- Advertisement -

Тірлігі тиянақты кәсіпорынға тапсырыс көп

175

- Advertisement -

Біз газ өндірмейміз, мектеп, балабақша, жеке тұрғын үй салмаймыз. Негізінен инфрақұрылымдық-инженерлік коммуникация жүйелерін жүргізумен айналысамыз. Мұндай жұмыстарға су, газ құбыры, кәріз желілері жататыны – екінің біріне белгілі. Серіктестігіміз заңды тұлға ретінде 1999 жылы облыстық әділет басқармасына тіркелуден өткен. Ал өзім мекемеге 2003 жылдан бері басшылық етіп келемін.

Бастапқыда жұмысты бар-жоғы төрт-бес адаммен ғана бастаған едік. Серіктестікте қазіргі уақытта штаттық кестеге сәйкес инженерлік құрам, өндірістік-техникалық, кадр және жабдықтау бөлімдерінің мамандары, автоцех пен құрылыс материалдарын дайындау цехының жұмысшылары, жүргізушілер, басқасы бар 70 адам жұмыс істейді. Он төрт атаулы техникамыз бен қосымша құрылғыларымыз және бар.
2012-2016 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның тапсырысына сәйкес бірыңғай газдандыру Тараз қаласындағы газ-құбыр желілерін жаңарту жұмыстарымен айналыссақ, одан беріде Талас ауданындағы «Амангелді» газ кен орнында бұрғылау қондырғыларын әкеліп іске қосу ісін жүзеге асырып келеміз.
Айта кету керек, бүгінде «Амангелді» ЖШС тапсырысы бойынша Ойық ауылынан басталып, Сарысу ауданының Досбол елді мекеніне дейін газ-құбыр желісін жүргізу жұмыстары қызу жүргізілуде. Оның жалпы ұзындығы 128 километрді құрайды. Биыл «көгілдір отын» жеткізілуі тиіс елді мекендердің бесеуі – Талас, төртеуі Сарысу аудандарына тиесілі. Осынау құрылыс нысанының Үшарал ауылы бағытындағы бір бөлігі – 42 шақырымдық газ-құбыр жүйесін жүргізу біздің мекемеміздің еншісіне тиген-ді. Бүгінде бұл іс бітуга таяп қалды.
Бұдан бөлек, Тараз қаласының болашақта құрылысы басталатын 14-шағын ауданы аумағында инфрақұрылымдық жұмыстарды жүзеге асыру үстіндеміз. Былтыр бұл аумаққа газ-құбыр желілерін жүргізгенбіз. Сондай-ақ облыс орталығындағы 15-шағын ауданында жылу жүйесі инфрақұрылымын қалыптастыру ісін де жақын күндері бітіреміз деп отырмыз.
2003 жылдан бері облыс аумағындағы бірқатар елді мекендерге газ және су құбыры жүйелерін жүргізуді жүзеге асырдық. Мекемеміз жаз айларында маусымдық жұмыстарға 120-130 аралығында жұмысшы күшін жұмылдыру әлеуетіне де ие. Жұмысшыларымыз орташа есеппен жұмыс ауқымына байланысты 70-200 мың теңге аралығында, инженер-техник қызметкерлеріміз 300 мың теңгеге дейін айлық жалақы алады. Қатаң тариф басшылыққа алынады десек те, «Амангелді» газ кеніші аумағында жұмыс істейтіндерге үстеме ақы да төленетінін атап өткеніміз жөн.
Газ дегеніңіздің өзі жанғыш, жарылғыш зат болған соң, бұл салада тәуекел деп жұмыс істеуге көлденең көк атты келе бермесі анық. Содан да білікті мамандардың тапшылығы сезілуде. Әлбетте, жақсы маман жақсы айлық жалақы да алады. Өз ішіміздегі талабы бар жастарға смета жасау мен жобалаудың қыр-сырын оқытып, үйретіп те жатамыз. Соңғы жылдары бізге жоғары оқу орнын бітіріп келіп, жұмысқа орналасқан жастар жоқ емес. Оларды телімде, өндіріс бөлімінде қызмет етуге машықтандырып, тәжірибе, сүзгіден де өткізіп, екі-үш жыл тәрбиелейміз. Мұндай жас мамандардың кәсіби шеберліктерін ұдайы жетілдірудің арқасында өзінің жеке кәсіпкерлік құрылымдарын ашқаны, Атырау өңіріндегі Қазақстан-Америка бірлескен компаниясында жұмыс істеп жатқаны да бар. Алайда аса көп емес. Білікті кадрлерге, әсіресе өндірістік және азаматтық құрылыс саласы бойынша маманданғандарға ділгірлік әлі де сақталып отыр, тіпті жоқтың қасы десе де болады. Қазіргі кезде серіктестіктегі осы салада қызмет ететін мамандардың басым дені орта жастағыларды құрап отыр.
Мекемеміз негізінен өңірідегі орта кәсіпкерлік бағытындағы мамандандырылған құрылымдардың бірі санатында. Салада бәсекелестеріміз де көп-ақ. Алайда олардың бәрінің бірдей әлеуеті жоғары деуге келмейді. Кейбіреулерінің екі-үш жұмысшысы ғана бар.
Қалай болғанда да тендерге қатысып, ұтып алған қомақты қаражаты бар құрылыс нысаны жұмыстарын мерзімінде орындауға тиіспіз. Бұл мақсатқа қолда бар күшті жұмылдырып бағамыз. Өзімізге тиесілі міндеттерді мерзімінде атқарып, үлгере алмайтын кез де кездеседі. Бұл енді жабдықтау мәселесіне көп байланысты. Мысалы, газ шаруашылығын жүргізуге қажетті құрылыс материалдары елімізде аса көп шығарыла бермейді. Көбінесе, оның ішінде реестрде қарастырылғаны Еуропадан, Ресейден жеткізіледі. Көп партиямен емес, өзіміз берген тапсырыс көлемінде ғана шығаруға тура келетіндіктен, кейбір түрін біраз күтуімізге тура келеді. Бүгінде шаруашылығымызда қолданылатын полиэтилен құбырлары өзімізде, Атырауда өндірілетіндіктен, бұл ретте ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ.
Ал қазақстандық мазмұнның 78-80 пайызға дейін қамтылу мәселесі тендерді жеңіп алғанда өз міндеттемемізде де тайға таңба басқандай көрсетілетіні белгілі. Оны орындай алмасақ, 15 пайыз көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүрміз. Ол ешкім үшін де тиімді емес. Сондықтан құрылыс жұмыстары кезінде отандық өнімдерімізді молынан пайдалануға күш саламыз.
Алда-жалда тапсырыс түсіп жатса, облыстан тыс өңірлерге де барып жұмыс істеуге дайынбыз. Бұған дейін Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында тапсырыстар орындап, мол тәжірибе жинақтаған жайымыз бар. Қазіргі жағдайда жалпы жұмыстың жағдайын, жұмысшылардың тағдырын тендерлердің шешетіні үйреншікті құбылысқа айналды ғой. Мұндай «аламанға» біз де, әрине, тұрақты түрде қатысамыз. Тендерді ұтып ала алмай қалуымыз да бек мүмкін. Алайда біз «Альтайс групп» компаниясына бағыныстылықта болғандықтан, оның басқа құрылымдық бөлімшелеріндегі жұмыстарды атқаруға жіберілеміз. Компания осылай жұмысшыларымызды жұмыссыз, айлықсыз қалдырмауға күш салады. Он шақты жылдың көлемінде бізде жұмыссыз қалу жағдайы тіркелген емес.
Мекемеміз қол жеткізген еңбек жетістіктері үшін қала әкімінің, салалық басқармалардың марапаттарына да ие болған. Біз өз тарапымыздан медреселерге, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен өтетін түрлі деңгейдегі жарыстарға тұрақты түрде демеушілік көрсетіп, жәрдем беруді де ұмытқан емеспіз. Қайырымдылық көмек ретінде облыстық орталық мешіттің жылу қазандығын қойып бердік. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар балаларының жағдайларына да қарайласамыз.
Осы орайда, серіктестік ісінің ілгерілеуіне бас инженер Қанат Бейісовтың, өндірістік-техникалық бөлім басшысы Вячеслав Лапковтың, инженер Ерлан Қасқырбеков пен күзетші Иван Евсиковтің, кадр бөлімінің басшысы Рысжан Нарымбетованың, учаске басшысы Серік Жақсыбаевтың, басқа да жұмысшылар мен жүргізушілердің қомақты үлес қосып отырғанын атап өтуге болады. Ұжымымыз алдағы уақытта да ел игілігін еселеу жолындағы жұмыстарды ауызбіршілікпен жұмыла жүзеге асыра да бермек.

Қонысбек АРАЛБАЕВ,
«Газ-Сервис» ЖШС-ның директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support