- Advertisement -

Пластикалық карточкаларды қолдану кезінде алаяқтықтан сақтану жолдары

140

- Advertisement -

Қазіргі таңда өміріміз ақпараттық-компьютерлік технологиялармен және интернетпен тығыз байланысты. Ақпараттық технологиялардың өркениетті қоғамды қалыптастыруға септігін тигізгенімен, өкінішке қарай, жаңа қауіп-қатерлердің тууына қолайлы жағдай жасайтыны мәлім. Бүгінде төлем карточкаларының әрбір оныншы иеленушісі қателіктің немесе алдап соғудың құрбаны болатыны белгілі. Осыған орай, пластикалық картаға қатысты алаяқтықтан қорғанудың амалдарын біліп, оларды сақтау өзекті мәселе болмақ.
Пластикалық карточкалардың көмегімен жасалынып жатқан алаяқтық қылмыстардың ең кең тараған түрі – кардинг, мұнда картаның өзі немесе оның реквизиттері пайдаланылады. Кардингтің бірнеше түрі бар. Біріншісі – бұл жоғалған немесе ұрланған карталарды пайдалану, мұндайда банк осындай картаны бұғаттап үлгірмей, алаяқ оны «босатып» тастайды. Екіншісі – жалған карта жасау, мұнда бөтен карта туралы заңсыз жолмен алынған ақпарат (яғни карта нөмірі, клиенттің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және т.б.) пластикке (ақ пластикке) механикалық түрде басылады немесе жасанды картаның не болмаса шын картаның магниттік жолағына жазылады. Төлем карталарының реквизиттері, әдетте интернет-дүкендердің, төлем және есеп жүйелерінің бұзылған серверлерінен, сонымен қатар дербес компьютерлерден қашықтан алу бағдарламалары арқылы алынады. Тағы бір түрі – пошта, телефон, интернет арқылы түрлі тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беру кезінде картаның иесі емес адам төлем картасының деректерін пайдаланады.
Технологиялар дамыған сайын қаржы ұйымдарының алаяқтыққа қарсы қорғаныс құралдары да күшейе түсуде, бірақ олармен бірге алаяқтық әдістері де жетілуде. Қазіргі таңда алаяқтықтан сақтану үшін ең қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:
Егер сізде алаяқтықтың құрбаны болғаныңыз туралы күдік туындаса, карточкаңыз жоғалса, дереу банкке (тәулік бойы қызмет ету қызметіне) төлем карточкасын оқшаулау үшін хабарласыңыз. Ешкімге ешқандай жағдайда өз карточкаңызды бермеңіз, ПИН-кодын хабарламаңыз және оңай табылатын жерде сақтамаңыз. Карточка реквизиттерін беру қажет болғанда оның екінші (арғы) бетінің көшірмесін жасамаңыз.
Банкомат арқылы қолма-қол ақша алу кезінде бұрыштан шығып тұрған сым, карта қабылдағыштағы банкоматқа келіңкіремейтін ерекше пластик, үйреншікті емес жерге орнатылған камералар, ерекше түймешелер, айна, пластикалық қаптамаға салынған жарнама, пластмасса қораптар және басқалары түріндегі ерекшіліктерге назар аударыңыз. Ол не болса да, егер секемденсеңіз, басқа банкоматты пайдаланғаныңыз абзал. Банк бейнебақылауға алған банкоматтарды пайдалануға тырысыңыз. Оны білу қиын емес, ондай банкоматтың жоғары жағында камера орнатылған және бұл турасында банкоматқа тиісті хабарландыру орналастырылған.
Егер сіздің пластикалық картаны пайдалану кезінде туындаған кез келген күмәніңіз болса, банктің ресми өкілдеріне хабарлаған жөн. Сонда сіз өз қаражатыңызды сақтайсыз және басқа азаматтардың алаяқтардың құрбанына айналмауына септігіңіз тиеді.

Гүлназ Тәжібаева,
ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының
бухгалтерлік есеп бөлімінің
бас маман-экономисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support