- Advertisement -

«Амангелдінің қымызы-ай, шіркін!» дегізген дәурен қайда?

429

- Advertisement -

Бүгінгі таңда британ ғалымдары жабайы жылқыны ең алғаш біздің бабаларымыз үйреткенін тайға таңба басқандай дәлелдеді. Осыдан-ақ жаужүрек қазақ халқы жылқы жалын бес жарым мың жыл бұрын-ақ тартып мінгенін білуге болады. Жалпы, ұлтымыз төрт түліктің қадірін ерте ұққан. Сондықтан қыстың үскірік аязы мен жаздың ми қайнатар аптап ыстығында да мал басын көбейтуді мықтап қолға алған.

Көшпенді ғұмыр кешкен бабаларымыз ертелі-кеш мал бағып, терісін ұқсатып киім етсе, сүйегі мен тұяғынан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасаған. Еті мен сүтін азық етіп күн кешкен.
Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма! –
Биенің сүті – сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?! –
деп келетін ақын-жыраулардың асыл сөздері – қымыздың қадір-қасиеті мен қасиетті жылқы баласының қазақпен біте қайнасып кеткенін аңғартады.
Тіпті бертін келе ішсең құмарыңды қандыратын, ауырсаң дертіңді емдейтін осынау сусынды ұлтымыздың ұлы ақын-жазушылары өз шығармаларына арқау етті. Мәселен, Бернияз Күлекеевтің, Төлеген Айбергеновтің бірқатар туындыларында қымыз хақында асқан шеберлікпен жазылған жолдар кездеседі. Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезов оңтүстік астанамыз Алматы көшелерінде қымыз сататын кісіні іздеп тауып, қымызын түгелдей сатып алған соң, үйіне апарып мол қаржы бергенін былайғы жұрт біле бермес. Осыдан-ақ қаламгердің қымыздың құдіретіне көрсеткен ілтипатын аңғарамыз. Қош. Бірақ біздің бүгінгі айтайын деп отырғанымыз – бұл емес.
Әлбетте, жұртшылық Жуалыны батырлардың мекені деп білетіні ақиқат. Оны қайталаудың қажеті жоқ шығар. Алайда көпшілік қауым кезінде осы ауданнан Мәскеуге қымыз жөнелтілгенін біле ме екен? Ауданымыздағы бүгінгі Тәттібай Дүйсебайұлы ауылы, бұрынғы Амангелді елді мекенінің тұрғындары арнайы мәскеуліктер үшін бие байлап, қымыз дайындағанынан хабарыңыз бар ма? Міне, біз бүгін осы тақырыпта ой қозғап, өткен кезеңге көз жүгіртпекпіз.
Кеңес одағы тұсында 15 республика Мәскеуден басқарылып, тіпті болмашы мәселелерде шешім қабылдау үшін сол жақтың рұқсаты керек-тұғын. Келмеске кеткен сол кезеңнің қатал заңы осылай еді. Бұл ережеге одақтас республиканың бәрі бірдей мойынсұнып, өз «міндеттерін» мүлтіксіз атқарып отырған. Тіпті қарапайым халықтың ризық-несібесі саналатын, табан ақы, маңдай терімен тапқан азық-түліктің өзі колхоз қамбасына түсер-түспестен сонда жөнелтілетін. Жаңағы айтқан қымызымыз да бұл тізімде бар. Сол кезде-ақ көптеген ресейлік атқамінерлердің ас мәзіріне еніп үлгеріпті.
1947 жыл. Дәл осы кезеңнен бастап ауданымыздағы сол кездегі «Амангелді» колхозына қоныс тепкен жергілікті тұрғындар Кеңес одағы Коммунистік партиясы, Министрлер кабинеті бекіткен №3 және №7 емханаларына, сондай-ақ бірқатар шипажайларына тұрақты түрде қымыз жөнелтіп отырған. Бұл үрдіс өткен ғасырдың 60-жылдарының соңына дейін жалғасын тапқан екен. Ал 1970 жылдарда «Амангелді қымызы» мемлекеттік жоспарлау министрлігінің реестріне енген. Осылайша, 90-жылдардың басына дейін яғни одақ тараған уақытқа шамалас Кеңестік партия қызметкерлерінің емдік сусыны саналған. Саналмағанда қайтсін енді? Амангелді елді мекенінің оңтүстік бағытындағы Алатау жоталарында емдік өсімдіктің 70-тен астам түрі өседі. Сол өсімдіктердің барлығын дерлік төрт түлік қорек еткен. Оның ішінде Қамбар ата түлігі де бар. Осыны жақсы білген ресейліктер реті келіп тұрғанда мүмкіндікті құр жібермеген ғой.
Қымыз қаншама дертке дауа болатынын, әсіресе қан тамырларының қабырғаларына орналасқан холестерин түйіршіктерін ерітуде, көкжөтелдің, туберкулездің (мұны қазақ халқы жіңішке ауру деп атайды) алдын алуда қымыз ішудің маңызы зор екенін жақсы білген олар (ресейліктер) қымызды тек дертке шалдыққан жандарды емдеуде ғана емес, Звездный қалашығының мамандары Королев атындағы космонавтар даярлайтын мекеменің қызметкерлері үшін ас мәзіріне енгізген. Өйткені қымыз ұзақ мерзімге ұшатын ғарышкерлердің организмінің жақсы болуына өз септігін тигізген екен. Біз бұл ақпарды кітаптарды ақтарып отырып таптық. Жазылған дүниенің жөні бөлек, әрине. Бірақ қымызды жөнелтуге атсалысқан жандармен тілдескенге не жетсін?! Осы мақсатта атбасын Амангелді ауылына бұрып, бірден алдын ала уәделескен Орал Батырқұлов ағамыздың шаңырағына бас сұқтық. Қазақы қонақжай көңілмен бізді қарсы алған соң, ағамыз әңгіменің тиегін ағыта жөнелді.
– Менің әкем Керімбек заманында атақты қойшы болған. Ұзақ жылдар колхоздың малын бағып, адал еңбек еткен жан. Сол әкемнің кезінде елге қадірлі көптеген адамдар үйіміздің төрінен табылып, жаңағы өзің айтқан қымыздың дәмін татқан еді. Қымызды Мәскеуге жөнелтуде әкемнің де үлесі бар. Әрине, жалғыз менің әкем емес, осы ауылдағы көптеген жандар осы шаруаның басы-қасында жүрген болар. Ол заманда ауылымыздың тұсындағы мына өзіміздің Алатаудағы «Текеқамал» үңгірінде шахта болатын. Ауылда жарық, су жоқ кезде сол өндіріс орнында бұл мәселе емес еді. Тіпті шахтаға апаратын жол қандай еді, шіркін?! Сол шахтада жұмыс атқаратын жандардың да сүйсіне ішетін сусыны – қымыз. Ал қымызды жөнелтуге келсек, бұл оқиға Жуалы ауданы Коммунистік партиясының 1-хатшысы Дмитрий Жигалкиннің тұсында болған. Біздің үйден аудандық кеңестің атқару комитетінің хатшысы Әбдірахман Нұрбаевтың Әмір есімді жүргізушісі аптасына екі-үш рет 20 литрден таң сәріде алып кететін. Бұл үрдіс екі-үш жылға созылды-ау деймін. Нақты айта алмаймын. Бірақ қымыз жөнелтетінімізді білетінмін. Сонда деймін-ау, таңда ауылдан жөнелтілген қымыз ТУ-154 ұшағы арқылы түске таяу Мәскеуде болады екен ғой. Ал одан әрі оны қайда апаратынын білмедім. Жалпы, менің бар білетінім осы ғана. Қазіргі таңда өзімізде әкеден қалған істі жалғастырып, бие байлап, қымыздан таршылық көріп отырғанымыз жоқ, – деп сөзін қорытындылады.
Әрине, Орал ағамыздың әкесінен басқа бұл ауылда біршама тұрғындар қымызды Мәскеуге аттандырып отырған. Алайда көпшілігі бүгінде бақилық. Естуімізше, осы ауылдың тұрғыны Сұлушаш Имашева да қымыз жөнелту жөнінде тың дүниелерді біледі екен. Бірақ ол кісімен тілдесудің сәті түспеді.
Брежневтің кезінде «Амангелді» және «Жаңа ауыл» колхозы болып құрылған, кейінірек «Кременевка» совхозы болған бүгінгі Т.Дүйсебайұлы атындағы ауылдың атағы сол заманда-ақ алысқа кетіпті. Бұл да болса қымыздың құдіретін дәлелдейтіні айтпаса да түсінікті. Қазір де аудан орталығындағы қымызханаларда, сауда дүкендерінің сөрелерінде осы ауылдағы ағайын дайындаған қымыз лайықты орын алған.

P.S. Уақытында ресейліктер рахаттана ішкен осы сусын қарға тамырлы қазақ үшін қадірлі. Өткен ғасырда Кремль шенеуніктері шын бағасын білген «Амангелді қымызының» даңқы болашақта да бүкіл әлемді шарлап кететініне шүбәңіз болмасын. Тек осынау нарық заманында баю үшін қымыздың бағасын өзіміз түсіріп алмасақ болғаны.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support