- Advertisement -

Нұргелді – әлем чемпионы

178

- Advertisement -

Ресейдің Владимирск қаласында есту қабілеті төмен спортшылар арасында еркін және грек-рим күресінен әлем чемпионаты аяқталды. Аталған жарысқа жаһанның 20-ға жуық мемлекетінен 250-ден астам спортшы қатысып, өзара кім мықтыны анықтаған болатын. Бұл байрақты бәсекеге еліміздің ұлттық құрамасынан 42 спортшы қатысса, оның 12-сі – біздің облыстың өкілдері. Ұлттық құраманы Ресей Федерациясына Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еркін күрестен ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Ерназар Қонысбаев бастап барды. Аталған әлем біріншілігінен жамбылдық бір спортшы жеңімпаз және жеті спортшы жүлдегер болып оралды.
Әлем чемпионы Нұргелді Амангелді бастаған жеңімпаздарды Тараз қаласының батыс шекарасынан жерлестері үлкен қуанышпен күтіп алды. Жиналғандар алдында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз сөйлеп, сегіз бірдей жерлесіміздің әлемдік додада жүлдегер атануын үлкен жетістікке балады. Әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне «Тараз-Арена» спорт сарайы алдында да құрмет көрсетілді. Мұнда жамбылдық жастар арнайы жалаулар көтеріп, үлкен ризашылықтарын білдірді. Чемпион мен жүлдегерлер де елдің ыстық құшағына еніп, өздерінің жеңістерін енді толық сезінгендей күй кешті. Бұл жерде Рио паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, 2013 жылғы сурдлимпиадасының жеңімпазы Ғабит Есжанов және Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, ата-ана Жасан Омарова сөз сөйлеп, жеңіспен оралған жерлестері үшін қуанышты екендіктерін айтып, оларға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
Ал енді таратып айтсақ, Ресей жеріндегі есту қабілеті төмен жасөспірімдер, жастар және ересек спортшыларға арналған әлем чемпионатында еркін күрестен жасөспірімдер арасында 80 келі салмақтағы жерлесіміз Нұргелді Амангелді жеңімпаз атанды. Сондай-ақ еркін күрес бойынша ересектер арасында 70 келіде Әділет Жамбыл, 74 келіде Ғасыр Тұрғынбай, 79 келіде Шыңғысхан Әлдибаев қоладан алқа тағынды. Жастар арасында 74 келіде Ғасыр Тұрғынбайдың күміс жүлде, 55 келіде жасөспірімдер арасында Жан Кокамбаевтың қола жүлде алғаны да үлкен олжа. Ал грек-рим күресі бойынша 80 келіде Нұргелді Амангелді жасөспірімдер арасында күміс медальды иеленсе, жастар арасында 72 келіде Рауан Аңсабек пен 77 келіде Айдос Түгелбаев қола медальды олжалап қайтты.

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support