ІТ кешені автомат тандырылған жүйеге жол ашады

93

Енді бірер жылда әр мекеменің табалдырығын тоздырып, құшақ-құшақ құжат арқалап жүретін кезең келмеске кетеді. Бұған бүгінде барлық салаға ІТ технологиялардың жаппай енгізіле бастауы дәлел. Жақында автоматтандырылған жүйеде мемлекеттік қызмет көрсететін ресурстық кешен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде ашылды.

ІТ орталықтың тұсаукесер рәсіміне «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов қатысып, қысқа мерзімде жүзеге асырылған игілікті істің нәтижесіне куә болды. Кешеннің кідіріссіз жұмыс істейтін жаңа технологиялармен жабдықталуының өзі сандық жүйенің келешегі кемел екенін көрсеткендей.
– Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру – цифрлық дәуірдің талабы. Ақпараттық технологиялар аса жылдам дамып жатқандықтан, біз уақытпен үндес жұмыс істеуге міндеттіміз. Бұл, бір жағынан, қызметші мен тұтынушы арасындағы делдалдықты жоюға көмектеседі әрі қызмет сапасын арттырады, – деді Мақсұт Ыбырайханұлы.
Енді политехникалық колледждің студенттері еш кедергісіз өздеріне қажетті құжатты электронды түрде рәсімдей алатын болды. Бастысы «тірлігін» тез бітіру үшін таныс іздеп, сабылмайды.
– «Автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер» бағдарламасы – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің бірден-бір жолы. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін электронды жүйеге көшіруді ұсынғанда біз бұл бастаманы бірден іске асыруға ұмтылдық. Соның арқасында талапкерлер құжат тапсыру, студенттер жатақхана алу туралы өтініштерін, сондай-ақ дипломның түпнұсқаларын алу үшін өтінімді электронды түрде толтырып, мемлекеттік қызмет көрсету барысын бақылай алады, – деді колледж директоры Жанар Орынбаева.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі бұған дейін де ІТ мамандарын даярлап келген. Заман талабына сай алдағы уақытта маман даярлау ісі тәжірибемен ұштастырылып, әрі қарай дамытылатын болады. Бұған колледжде ашылған «Сандық ІТ технологияларының автоматтандырылған ресурстық кешені» үлкен мүмкіндік беретіні анық. Себебі ІТ сынып қажетті ақпараттық технологиялармен толық жабдықталған. Ал кең жолақты интернет компьютерлер мен моноблоктардың жылдам жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жаңа бағдарламаларды жүктеп, оны әрі қарай дамытып, жаңа жоба жасауға мүмкіндік береді. Барлық саланы автоматтандыруды көздейтін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жемісі де осы болмақ.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту