- Advertisement -

Елорда – барлық бастамалар мен өзгерістердің туұстары

156

- Advertisement -

Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Бас қала – Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды.

Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава болды. 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі елорда келбетін байыта түседі. Бас қалада отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Елбасы: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда – біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды», – деп атап өтті.
Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Астана – аймақтар арқауы» атты облыстық форум бас қаланың мерейлі 20 жылдығына арналды. Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, Арқа төсін сәнге бөлеген айшықты Астананың ғажайып келбетіне, Қазақстан екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз мемлекет екеніне тоқталды.
– Біз бүгін бас қаланың құрметіне арналған аса маңызды жиында жүздесіп отырмыз. Бүгінгі елорда – Қазақстанның барлық оң бастамалары мен өзгерістерінің туұстары. Астана әр аймақтың дамуына ерекше серпін беріп келеді. Осы уақытқа дейін бас қаланың дамуына, көркеюіне 2 триллион теңге қаражат жұмсалған екен. Соның нәтижесінде Елбасының қолтаңбасы, идеясы саналған Астананың сәт сайын көркейгеніне куә болып жүрміз. Астана – Отанымыздың символы. Барша тұрғындардың, алуан түрлі ұлттар мен дін өкілдерінің басқосар ордасы.
Елордадан шыққан жарқын шешімдердің ықпалымен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгерлеп келеді. «Еврохим» компаниясымен 2,4 миллиард теңгеге келісімшарт жасалса, «Амангелді газ» кешенінің жұмысы да алға басып отыр. 500 шақырымдық халықаралық көлік дәлізінің толық аяқталуы да – мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетеді. Баламалы энергия көздерін өндіруден де біздің облыс республикада көш бастап тұр. Меркідегі «Меркі ет», Байзақтағы «Әулиеата-Феникс» компаниялары арқылы сырт елдерге ет экспорттау жақсы жолға қойылды. Әлемнің 12 елімен экономикалық-ынтымақтастық байланыс орнатып отырмыз. Облыста тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 66 жастан 72 жасқа артты. Соңғы жылдардың өзінде 120 білім, 100-ге жуық спорт нысандары бой көтерді.
Мұның бәрі бас қаладан келетін шешімдердің арқасында жүзеге асты. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына Астана қаласында 13 шақырымдық велосипед жолы салынып, өңірімізде 20 жаңа нысан пайдалануға берілді.
Сондықтан Астананың 20 жылдық мерекесімен баршаларыңызды құттықтап, әр отбасына береке, бақыт тілеймін!Тәуелсіз еліміз, ажарлы астанамыз өркендей берсін, – деді Асқар Исабекұлы.
Мұнан соң Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Тұрсынай Әбдіқадырова бас қаланың мемлекет алдындағы биік беделіне, айшықты орнына, 20 жылдан астам уақыт бұрын қабылданған Елбасының Астананы ауыстыру туралы шешімінің дұрыстығын уақыт өзі дәлелдегеніне тоқталып, Президенттің «Қазақстан жолы» кітабындағы толғаныстарына назар аударып өтті. Ал ақын Қайырбек Асанов бас қала жайлы тебірене ой толғады. Кейіннен Тараз қаласы №40 мектеп-гимназия директорының орынбасары Ирина Щедрина бас қаланың сұлулығына, оның білімді жастар қаласы екеніне тоқталды. Форумға жиналғандар елорданың құрдасы, Сүлейман Демираль атындағы университеттің студенті Еркежан Ыбыраеваның толғанысқа толы сөздерін үлкен әсермен тыңдады. Бүгінгі Астана – әлемдегі ең жас әрі ең озық қалалардың бірі әрі бірегейі. Еліміздің жалынды жастары бас қосқан, арманнан ақиқатқа айналған бас қаласы. Астанаға әр барған сайын әсерленіп, көкірегімді қуаныш кернеп қайтамын.
Бас қаламыздың келбеті жүректі шымырлатып, сұлулықтың жылы лебімен тербейді, патриоттық сезімді оятады. Бас қаланың бүгінгі бейнесінен біздің, яғни жалынды жастардың жарқын болашағына деген мол мүмкіндігін көретінімді нық сеніммен айта аламын! Мен Астана қаласының құрдасы болғанымды әрі Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі екенімді мақтан тұтамын! Еліміздің бас қаласына қарап бой түзеймін!» – деді ол.
Бас қаланың құрметіне арналған облыстық форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support