- Advertisement -

Өмірдің ғибратты сәттері

156

- Advertisement -

Кейбір адамдар басшы болдым екен деп мәдениет пен өнер иелерін менсінбейді. Басшы болудың бір бағасы әдебиет, өнер майталмандарымен тығыз байланыста болу екенін өмірден ұқпай өтетіндері де бар. Ақсақал жасына жеткен кейбір аға буын өкілдері қаламгер інілерінің шығармашылық жұмысын қоңылтақсып, әкіреңдей сөйлеп, өктемдік танытып жатса, онысын бір кездері коммунистік партияның әкімшілдік-әміршілдік шекпенінен шыққан белсендінің бірі ғана болғанын сездіргені деп біліңіздер.
Садық аға Сәрсенбекұлы да кеңес өкіметі кезінде басшы болды. Тіпті, Халықтық бақылау комитеті деген атынан ат үркетін қаһарлы мекеменің басшысына жақындауға қорқатынбыз. Бірақ ағамыз кеңес өкіметі кезіндегі мансабына малданып әлеуметтен алыстап кеткен жоқ. Ел-жұртына етене жақын жүрді, мәдениет пен өнер иелерін жанына жақын тұтты.
Біздің бүгінгі әңгімеміз де Ел мен Ес деген қастерлі ұғымды ардақ тұтқан ағаның мәдениет, әдебиет, өнер иелерімен арадағы байланысы, сыйластығы мен құрметі тұрғысында өрбіген.

– Ақын, жазушыларға деген құрметім бала кезімнен қалыптасты. Бір күні колхоз бастығы Әбілда Ахметовтің үлкен киіз үйінің тұсына біз бұрын көрмеген жеңіл қара машина келіп тоқтай қалды. Бір топ бала ішінде мен де бармын, есігінен қарасақ төрде кең маңдайлы, бұйра шашты, аққұба келген бір кісі отыр. Кейін білдік, бұл ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі боп шықты. Сарысу, Созақ жағындағы елді аралап келе жатқан беті екен. Кейін ес білгенде сұрастырып көрсем, ұлы жазушы сол сапарында «Түркістан солай туған» очеркі мен «Өскен өркен» деген романына материал жинап келе жатқан беті көрінеді. Өзімен бірге ұлы Мұратты да ертіп алыпты.
Сықақшы ақын Шона Смаханұлын бала кезімнен білемін. Ол сол кезде-ақ жалындап тұратын. Бір жолы облыстық байқаудан республикалық фестивальға жолдама алып, Алматыдан мектепке пианино алып қайтқаны бар. Өзі Ақкөл мектебінде 8-сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
Шона жастайынан жетім қалып, кейіннен мен директор болған «Аққұм» совхозындағы нағашыларының қолында өскен. Есейген кезінде Аққұм жаққа келіп тұратын. Шона Алматыға көшіп барысымен көптен жинап жүрген өлеңдерін бірінен кейін бірін газет-журналдарға жариялай бастайды.
Мен де осы жылы Ауыл шаруашылығы институтына түскенмін. Шөкеңдер «Таулы қыратта» (бұрынғы «Горный гигантта») тұрды. Қолымыз тиген кезде анда-санда үйіне барып тұратынбыз. Сөйтіп аз уақыт ішінде Шөкеңнің ақындығы, әсіресе сықақ өлеңдері Алматы жұртшылығына, тіпті республикаға белгілі бола бастады. Кейінірек Шөкең әбден толысқан кезінде Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа кіріп жүріп Алматыда бірнеше қазақ мектептерін, қазақша балабақшалар аштырды.
Қайтыс боларының алдында Аққұмға жеңгеміз Аманкүл, қызы үшеуі келіп қонақ болып кеткен еді. Содан көп ұзамай қайтыс болды да туған жері «Ойық» совхозына қойылды. Біз де ерен ерді қадірлеп, жерлегенде топырақ салдық. Алматыдан Қасым Қайсенов бастаған көптеген белгілі адамдар келді. Топырағы торқа болсын Шөкеңнің, қазаққа белгілі қаламы ұшқыр сатирик, жаны жайсаң адам еді.
– Батыр Мәлік Ғабдулиннің де қабылдауында болыпсыз?
– Оқып жүргенімізге екі айдай уақыт болған кез болу керек, бір күні нілдей бұзылайын. Өзімнен-өзім ҚазПИ-дің математика факультетіне ауысқым келіп аңсарым аусын. Сөйтіп жүріп оның ректорының қабылдауынан бір-ақ шыққанмын ғой. Ректоры Кеңестер Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин екен. Ол кісі туралы естігенмін, оқығанмын, атақты Бауыржан Момышұлымен Панфилов дивизиясында фашистерге қарсы Ұлы Отан соғысында қоян-қолтық бірге соғысып, атағы бүкіл елге тараған батыр адам. Сөйтіп кезегім келгенде қабылдауына кірдім. Ол кісі ат жақты келген сымбатты кісі көрінді. Мен келген шаруамды қысқаша айттым, онда мектепті үздік бітіріп, ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне түстім, енді ол жерде оқығым келмей математик болғым келді дедім. Ол кісі сабырлы қалыппен: «Інішегім, жақсы оқуға түскен екенсің, келешек механизация, автоматизацияда. Оны бітіргеннен кейін мейлі ғылым жолында, мейлі ауыл шаруашылығындағы басшылық салада, немесе партия органдарында қызмет істеуіңе жол ашылады», – деп ақылын айтты. Кейін ойлап қарасам, менікі балалық екен ғой. Ол кісінің ағалық сөзінен кейін оқуыма құлшына кірісіп кеттім. Сөйтіп қысқы сессияны жақсы тапсырып шықтым.
– Дәулескер күйші Нұрғисамен қалай танысып жүрсіз?
– Бір күні «біздің институтта домбыра оркестрі жұмыс істейді, құрамында 36 студент бар» дегенді естіп қалдым. Ауылда «Домбырашы бала» деген атағым шыққан. Домбыра үйірмесіне барсам үлкен залда ұзын бойлы кісі басқарып, оркестр Құрманғазының «Адай» күйін орындап жатыр екен. Мен бір шетте тыңдап тұрдым, байқаймын оркестрге қатысып отырған студенттердің тартысы өте мықты.
Күй тартылып біткеннен кейін жаңағы ұзын бойлы кісіге барып жолықтым, ол кісі: «Жарайды, келесі дайындалатын күні ертерек кел, өзіңе жеке домбыра береміз», – деді. Сөйтсем, ол кісі атақты композитор, кейіннен Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ие болған, үлкен дарын иесі Нұрғиса Тілендиев деген ағамыз екен.
– Нұрғиса ағаны «күй маршалы» деп дәріптесек, «күй генералы» деуге лайық Генерал Асқаровпен де дос боп кетіпсіз.
– Өнерге, мәдениетке деген үлкен құрметтің арқасында мен болашақ ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовпен және оның жерлесі, кейіннен атақты күйші болған, жаңағы оркестрдің белді мүшесі Генерал Асқаровтың жатақханасында талай кездесіп жүрдік.
Генерал агрофакты бітіргеннен кейін туып-өскен еліне, Созақ ауданына барып, «Сызған» совхозында бас агроном болып қызмет атқарды. Кейіннен сол совхозға Генералды іздеп барғаным бар. Ол былай болды. Талас, Сарысу ауданы біріккен кез болатын. Мен ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер кезім еді. Алдымызға екі күн демалысты алып, қасымда маған жиен болып келетін, белгілі домбырашы Мейраш екеуміз жолға шықтық. Басқарманың маған бекітіп берген «Газ-69» автомашинасы болатын, оны өзім жүргіземін.
Сарысудың «Жайылма» совхозынан шығып, жолшыбай «Баба түкті Шашты Әзіз» әулиенің мазарына зиярат етіп, әрі қарай сұрай-сұрай «Сызған» совхозына жеттік. Генерал ауылда екен, біз барғаннан кейін сәлден кейін келді. Сағынысып қалыппыз, құшақ жая амандастық. Бізге мал сойып жақсы күтті, сол күні үйіне қондық. Түнде Генералға күй тартқыздық. Ол еліне келген соң Сүгір аталарының күйлерін әбден зерттеп, үйренгенін айтып, Сүгірдің де күйлерін тартты. Біздің келуіміздің себебі Сүгірдің бір күйін үйреніп қайту еді, біз оны тез-ақ үйреніп алдық, сөйтіп елге қайттық.
Жоғарыда айтқан институттың оркестрінде Нұрғиса ағамыз қосымша жұмыс атқарады екен. Бірде, 2-ші курстың аяғына қарай біздің факультеттің студенттері үлкен кеш өткізетін болды. Қыз балалар оқудың қиындығынан біздің факультетте оқи алмайтын. Кешке мединституттың, шет тілдер институтының, КазГУ-дің қыздары шақырылды. Біздер кеш өтетін институттың үлкен залына баруға дайындалып жатқанбыз. Генералдың жерлесі Шәмші Қалдаяқов та бізбен бірге баратын болды.
– Шәмшімен дейсіз бе?
– Біздің оркестріміз дайындық жұмыстарын Гоголь көшесінің бойындағы агрофактің жатақханасындағы үлкен залда өткізіп тұратын. Шәмші осында келіп, Генералдың жатын бөлмесінде үнемі болып, онымен араласып кеткенбіз. Бұл кезде Шәмшінің 5-6 әні шығып, студенттер арасында тарап кеткен еді. Шәмші өте қарапайым киінетін, галстук тақпайтын, біздерден жасы біраз үлкен еді. Кеш басталып, біздің оркестр Нұрғисаның дирижерлік етуімен біраз күй орындады. Әнші жігіттер, агрофактың қыздары Шәмшінің «Қайықта», «Арыс жағасында», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым» және басқа әндерін айтып, өзін сахнаға шығарғанда бұрын Шәмшінің өзін көрмеген, үлкен залға толған студенттер ұзақ уақыт қол соғып тұрып алды.
Мен сол студенттік кешке Ақкөл мектебінде орыс сыныбын менімен қатар бітіріп шыққан Ұлпан Байбатшаеваны, досым Өмірбек Байгелдиевті шақырған болатынмын. Сөйтіп, сол күнгі студенттер кешінде, болашақ ұлы композиторлар Нұрғиса мен Шәмшінің біздің институттағы сахнада ізі қалды.
– Нұрғиса аға талантты, талапты жастарға қамқорлық жасап тұрушы ма еді?
– Біз Нұрғисаның арқасында атақты өнер адамдарымен бірге киноға да түскенбіз. Жалпы біздің факультеттің студенттері оқудың қиындығына қарамай, жан-жақты болуымыз керек, музыкамен де, спортпен де айналысамыз, деп алдына мақсат қоятын. Біздің курстың өзінен, алты студент спорттың әр түрінен спорт шебері болды. Мен домбыра оркестріне қатысып, төрт жылдың ішінде Нұрекеңнен көп күй үйреніп шықтым. Сол жылдың көктемінде Нұрғиса ағамыздың арқасында киноға түсіп, үлкен өнер адамдарының, сол кездегі белгілі әншілердің әңгімелерін тыңдап, әндерін есту мүмкіндігіне ие болдық.
Кино Қаскелең ауданының орталығындағы үлкен Мәдениет сарайында түсірілді. Киноның аты «Әнші ауыл» деп аталды. Нұрғиса ағай бастаған біздің оркестріміз бір автобус болып Қаскелеңге жеттік. Біздер бір қауымбыз ғой, Мәдениет үйінің үлкен залындағы сахнаға отырғызып қойды. Бір уақытта клубқа Шәкен Айманов келіп, алдыңғы орындыққа жайғасып, әңгіме айтып отырды. Біраз уақыт өткенде өзінің «Москвич» машинасымен Ермек Серкебаев келді, қасында Раиса Мұхамедиярова және тағы бір кісі бар.
Раиса ол кезде шет тілдері институтының 2-ші курсында оқиды екен. Ол біз түсетін кинода ауыл концертінің жүргізушісінің рөлін ойнайды. Концерт басталды, киноға да түсіріліп жатыр. Біздің оркестріміздің сүйемелдеуімен Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришат және Мүсілім Абдулиндер, Роза Жаманова және тағы басқа әншілер бірінен кейін бірі шығып ән айтып жатты.
Біздер ол кісілер айтқан әндерді сүйемелдеуші рөлінде ойнап отырдық. Концерт жүргізушінің рөліндегі Раиса Мұхамедиярова ерекше көзге түсті. Бас киімі қазақтың үкі таққан биік сәукеле, үстіндегі камзолы белін буған, аяғында ою-өрнектері көз тартарлық биік өкше етік, қолына қамшы ұстап жүрді.
– Сәбит Мұқановпен де дәмдес болыпсыз.
– Сарыағаш шипажайы ол кезде қазақ зиялылармен кездесіп, сырласатын бірден-бір құтты мекен болатын. Қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқанов әйелі Мәриям апаймен бірге келіп, бас корпусқа орналасыпты. Мен қарсы есіктегі бөлмеге орналасқан болатынмын. Ол кісілерге төңіректегі Сарыағаш, Келес аудандарының басшылары, колхоз төрағалары мен совхоз директорлары келіп, дастархан жайып жүрді. Менің жас кезім ғой, шақырып алып ет туратып, қымыз құйдыратын. Сәбит Мұқановпен менің әкем Сәрсенбек құрдас болып шықты. Сондықтан да ол кісіні әкем сияқты санадым. Әңгімелерін тыңдап, тағылым алып отыратынмын. Мәриям апайым да мені баласындай көріп кетті. Есімде қалғаны Сәбең бала кезінде Ақан серіні, Біржан салды, Шашубай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақты өз көзімен көрген, сондықтан ол кісілердің түрі, сөйлеу мәнері, әншілік өнерлерін ұзақ-сонар әңгіме етіп айтып отыратын.
Бір күні Ташкенттен бір топ ақын-жазушы келді. Бастап келген Өзбекстанның халық жазушысы, Сәбеңнің досы Гафур Гулям екен. Келген кісілер Сәбеңді қонаққа шақырып, Өзбекстанға алып кетті. Сәбеңнің айтуынша, сол кездегі Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы И.Юсуповтың солақай саясатының салдарынан Өзбекстанға өтіп кеткен бес ауданның бірі – Бостандық ауданына Шыршыққа Сәбеңдерді алып барады. Шамған тауынан бастау алып ағатын Шыршық өзені тауды қақ жарып ағады. Сол тұста бұрыннан салынған көпір бар көрінеді. Сол көпірдің тұсына барып тұрған кездерінде, Бостандық ауданының тамаша табиғатын айта келіп, қасындағы өзбек ақын-жазушыларына қарап: «Тұрмысқа шығып бара жатқан қызды ұзатуын ұзатасың ғой, бірақ ішің удай ашып тұрады, мен де сондай күй кешіп тұрмын, қимай тұрмын Бостандықты», – депті.
Сарыағаш шипажайындағы Мәдениет үйінде Сәбит Мұқановпен өткен кездесуде әртүрлі ұлттардың өкілдері болды. Сәбең орысша сөйледі. Мен ойлап едім, ол кісі орысшаға шорқақтау шығар деп, жоқ олай емес екен, ол кісі екі аяғына теңселіп тұрып айтатын ойын жақсы жеткізе білді. Әсіресе жақында жазып бітіп, баспадан жаңадан шыққан «Аққан жұлдыз» романындағы Шоқан Уәлихановтың бейнесін, оның ғылымға қосқан үлестерін, зор зерттеушілік жұмыстарын, қалдырған еңбектерін жақсылап, әсерлеп айта білді. Шоқанның патшаның арнайы қабылдауында болып, үлкен балда патшаның қызымен би билегенін айтып отырғандарды таңғалдырды, тамсандырды. Сөйтіп, Шоқанның орысша оқып, жан-жақты білім алуының арқасында, әсіресе оның ұрпақтан-ұрпаққа сіңген тектілігінің арқасында қазақтан шыққан аса зор дарын иесі болғандығын тыңдаушыларға шебер жеткізді.
– Бір әңгімеңізде батыр Бауыржан Момышұлымен кездескеніңізді де айтып қалып едіңіз?
– Жуалыда өткізген жылдардан ұмытылмастай болып есте қалған бір жәйт бар. Баукеңнің туған жері осы Жуалының Орақ-балға ауылы. Институтты тәмамдағаннан кейін бұйырғаны осы Жуалы болды.
Жайма-шуақ көктемнің кезі. 9 мамыр, мейрам. Аудан орталығындағы Әшірбек жездемнің үйі үлкен, ауласы да ауқымды. Жеңіс күніндегі басқосуды басшылар осы үйде өткізуді ұйғарған екен. Бірінші хатшы Жүндібаев бастаған аудан басшылары әйелдерімен кең залдағы үлкен дастархан басына жайғасқан. Есік ашылып қалғанда іштен қарқылдаған еркек, сылқылдаған әйел күлкілері қатты-қатты естіледі. Мен қасымда өзім қатарлас осы үйге ағайын жігіт бар, екеуміз далада самаурын қойып, қазанға от жағып қолғабыс жасап жүрміз. Бір кезде көше жақтан «гүр» еткен машина даусы естіліп, қақпа алдына «Волга» Газ-21 машинасы тоқтай қалды. Есік ашылып сыртқа бойшаң келген, кеуделі, денесін тік ұстаған, әскери киімдегі бір ер кісі шықты. Жүрісі суыт, түрі де сұсты көрінді. Шыққан бойда үстіндегі кителін түзеді де үйге бет алды. Жүрісі де шапшаң екен, біз сәлемдестік қол алысып, ол кісі: «Әшірбектің үйі осы ма?», – деді. Біз: «Осы үй», – дедік. Сөйтті де ішке еніп кетті. Аңырап тұрып қалған менің қолымнан түртіп қасымдағы жігіт: «Бұл кісі Бауыржан Момышұлы ғой», – деді. «Қойшы, шынымен бе?» деппін таңғалып.
Біз екеуміз машинаға қарай жақындадық. Рульде мосқал тартқан орыс кісі отыр. Артқы орындықтан әйел бейнесі көрінді. «Е, бұл жеңгей болды ғой», – деп есік ашып, сәлемдесіп, үйге алып кірдік. Бірақ жеңгеміз ізінше әдемі жүзінде күлкі ойнаған күйі қайта сыртқа шықты. Көп ұзамай-ақ есіктен Баукеңнің өзі де көрінді. Біз жаққа бір көз тастап, сөйтіп шапшаң басып машинасына отырды да, жүріп кетті. Түкке түсінбей біз қалдық.
Соңынан белгілі болғандай Баукеңнің бұл келісінің астары былай екен. Қара теңіз жағасында демалып келе жатып ауылына соғып, туып-өскен Орақ-балғаға келіп жатқанына 3-4 күн болса керек. Ести тұра орталықтың іргесіндегі ауылға сәлем беруге аудан «дөкейлерінің» бірі де атбасын бұрмапты. Міне осыдан кейін ашу-ызаға булыққан Баукеңнің өзі келіп, бұларды жерге қаратып, «масқаралаған» түрі екен.
Отан қорғауда қол бастап, сұрапыл жаудың бетін қайтарып, фашисті жеңіп қайтқан даңқты батыр, соғыстан кейін халықтың құрметіне бөленген атақты Бауыржан Момышұлын алғашқы көруім осылай болып еді.
Бауыржан Момышұлымен екінші рет Сарыағаш шипажайына демалуға барғанда кездестім. Келгеніме екі-ақ күн болған. Бірге тамақтанатын үш жігіт әңгімелесіп келе жатқанымызда аллеяның бір шетінде бір кісімен сөйлесіп отырған Бауыржан ағаны көріп қалдық. Сәлемдеспей өту әбестік болар еді, бұрылып барып сәлемдестік. Сәлем берген бізден: «Қай туған боласыңдар?» – деп сұрады. Мен жөнімді айттым. «Білем» деді. Келесі жігіт арғын руынан екен. Оған: «Мен Арғыннан 5 әйел алғанмын», – деп еді, қасындағы отырған кісі, кейіннен білдік профессор екен, «Оу, Бауке, Арғыннан өсіп-өндім десеңізші!», – деді. Осы кезде халық артисі Шабал Бейсекова мен сол кездегі Министрлер Кеңесі төрағасының әйелі екеуі келіп сәлем берді. Баукең орнына тұрып, олардың қолдарынан сүйді.
Ол кезде демалушылар бас корпустан тамақтанатын. Баукең тамақтанып болғаннан кейін күндегі әдетінше алдыңғы алаңқайға орнатылған орындықтарға таныстарымен бірге отырып әңгімелесетін. Біздер ол кісінің әңгімесін тыңдауды әдетке айналдырып алдық. Ол кісінің айтуынша «Ұшқан ұя» кітабын жазып жатыр екен, машинканы өзі басатынын да білдік. Мен бір реті келгенде Баукеңе Жуалыда, Бурныйда қызмет істегенімді, орталықтағы «Центральная, 39» деген үйде ол кісіні көріп сәлемдескенімді және ұлы Бақытжанмен және інісі Қоңқабаймен жасымыз қатар болып, араласып жүргенімізді айтқан болатынмын. Осыдан кейін Баукең маған жылы сөйлеп, тамақтанғаннан кейін демалып отырғанда, атымды атап: «Садық, жақын отырып әңгіме тыңдап жүр» деген еді. Содан бері мен Баукеңнің қасына жақын отырып жүрдім. Сөйтіп Баукең сияқты қаһарлы да айбынды көкемізбен демалыста бірге болып, екінші рет кездескенім бар.
– Өміріңіз босқа өтпеген екен, Садық аға! Тағылымды әңгімеңізге көп-көп рахмет. Бүгінгі басшылар, аудан, ауыл әкімдері осындай әңгімеден үлгі, өнеге ала білсе, ұлттық руханият пен мәдениетті, ұлы өнер иелерін құрметтей білуді ұмытпаса екен дегім келеді.

Әңгімелескен
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Aq jol».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support