- Advertisement -

Білімге ұмтылу – қанымызда бар қасиет

343

- Advertisement -

Бүгінгі таңда елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде мұғалімдерге жүктеліп отырған жауапкершілік арта түсті. Бұл білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың мүлде жаңа сапасын жүзеге асыруды талап етеді. Қазіргі білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде мұғалім аса маңызды стратегиялық рөл атқарады. Елімізде білім беру жүйесін жаңартудың қазіргі кезеңі жоғары педагогикалық білім беру маңызының артуымен сипатталады. Қазақстандағы білім беру реформаларының тиімділігі, ең алдымен мұғалім тұлғасына, педагог маман дайындау сапасына тәуелді болатыны белгілі.

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет… Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп, білімнің жастардың өміріндегі ең негізгі құндылық екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Алға қойылған осынау міндеттерді жүзеге асыру мақсатында факультетімізде білікті, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, еңбек нарығында сұранысқа ие болашақ педагог мамандарды даярлау ісі үздіксіз жүргізілуде.
Қай қоғамда болмасын қоғамға лайықты тұлғаны қалыптастыру мәселесі баршаны қызықтырып келген және бүгін де солай. Ал тұлға болмысын қалыптастыру мектептен, отбасынан бастау алары даусыз. Өйткені әрбір мектеп қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениеттілікке жеткізу ең алдымен әрбір білім беру мекемесінің дұрыс өмір сүру қалыбын ұйымдастыруынан бастау алуы тиіс.
Күні кеше ғана 50 жылдан астам тарихы бар, оңтүстік өңірге педагог кадрлар даярлайтын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен «Өскелең ұрпаққа адамгершілік рухани білім беру мен әлеуметтендірудегі заманауи тенденциялар» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясында ғалымдар қазіргі рухани жаңғыру жағдайында өскелең ұрпақты әлеуметтендіру керектігін және білім беру жүйесінде рухани адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөлу қажеттігі таратыла айтылды. Жалпы білім беретін мекемелерде жаңартылған бағдарламалары кең ауқымда жүзеге асырылып та жатыр. Дегенмен оқушыға компьютерлік технология мен ағылшын тілін меңгерте отырып, рухани адамгершілік тәрбиесін беру мәселесі шет қалып бара жатқан жоқ па деген сұрақ туады. Осыдан келіп қоғамда болып жатқан жастар арасындағы суицид мәселесі, діни көзқарастың дұрыс қалыптаспауы, адамгершілік әдептерінің бұрнағыдан сұйылыңқырағаны, ажырасу деректерінің үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқаны алаңдатады. Бұл, әрине, ұлтымызға жат құбылыс.
Ұлттық болмысымызға тән тәрбиенің халықтық сипат алуы күшін жойып, қоғамдық пікір бойынша да ажырасу құбылысы тығырықтан шығудың бір жолы ретінде қарастырылуынан байқалады. Нәтижеде жалғыз басты аналар, толық емес отбасылары, басқа да типтер көбейіп барады. Бүгінгі отбасы тәрбиесіне тән тағы бір өзекті мәселе – отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас пен өзара мейірімділіктің жеткіліксіздігі. Ата-аналар күні бойы үйде болмағандықтан, бала тәрбиесі назардан тыс қалып қояды, ата-ана мейірімі ақшалай, заттай, материалдық қамтамасыз етумен толықтырылуда. Осыған орай жастарды мүмкіндігінше жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін молынан меңгеруге, отандық және әлемдік рухани қазыналардың, әдебиеттің терең мұраларын жете танып-білуге, ұлтымыздың рухани құндылықтарын барынша игеруге, имандылыққа, өнертапқыштыққа, жаңашылдыққа, шығармашылыққа, салауатты өмір салтына бейімделуге баулу міндеттері алдымызда тұр.
Ұлы ғұлама әл-Фараби өзінің «Бақытқа жету жолында» деген еңбегінде «Тек бақытты адамдар ғана ұлы істер атқаруға қабілетті болады» деп айтқан болатын. Қазақ отбасы тәрбиесі бір шаңырақтың астында өмір сүретін бірнеше ұрпақтың өзара ынтымақтастығы негізінде ұйымдастырылатын тамаша ұрпақтар сабақтастығы арқылы жүзеге асырылып отырған. Оған мынадай мысал дәлел. Өзінің маңдай терімен тапқан еңбек ақысын үшке бөліп отырған бір кісіден оның мән жайын сұрағанда, ол: «бір бөлігін қарызыма берем, ал екінші бөлігін қарызға берем, үшінші бөлігі ғана өзімдікі» деп жауап берген екен. Бұл мысалдың астарында қазақ халқының тарихи дамуында қалыптасқан өмір салтының айқын көрінісі жатыр. Үш ұрпақтың «ата-әке-бала» тізбегіндегі қарым-қатынасының бір тұтастығы мен тәрбиелік-өнегелілік сабақтастығы арқылы отбасы тәрбиесін тиімді түрде іске асырылуы сипатталып тұр.
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» -деп, еліміздегі жастар, қыздар тәрбиесіне айрықша назар аудару керектігін баса айтқаны да белгілі.
Елбасымыздың Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған салтанатты жиында осынау айтулы оқиға қазақ халқының даңқты шежіресіне тағзым ету және қазіргі ұрпақ үшін тарихтан тағылым алу екенін жеткізіп, «Қазақстан – ол Ұлы Дала Елі! Ол – түлеген Ұлы Дала Елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы… Мен біздің жаңа Қазақстанның осындай бейнесінің әрбір қазақстандықтың ой-санасы мен жан дүниесінен орын табатынына, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін» деп атап көрсеткені, сірә, естен шығар ма?! Шын мәнінде де, бұл сөз ел мен жеріміздің осы уақытқа дейін болмаған өркендеуіне қол жеткізудегі біздің күш-жігеріміз бен мүмкіндіктерімізге деген сенімімізді одан әрі еселей түскендей болды. Бойымыздағы барлық білім білігімізді, еңбегіміз бен ізденісімізді туған еліміздің өсіп өркендеуі жолына арнай беретін боламыз.

Лескүл ИБРАИМОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті өнер және мәдениет факультетінің деканы, педагогика ғылымының кандидаты, доцент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support