- Advertisement -

Сауатты адам сан соқпайды

196

- Advertisement -

Тәуелсіз еліміздің тұғырлы тірегі – жастар. Ұл-қыздары білімді мемлекеттің мәртебесі биік, беделі жоғары. Бұл тұрғыдан алғанда біздің елімізде жүзеге асып жатқан шаралар аз емес. Тіпті әлемнің ең озық елдерінде жүздеген жастарымыз алаңсыз білім алуға қол жеткізді. Себебі, сауаттылық, білім – басты қажеттілік. Жастар барлық мәселеде жан-жақты болуы тиіс. Мұның ішінде дін мәселесінде де зерденің ашықтығы, жан дүниенің байлығы аса қажет.
Дін – мемлекеттік саясаттағы, сондай-ақ қазақстандықтардың рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Дін мәселесіндегі тарихи факторлардың қазіргі таңдағы әсері еліміздегі діни ахуалдың ерекшеліктерін нақты көрсетеді. Бүгінгі таңда елімізде қалыптасып үлгерген ішкі саяси тұрақтылықтың алдағы уақытта да берік орнығуы көп жағдайларда мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп атқаратын жұмыстарына байланысты. Қазіргі қоғамда ең нәзік саналатын ауқымды да өзекті тақырыптардың бірі – дін мәселесі. Сондықтан да мемлекетіміз діни экстремизм мен терроризмге қарсы арнайы бағдарлама қабылдап, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар біздің өңірде де өз жалғасын тауып жатыр. Конституциямыздың 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. «Зайырлылық» деген сөздің мағынасы – «дін мемлекеттен бөлек» дегенге саяды. Зайырлылық – ар-ождан бостандығы және төзімділік сынды ұғымдармен тығыз байланысты. Ол мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін танытады.
Өскелең ұрпақ дәстүр мен дінді шатастырмай, ұлттың тірегі бола алатын имани тәрбие жолында жүрсе, еліміздің де келешегі кемел, болашағы жарқын болары анық. Қайсыбір жасқа болсын өзінің дін туралы таным-түсінігін кеңейтуде тек білім алу аздық етеді, қоғамдық шаралар мен түсіндірме жұмыстарына баса мән берген жөн.
Жастар – үлкен күш-жігердің иелері. Олар кез келген жұмысты жапырып, жастық жалынмен атқарады. Алайда кейінгі толқынға берер бағытымыз дұрыс болуы тиіс. Жастар білімді болса, мемлекеттің де беделі артады. Білімді жастар қоғамды дамуға, өркендеуге жетелейді. Білім мен парасат ынтымағы, бірлігі, тыныштығы бар елде жүзеге асады. Мұны жастар бек түсінгендері ләзім.
Дінді ұстанып, иманды, әдепті, ибалы болған жақсы. Бірақ білімсіздіктен өзге жат ағымның жетегінде кеткен замандастарымыз, жастарымыз қалай адасып кеткендерін өздері де білмей жатыр. Тіпті кейіннен ой түйіп, бастапқы райынан, яғни өзге жат ағымнан қайтып жатқан кісілер де аз емес.
Имандылық – адамгершілікті насихаттайды. Осы қасиет – Отанды, туған жерді сүю, ата-ананы ардақтау, ұстаздарыңды қадірлеу. Өзіңнің айналаңа шуағыңды шашып, пайда келтіру – имандылықтың көрінісі.
Дәстүрлі дінді дамыту бойынша облыс әкімдігі дін істері басқамасы мен біздің басқарма бірлесіп, көптеген шараларды жүзеге асырып келеді. Оның көпшілігі жастарға, жастарды даму жолына бағыттауға арналған. Мұндай шаралардың кейінгі толқынды тәрбиелеуге үлкен септігі бар. Оны сезіп, байқап отырмыз.
Сондықтан жалындап өсіп келе жатқан жастарымыздың дін тұрғысынан сауатты, көзі ашық болғаны жөн. Себебі, мемлекетіміздің болашағы білімді, сауатты, иманды, әдепті жастарменен жарқын, келешегіміз осындай ұрпақпен баянды. Осыны барлық жастар қаперде ұстаса екен.

Берік Бегалиев,
облыс әкімдігі ішкі
саясат басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support