- Advertisement -

Банкомат аз, кезек көп

1 447

- Advertisement -

Шу ауданының орталығы Төле би ауылы тұрғындарының соңғы кездері бас қатырар басты мәселесінің бірі банкоматтың аздығы болып тұр. Қазіргі таңда аудан орталығында небәрі екі-ақ банкомат жұмыс істейді. Оның бірі «Қазпошта» АҚ-ға, екіншісі «Халық банкке» тиесілі.
Бүгінде мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінетін барлық жұмыс орындарында бұрынғыдай жалақыны қолма-қол тарату келмеске кеткенін ескерсек, 20 мыңнан астам тұрғыны бар және күн сайын түрлі ауыл-ауылдан сан мың адам ағылатын аудан орталығы үшін екі банкомат жеткілікті ме деген заңды сауал туындайды. Бұл сұрақты осы банкоматтардың қызметін пайдаланатын кез келген тұрғынға төтесінен қойсаңыз, бірден «жоқ, жеткіліксіз» деген жауап аларыңыз сөзсіз. Өйткені соңғы жылдары Төле би тұрғындары банкоматта кезекке тұрудан әбден шаршаған. Шарасыздықтан шағымын кімге айтарын білмеген халық арасында кезекте тұрған сәттерде ара-тұра келеңсіздіктер де орын алып жатады.
Айдың соңы таяп, жалақы түскен шақта жоғарыда аталған екі банкоматтың қай-қайсына барсаңыз да құмырсқаның илеуіндей кезек күткен құжынаған халықты көресіз. «Цифрлық Қазақстан» деп ұрандатып жатқанда бір ай бойы талмай еңбек етіп, тапқан айлығын тағы екі-үш сағат табан тоздыра кезек тосып барып алу қаншалықты орынды?
Ал елімізде тұтынушысы ең көп банктердің бірі саналатын «Каспий банктің» банкоматын аудан орталығын былай қойғанда, тоғыз жолдың торабында жатқан Шу қаласының өзінен әзер табасыз. Бір кездері қалада «Каспий банктің» филиалы ашылған. Алайда ақша аудару, толтыру, шығару сынды операциялары оңай әрі көп қиындық тудырмайтын бұл банктің аудандағы ғұмыры келте болған жайы бар. Дәл қазір Шу ауданында бұл банкке тиесілі төлем терминалдары ғана бар. Ал «Каспий банк» картасы бар тұрғындар ақшаларын өзге банктің банкоматтары арқылы ала алады. Бірақ белгілі мөлшерде ғана. Мысалы аудан орталығындағы «Халық банк» банкоматы арқылы тек каспий банкоматының картасымен бір күнде тек 70 мың теңгенің көлемінде ғана ақша шығара аласыз. Осы ретте, «Халық банк» тарапынан тағы бір-екі банкомат бөлінсе деген төлебилік тұрғындардың тілегін айта кеткім келеді. «Халық банк» халықтың осы тілегін елеп жатса, қанеки.

Мият КӘШІБАЙ.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support