- Advertisement -

Таразды түбегейлі өзгерістер күтіп тұр

115

- Advertisement -

Тараз қаласының келбет-айшығы таяу жылдарда адам танымастай болып өзгеретін болады. Атап айтқанда, құрылыс нысандарының ескісі қайта жаңғыртылудан өткізіліп, жаңасы да көптеп салынбақ. Бұрнағы күні облыстық әкімдікте өткен жиын кезінде өңір басшысы Асқар Мырзахметов алдағы уақытта көне де мәңгі жас шаһарымызды шырайландыра түсетін бірқатар нысандар құрылысының дайын эскиздік жобалары мен ұсынымдарын қарап, танысты.

Келер жылғы Жеңіс күніне орай «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» залы ел игілігіне берілмек. Аталған жобаны таныстарған «BS ARCHI GRОUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақытжан Сыздықовтың айтуынша, айтылған ескертулер ескеріле отырып, бұл ғимараттың бірінші қабаты аумағының көлемі 1000 шаршы метрге дейін кеңейтілген. Мұнда Ұлы Отан соғысы майдандарында шайқасқан жерлестеріміздің портреттері мен олар туралы мәліметтер, сондай-ақ майдангерлер өміріне байланысты экспонаттар орналастырылатын болады. Ал екінші қабатта жерлесіміз, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне арналып, арнайы зал ашылмақ.
Бірқатар ескертулер мен талқылаулардан кейін жоба тұжырымдамасы бекітілді. Асқар Исабекұлы ондағы қазірдің өзінде тұрғызылып үлгерілген нысандар мен құрылғылар жобасының өзі орналасқан аумақпен үйлесімділігін жеріне жеткізе нақтылай түсуді тапсырды.
Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов «Даңқ» залы ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасының әзірленуіне қажетті қаражат қалалық бюджетке де енгізіліп, келер жылға нысан құрылысына жұмсалатын қаржы қарастырылғанын жеткізді.
«Жеңіс» саябағында болашақта, сондай-ақ Чернобыль АЭС-ындағы апатты жою жұмыстарына қатысушыларға арналып ескерткіш орнатылмақ. Бұл орайда мүсінші С. Момышев оның екі бағаналы стела түріндегі нобайымен де таныстырды.
Сонымен қатар Атшабар гүлзар алаңында да ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу күтілуде. Алаңды гүлді субұрқақтар, қолдан жасалынған сарқырама, басқа да кіші нысандар бұрнағыдан да көріктендіріп, ажарын айшықтай түспек. Баспалдақтардың өне бойы көне үлгідегі шырағдандармен жарықтандырылатын болады. Жаңа гүл алаңы жасалады.
Облыс орталығына сыңғырлы үнімен қанша уақыт болғанын еске салумен тұратын, өзіндік үлгідегі үлкен курант – аспалы алып сағат орналастырылуы да жоспарда бар. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің келбет-айшығы да түбегейлі өзгертілетін болады. Қазір бұл нысан жобасы қайта қаралып, өз деңгейіне жеткізілу үстінде.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support