Тұйық көшелер тұрғындарды тығырыққа тіреп отыр

60

Тотыдайын таранған Тараздың бас жоспарын қайтадан мұқият зерделеу қажет-ақ. Өйткені жолды жауып, көлік қатынасын күрделілендіріп отырған тұйық көшелер қалалықтарды тығырыққа тіреп отыр. Беті аулақ, егер мұндай «бітеу» көшелерде төтенше жағдай орын алса, таксиіңіздің де, жедел жәрдеміңіздің де, тіпті өрт сөндірушілеріңіздің де ол жерге емін-еркін кіріп-шығу екіталай.

Мәселен, Абай бұрылысы тұйығымен жүріп келесі көшеге өтемін деп әуре болмаңыз. Үйлердің арасында әрі-бері өтер жол жоқ. Тұтас қорғанға (замок) айналып кеткен. Бұл – «бітеу көше». Сондықтан қалалық жер қатынастары бөліміне, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне немесе әскери комиссариатқа бару үшін не Көшек батыр, не А. Пушкин көшесін айналуыңызға тура келеді.
Ал «Арай» алқабының тұрғындары үйлеріне баруы үшін бірнеше көшені айналып өтуге мәжбүр. Себебі олар тұратын «аты жоқ» көшенің дәл үстінен бастапқы сызба-жобасында қаралғаннан тыс жеті бірдей тұрғын үй салынып кеткен. Айша бибі көшесіндегі көпірден кедергісіз өтіп жүрген арайлықтар қазіргі таңда діттеген жеріне жетуі үшін 4-5 көшені орағыта өтеді. Мұндағы Майлықожа көшесінен кейінгі 4 көшені кесіп өтетін жол қоршауға алынып, оның орнына реттік саны қатар орналасқан үйлермен мүлдем сәйкес келмейтін бейберекет баспаналар бой көтергендіктен, бұқара осылай әуре-сарсаңға түседі. Тағдырлары тұйық көшемен тікелей байланысты тұрғындардан бұл күні маза қашқан.
Он жылдан бері Патшабек Тілеубаев көшесі №12 үйдің тұрғыны Орал Жайлыбек немерелері сабақтан келемін дегенше шыбын жанын шүберекке түйіп отырады. Оның айтуынша, немерелері үшін күн сайын мектепке бару қиынға соғады. Ол – ол ма, қыс мезгілінде көше-көшені аралап көпірге дейін жаяу бару – мектеп жасындағы балалар үшін нағыз ақырет. «Көлік біреуде бар, біреуде жоқ. Көшені бекітіп тұрған алғашқы үйдің іргетасы қалана бастағаннан әкімдіктегілерге хабар бергенбіз. О баста Айша бибі көшесіндегі каналдан өтетін көпірдің өзі осы жолға арнап салынған. Әкімдіктегілер келіп көрді де. Өзіміз шешеміз деді. Бірақ нәтижесіз. Бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ», – дейді ол.
Жергілікті тұрғындардың түсінбейтіні – бүгінде жолды жауып тұрған бұл үйлер 2014 жылдан бастап салынған кезде жер қатынастары мен сәулет, қала құрылысы бөлімдері мамандарының қайда қарап отырғаны?!
Сол кездегі шаһар басшысы да көтерілген мәселеге орай, кейінірек тіпті облыс әкімі де бұл алқапқа өзі арнайы келіп, жағдаймен танысқан. Алайда нақты нәтиже әлі жоқ. «Әкімнің көпірдің бойы мен алқаптағы жаңа балабақшаның алдына жалпақ жол түсетінін айтқанына осындағы ел куә. Көшенің жобалық құжаттарының бар екенін жеткізді. Қалалық әкімдіктен шенеуніктер келіп, көзбен көріп, уәде береді, бірақ орындамайды», – дейді Патшабек Тілеубаев көшесіндегі №16 үйдің тұрғыны Нұржан Асанқұлов.
Айта кетейік, Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің мамандары Н.Бекниязов пен Ж.Валиханның 2016 жылдың 3 маусымында жазып, қолы қойылған арнайы актіде «Дау тудырып жатқан «Арай» алқабының тұрғындарының сәулет және қала құрылысы бөлімімен берілген жер телімінің жоспарында (көшірмесі), жоғарыда көрсетілген нөмірі белгісіз №1019,1058,102 «А», 1056,1057,1043 жобадағы жер телімдерінің орнына өткел жол көрсетілген» деп жазылыпты.
Әрине, қарапайым халықтың наразылығын тудырған мәселеден жауапты мамандардың хабардар екендігі анық. Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбеков бұл жайт соттың шешімімен ғана реттелетінін тілге тиек етеді. Ал Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Айдар Молдабаевтың сөзіне сенсек, былтыр күзде тұрғындармен жаяу жүргіншілерге арналған жол ашып беру туралы келісім жасалынған. Алайда олар (тұрғындар) көлік жүретін жол салып беруді өтініп отырғандықтан, алқаптағы барлық жолдар келешекте жөндеуден өтіп, көше салу да қарастырылмақ екен.
Қалай десек те, басы ауырып, балтыры сыздағанда жедел жәрдемнің көмегіне жүгіне алмайтын, төтенше жағдай орын ала қалса, арнайы мамандар жуық арада жол тауып бара алмайтын, сатылып кеткен көшенің тұрғындарының базынасы елең еткізбей қоймасы анық. Дей тұрғанмен халықтың уайымын сейілтер екі метрлік жолдың жайы қай күні нақты шешімін табатыны белгісіз. Мұны тіпті жауаптылардың өзі айта алмайды. Сол себепті «Арай» алқабындағы ағайын үшін жақсылықтың ауылы алыстау болып тұр, әзірге.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту