- Advertisement -

Атқарылған жұмыс ауқымды

187

- Advertisement -

Бұл үшін 3 миллиард 463 миллион теңге жұмсалды

Еліміз егемендігіне қол жеткізген күннен бастап өңірлерді өркендетуге, қалалар мен ауылдарды абаттандыру мен көгалдандыруға айрықша мән беріліп келеді. Қала, аудандардың, ауылдардың, тіпті әрбір көшенің әсем де әдемі, таза да көрікті болуы көпшілік күшімен жүзеге асырылатын жоғары тәрбиелік маңызға ие іс деп білеміз.
Өңірімізде бұл бағытта көптеген игілікті істер жүзеге асырылу үстінде. Соңғы жылдары абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылуы мәселесінде бірқатар оң тәжірибелер жинақталды. Нәтижесінде қалалар мен ауылдық елді мекендерде тал-дарақтар отырғызу, тұрғындар демалатын саябақтар мен гүлзарларды, көшелер мен арық-атыздарды бірлесе тазалаудың жақсы дәстүрі қалыптасты. Бұған тазалық күндері, сенбіліктер мен айлықтар өткізу үрдісі оң ықпал етуде. Өйткені тазалық әрбір тұрғынның тікелей өзінен басталады. Ал тазалық – денсаулық кепілі.
Басқармамызға Тараз қаласы мен аудандарда, міне, осындай маңызы зор жұмыстардың үйлестірушісі әрі ұйымдастырушы міндеті жүктелген. Ал Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес елді мекен аумағын абаттандыру, жарықтандыру және санитарлық жағдайын көтеру аудандық мәндегі қала және ауыл әкімдерінің тікелей функционалдық міндеттері болып табылады.
Сол себепті қала, аудан және ауыл әкімдері облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 27 маусымдағы №12-16 шешімімен бекітілген қағиданы басшылыққа ала отырып, елді мекендердің аумақтарын жинастыруды және тазалауды ұйымдастыру, аумақтарды күзгі-қысқы, көктем-жазғы кезеңде тазалау, ғимараттың қасбеттері мен құрылыстарын күтіп ұстау, тұрғын мақсаттағы аумақты абаттандыру, жарықтандыру, ортақ пайдаланудағы, демалу мақсатындағы аумақты көріктендіру, шағын сәулет нысандарын көркем безендіру, жолдарды қысқы-жазғы тазалау және күтіп ұстау жұмыстарын жүзеге асыруға тиіс. Осыған байланысты ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында барлық қала, аудандар әкімдіктері тарапынан жергілікті жерлерде көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары дайындалып, бекітілгені белгілі. Тазалық айлығын өткізу туралы қабылданған қаулылар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар назарына да жеткізілді.
Аталған уақыт ішінде жүргізілген жұмыстарды қорытындылайтын да кез келді. Не істелініп, не қойылды? Жүзеге асырылған жұмыстар көңіл көншітерліктей ме? Әлбетте, жақсы нәтижелер жоқ емес. Ең бастысы, мұның барлығы да елдің қамы, солардың игілігін ойлау екені анық.
Атап айтқанда, бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес белгіленген мерзім ішінде өткізілген облыстық сенбіліктер бойынша 151 345 түп тал-терек отырғызылып, 35 313 шаршы метр аумақта гүлзарлар, 11 937 шаршы метр аумақта көгалды алаңдар орналастырылыпты. Сондай-ақ 1 177 километрлік арық-атыз бен канал жүйелерін, 2 678 километрлік көшені тазалау, 913 894 шаршы метрді құрайтын саябақ пен гүлзар аумағын тазалап, көріктендіру жүзеге асырылған. Барлығы 14 217 тонна кездейсоқ күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Биыл бұл жұмыстарға 3 миллиард 463 миллион (оның ішінде абаттандыруға – 2 миллиард 520 миллион, санитарлық тазалыққа – 942,648 миллион) теңге қаржы қаралып, оның игерілгенін де атап өткеніміз жөн.
Міне, осындай елді мекендердің таза да көрікті, көгеріші мол болуы жолында күш және қаржы жұмсалуымен атқарылған жұмыстар желге ұшпаса екен дейміз. Елді мекендер мен көшелердің тазалығын бұдан әрі де тұрақты назарда ұстау баршамыз үшін де ортақ міндет, үлкен жауапкершілік екенін ұмытпайық, әлеумет!

Нұрбай ТІЛЕГЕНОВ,
облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support