- Advertisement -

Заңғар жазушыға жездемнің жәрдемі тиген

177

- Advertisement -

Шыңғыс Айтматовтың туғанына – 90 жыл

Мен жетпіс төрт жастағы еңбек ардагерімін. Ақыртөбе ауылында тұрамын. Айтайын дегенім – қырғыздың біртуар тұлғасы, жазушысы Шыңғыс Айтматов туралы. Себебі заңғар жазушының балалық шағы туралы біраз деректер білемін.
Менің жақын жездем Мырзахмет Мейірманов 1940 жылдары Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры болған екен. Бес-алты жыл ректорлық қызметінде адамдарға көп жақсылық жасаған көрінеді. Дегенмен кейбір ағайындарға ұнамаған болуы керек, соңына шам алып түсіп, кетуге мәжбүр етеді.
Жездем ректорлықтан кеткенімен, қырғыз елінен кетпейді. Қырғыздың Киров атындағы су қоймасы жанындағы айылдың мектеп-интернаттың директоры болып тағайындалады. Міне, осы кезде Мырзахмет жездеме жас Шыңғыс, Шыңғыс Айтматов, өтінішпен кіреді. Шыңғыстың анасы қазақтың қызы екен. Сол жағынан да үміттеніп: «Мырзахмет, байке, сізге үмітпен келдім. Бәтеңкемнің табаны түсіп, тесіліп қалды. Өзім аш-құрсақпын. Екі қарындасым бар. Олар да аш, киімдері жұпыны. «Халық жауының балалары» деп, барлығы бізге өштікпен аяусыз қарайды. Мен ер жігітпін, нанымды табамын. Екі қарындасыма қиын, сол екеуін интернатыңызға алыңыз, көмектесіңіз!» – деп өтінеді.
Мырзахмет жездем қаршадай Шыңғыстың қайсарлығына, қарындастарын ойлаған бауырмалдығына жүрегі елжіреп, сүйсініп қалады. Қолынан келгенше көмектесуге бекініп, екі қарындасын интернатқа қабылдауға бұйрық шығарады. Ал Шыңғысты үйіне ертіп барып, әйелі Шынарға (әпкеміз ғой) ет астырады. Ескі киімдерін тастатып, Шыңғысты бастан-аяқ мұнтаздай етіп киіндіреді. Әкесіндей қамқор болған адамды көріп, Шыңғыс бір жасап қалады. Бұл жерде оның батылдығы да жақсы қадамға бастап тұр емес пе?! Мырзахмет жездем содан кейінгі уақытта Шыңғысты баласындай көрген. Шәкең болса, жездемді «әке» деп атап кетеді.
Кейіннен Шыңғыс Құландағы зоотехникалық-мал дәрігерлік училищеде төрт жыл оқып, білім алады. Ол училищеде туған жездем Сұрапбай Жамбыловтың баласы Әзім оқыды. Әзім болашақ қырғыз жазушысымен бірге оқыды. Шыңғыс осы кезде қазақ достарымен көп араласады. Мал дәрігері мамандығын алғаннан кейін де Шыңғыс Т.Рысқұлов ауданының бұрынғы «Восток» колхозында бір жыл мал маманы болып еңбек етеді.
Алайда бойындағы бұлқынған жазушылық дарын Шыңғысты әдебиет әлеміне жетелеп әкетеді. Ол осы жылдардан бастап біржолата қаламгерлік жолға түседі. Талабын Құдай оңғарып, үлкен заңғар жазушы болғаны баршамызға аян. Алайда Шыңғыс өте ауыр жағдайда өткен бала күндерін ұмытып кеткен жоқ. Мырзахмет жездемнің жақсылығын да естен шығармады. Үлкен тұлға болған кезінде де жездеме үнемі келіп, құрметтеп тұрды. Жаңа кітабы басылып шыққан сайын алдымен сүйіншіні Мырзахмет әкесінен сұрайтын. Бұл жерде заңғар жазушының жақсылыққа адалдығын, жанының тазалығын көреміз.
Бұл күнде Мырзахмет жездем бақилық болды. Кейіннен ұзақ жыл Қызыл Жұлдызда ет комбинатына директор болған еді. Зейнетке шығып, осы Таразда тұрып, өмірден озды. Ал оның жары Шынар әпкем қазіргі таңда Алматыда тұрады, 102 жаста.
Қырғыздан шыққанымен, әлемге ортақ туындылар жазған заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов жайлы осылай білетін деректеріммен бөліскім келді. Ол кісі жайлы алдағы уақыттарда да айтыла беретіні анық.

Еркін Сәрсенбаев,
еңбек ардагері.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support