Арқалы ақын рухына тағзым еткен азамат еді…

1990 жылдың 26 маусымында Қаратау қаласында Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің қалалық және аудандық радиохабарлар редакциясы жауапты редакторларының алқалы жиыны өтті. Аса ауқымды шараға Қазақ КСР Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитететінің төрағасы Сағат Әшімбаев қатысты. Студент кезімізде белгілі әдебиет сыншысы, жалынды публицист, үлкен жүректі азаматпен дидарласудың сәті түспеп еді. Зейнолла Қабдоловтан кейінгі сөз зергері осы кісі екен деп қалдым сонда. Қағазға қарамай бір сағаттай көсіле сөйледі. Радио туралы, оның ішінде жаңадан ашылған қалалық және аудандық радио хабарлары редакциясының негізгі міндеттері жайлы жан-жақты қамтып, жалпы журналистика мамандығының қыры мен сыры туралы әдемі бір әңгіме өрбітті.
Түскі үзіліс кезінде бір топ әріптес Сәкеңнің тартымды әңгімесіне таңғалып, қауқылдасып тұр едік, жанымызға келіп, әрқайсымызбен қол беріп амандасып, жеке-жеке танысты. Қайсымыздың қай облыстан, қай ауданнан, қайда оқығанымызға дейін сұрап жатыр.
– Сонда сен Сарысудансың ба, Амангелді?
– Иә, аға.
– Артығали Ыбыраевты білесің бе?
– Ол менің талантты ақын ағам ғой…
– Онда мына жиын біткен соң бізді Артығалидың ауылына бастап барасың,ақын інімнің рухына құран бағыштатып, тағзым етіп қайтайын.
…Облыс орталығындағы «Тараз» қонақ үйінің алдында 21 жасында қаскөйлер қолынан қапыда мерт болған Артығали ақынның сұлу бейнесі келе қалды көз алдыма. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ «Лениншіл жас» газетіне жас ақынның өлеңдерін осы басылымның әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып еңбек ететін Сағат Әшімбаев жариялатқанын білуші едік. Жастар газетіне шыққан өлеңдер топтамасымен Артығали ақынның аты бүкіл республикаға жайылып, дүрілдеп сала берді. Мектеп бітірген соң, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне тусуіне де Сәкеңнің ықпалы тиіпті деп естідік. Аз уақытта жас ақынның рухани ұстазына, қамқор ағасына айналып үлгерген Сағат аға кейіннен қыршын кеткен талантты ақын інісінің ата-анасымен араласты, іні-қарындастарымен тығыз байланыста болып, қолдау-көмегін көрсетіп келді.
Содан мені облыстық телерадио комитетінің төрағасы Әбжан Жақсыбеков сол сәтте-ақ Жаңатасқа қайтарып жіберді. Сәкеңе жол-жөнекей қалалық радио хабарлары редакциясының жұмысын көрсетпек екен. Келісімен студияны ретке келтіріп, әуе толқынынан соңғы өткен хабарды үлкен кісінің назарына ұсыну үшін дайындап қойдым.
Байқадамнан Сәкеңді күтіп алуға аудан басшылары, бүгінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып еңбек етіп жүрген Еркінбек Солтыбаев бастаған Жұмабек Сақыпбеков және басқа да ағалар келді. Көп кешікпей Сағат Әшімбаев пен Әбжан Жақсыбеков те жетті. Қалалық радионың жұмысымен жан-жақты танысып, тыңдаушыға жаңалықты шұғыл жеткізу жолдары мен қандай радио хабарлары тартымды шығатыны туралы ақыл-кеңесін айтты.
Күн еңкейе Байқадамға тартып кеттік. Бірден іргелі ауылдың шетіндегі Артығали ақынның қысқа ғұмыры өткен еңселі үйге қонақтарды алып келдім. Ол кезде ақын ағаның әкесі де, анасы да бақилық болып кеткен. Қара шаңырақта інісі Рысбек кластасым тұратын. Ол бір жаққа шығып кеткен бе, ауланың есігі жабық. Сыртқы есікті ашып, ішке ендік.
«Құдықтан су тартып жібер» деді Сәкең. Түс ауып, кеш жақындаса да шілденің түскеніне екінші күн болғандықтан күн айналып, жерге түсердей күйіп тұр. Алматыдан келген мәртебелі қонақ құдықтың тастай суын қауғадан біраз сімірді де, анадай жердегі тапшанға малдас құрып отырды. «Су да дәм ғой» деп, іштей дұға жасап, бетін сипады. Бәріміз де қол жайдық. «Рысбекке айт, айналайын, менің келіп кеткенімді» деді қоштасарда.
Атағы жер жарған азаматтың Қаратаудан жүз шақырымдай қашықта жатқан Сарысу ауданының сол кездегі орталығы – Байқадам ауылына Артығали рухына тағзым етуге арнайы атбасын бұруы өмірден қыршын кеткен ақын інісіне деген ерекше құрметі, қимас сезімі деп түсіндім мұны.
Дүние жалған… бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері – Сағат Әшімбаев та, облыстық телерадио комитеттің төрағасы – Әбжан Жақсыбеков те, Артығалидың інісі – Рысбек те бақилық болған.

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту