- Advertisement -

Қатыгез саясаттың қасіретін бүгінгі ұрпақ ұмытпайды

185

- Advertisement -

Өткен ғасырдың басындағы нәубет жылдардың зобалаңын жадымызда жаңғыртып, шерлі шежіремізге жыл сайын тағы бір тың дерек қосатын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің барша қазақстандықтар үшін мәні жоғары. Тарихын түгендеп, өткенін қайта жаңғыртқан осындай тәуелсіз еліміз барда бұл күннің маңызы жыл өткен сайын арта түсері анық. Кеңестік солақай саясаттың «құрығына» ілігіп, құрбан болғандардың құрметіне қойылған Тараз қаласындағы ескерткіш алдына жиналған Жамбыл жұртшылығы өз ісімен де, сөзімен де осыны көрсетті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған өңір тұрғындары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, арманда кеткен арыстарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Зобалаң жылдарда Жамбыл өңірінде 5 мыңнан астам адам зардап шекті, соның 800-ден артығы оққа ұшты. Солақай саясаттың, қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан 1 миллионнан аса тұрғын көз жұмды. Сол аштық жайлаған кезеңге дейінгі халықтың санына тек 1970 жылы зорға жеттік. Егемен ел атанып, еңсемізді тіктегенде ғана сонау бір нәубет жылдардың, ақтаңдақтар ақиқаты айтыла бастады. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз түгелденуде. Алаш ардақтыларының есімдері жаңғыруда. Олардың жазып қалдырған құнды дүниелерінің қайта жарық көріп, елдің игілігіне айналғаны да тәу етер тәуелсіздігіміздің жемісі. Сондықтан да біз бейбіт күннің бағасын шын түсініп, тату әрі берекелі өміріміздің баянды болуын тілейміз, – деді Асқар Исабекұлы жиылған жұртшылықтың алдында.
Өмірін қолдан жасалған ашаршылық қиған, репрессия науқанында «құрыққа» іліккен, депортацияға ұшырап, демі үзілген қайран жұрт. Үнсіздікте елдің эволюциялық дамуын күрт үзген кезеңнің сұрқай көрінісі жиналған көпшіліктің еңсесін баса түскендей еді. Әлем тарихында сирек кездесетін алапат демографиялық апаттың салдарын еске салған естеліктер одан да ауыр. Жиында еңбек ардагері, тарихшы Мақұлбек Рысдәулет архив құжаттарындағы ақтаңдақтардың ақиқатын ақтарды. Шаң басқан архивтегі жан түршіктірерлік деректерді тілге тиек еткен ол өскелең ұрпақтың рухани жаңғыру кезеңінде сонау сұрқай жылдарда көрініс берген «жаптым жала, жақтым күйе» әдеттен аулақ болып, тарихымызды тағылымды етіп, тәуелсіздігімізді баянды етейік деген тілек айтты. «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің құрметті төрағасы Дуниядар Абдуллаев депортацияға ұшыраған, саны аз ұлттардың басына түскен нәубетті тілге тиек етіп, қиын-қыстау жылдардағы қазақ халқының көрсеткен қамқорлығын еске алды. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ақбота Аққұлиева жас ұрпақты өткенге құрметпен қарап, бейбіт күннің, бақуатты өмірдің қадірін түсінуге шақырды.
Иә, еліміз бастан өткерген кеңестік кезеңнің солақай саясатының сұрқай сынақтарын ешқашан ұмытпайды. Елбасымыздың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнаған Үндеуінде айтылғандай, зұлматты жылдардың зобалаңын бастан кешкенімен, халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Сан ғасырлық даналығын да жоғалтқан жоқ.

Ардақ Үсейінова

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support