшін сабақ болып қазақ елі тарихында өшпес із қалдырды, сондай-ақ, қазіргі заман тұрғысынан қарағанда, бүгінгі қазақ қоғамындағы алатын орны мен тарихи маңыздылығы ерекше екендігі айқын.
Алаш зиялылары жас ұрпаққа қазақтың дүниежүзі картасынан орын алатын тәуелсіз мемлекет құрудың қажеттігін және оның бағыт-бағдарын анық көрсетіп кетті. Бүгінгі Қазақстанның жарқын болашағы, егемендік алған жылдардағы табыстары мен жетістіктері өткен ғасырдың басында құрылған Алашорда үкіметінің идеяларынан бастау алатындығын айтсақ, қателеспейміз.

Тұңғышбек БАЙҚҰЛОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты-ның аға ғылыми қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support