- Advertisement -

Жүктелген тапсырманың жауапкершілігі үлкен

106

- Advertisement -

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы барша қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, халықтың әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Сондықтан осы бастамаларда көрініс тапқан жаңа жобалар іске асса, ел өмірінде едәуір серпіліс болары анық. Қазірдің өзінде Үкіметте Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бағытындағы нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы Жол картасы қабылданды. Ал жұмыстарды қадағалауды Елбасы «Нұр Отан» партиясына тапсырып отыр.
Партия Елбасы тапсырмасының негізінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында аймақтық қоғамдық кеңес құрды. Кеңес құрамына еліміздегі саяси партиялардың облыстағы филиалдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, жоғары оқу орындарының басшылары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары тартылып отыр. Кеңес мүшелері алғашқы басқосуын өткізіп, жаңа ұйымның төрағалығына «Жамбыл облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергенді сайлады. Енді қоғамдық кеңестің отырыстарында бес әлеуметтік бастаманың іске асырылуына жауапты облыс әкімдігінің тиісті басқарма басшыларының атқарып жатқан жұмыстары тыңдалатын болады. Жалпы аймақтық кеңеске жүктелген міндет ауқымды.
Бірінші бастаманың шеңберінде «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған облыстың 22 624 азаматын баспанамен қамту мәселесін шешуге мүмкіндік туады (оның ішінде Тараз қаласы бойынша – 15 974 азамат). Себебі бүгінгі күні бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласында 19 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде (4,6 миллиард теңге) және Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында 7 үйді қайта жаңғырту (1,2 миллиард теңге) жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өңірлік филиалы 37,9 мың салымшымен келісімшарт жасасып отыр.
Сонымен қатар облыста «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» мақсатында алдын ала есептеулер жүргізілді. Зерделеу жұмыстары алдағы уақытта өңірімізде бюджеттен тыс мекемелер мен ұйымдарды есепке алмағанда 34 173 (2017 жылғы маусым айындағы статистикалық ақпаратқа сәйкес кәсіпкерлікпен айналысатын жұмысшы саны 100 адамнан кем шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда, 47 309 адам) қарапайым жұмысшы мен қызметкерлердің бір айлық жалақысын жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ, 4,5 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік туып отыр. Соның нәтижесінде облыстық бюджетке түсімдер көлемі 477 миллион теңгеге азаятын болады.
Бес әлеуметтік бастаманың үшіншісі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Жалпы бүгінде облыстағы 3 жоғары оқу орнында 1264 адамға арналған жатақханалар бар (ТарМУ – 804, ТарМПУ – 460). Әлі 1837 студент (ТарМУ – 657, ТарМПУ – 780, ТИГУ – 400) жатақханаға мұқтаж. Осыған байланысты жалпы ауданы 40,3 мың шаршы метр болатын 6 жер учаскесіне қосымша жатақханалар салу жоспарлануда. Сонымен қатар 750 орынға арналған 3 колледждің студенттеріне жатақханалар салу керек. Жамбыл гуманитарлық колледжі – 350 орындық, Жамбыл медицина колледжі – 350 орындық, Меркі қаласындағы № 9 колледжі – 50 орындық. Бұл құрылыстарды жүргізу үшін Тараз қаласының 15-ықшам ауданынан және Меркі ауданы Сарымолдаев ауылдық округінен (2 гектар) жер телімдерін бөлу мәселесі шешілді.
Төртінші бастама – «Шағын несие беруді көбейту» бағытында 2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға және микрокредиттерге ішінара кепілдік беруге барлығы 1321,1 миллион теңге (республикалық бюджеттен – 699,4 миллион теңге, жергілікті бюджеттен – 621,7 миллион теңге), ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге – 5 111,0 миллион теңге (республикалық бюджеттен 4 111,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 1 000,0 миллион теңге) қарастырылған. Ал елді мекендерді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды көздейтін бесінші бастама бойынша 2018-2025 жылдарда 354 елді мекенді немесе өңір тұрғындарын 94 пайыз «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жоспарлануда.
Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 2 000,0 миллион теңге қаражат есебінен Талас ауданындағы 5 және Сарысу ауданындағы 4 елді мекенді газдандыру жобасы іске асырылады. Облыстық бюджеттен қарастырылған 914,4 миллион теңге қаражатқа Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарының 5 ауылын газдандыру бойынша 6 жоба әзірленеді. Сондай-ақ 7 жобаға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Жалпы бүгінге дейін облыс елді мекендерінің 48 пайызы газдандырылған.
Елбасының халықтың игілігіне арналған осындай бастамаларын толыққанды және сапалы орындау – мемлекеттік органдардың алдында тұрған үлкен міндет.

Азамат БАЙТИШЕВ,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support