Бұралаң жол

(Әңгіме)

Рахым САДЫҚБЕКОВ

Әлпейістің отбасы бүгін абыр-сабыр. Үй іші мен ауланы мұнтаздай ғып тазалап, көрпе-жастығын қағып-сілкіп, қазан-аяғы бұрқырап бу атып, кесе-шәйнегі оттан түспей шыжылдап ысып тұр. Дәл бір үлкен салтанаттың қуанышын күткендей еді. Сәт өтпей-ақ кең ауланың үлкен қақпасы айқара ашылды да, сырты жалтыраған есік пен төрдей шетелдік жеңіл машина ене берді. Әлпейіс болса лып етіп есікті ашып, сыйлы қонағын «атынан» елжірей түсіріп жатты.

– Достым, қош келдің! – деп бетін түйістіріп бәйек болып жатыр. Бұл келген Әлпейіспен бір кездері ауыл мектебінде бірге оқыған сыныптасы Төребек еді. Жуырда ғана қызметі жоғарылап, елге танылып, ауызға іліне бастаған. Екеуінің бір-бірімен араласқаны шамалы. Осы ауданға жолы түсіп, іссапармен келген Төребекті Әлпейіс жарғақ құлағы жастыққа тимей зыр жүгіріп жүріп, әйтеуір есебін тауып үйіне шақырып тынды.
Шай үстінде жөн сұрасып, өткен-кеткенді еске алып отырды. Әлпейістің өзі ауыз жаппай көп сөйлеп, қонағының ығына жығыла әңгімені қыздырып отыр. Аса сәнді гүлді көйлек киген жас келіншегі мысықтабандап жақындап келеді де шайын құйып беріп, сыпайылықпен кері кетеді. «Бұл – біздің үйдің бибісі, аты – Гүләйім», деп таныстырды Әлпейіс. Біршама уақыт өткен соң бұлар тақым жазбақ болып орындарынан тұрып, үй ішін аралап кетті.
Үй салтанаты әбден келіскен екен. Екі қабат боп бой көтерген зәулім үйдің әр қабатында кемі бес-алты бөлмеден бар шығар. Осы арада Әлпейіс мақтанышын жасыра алмады. Өзі бастап жүріп таныстырып жүр.
– Мінеки, екінші қабат түгелдей демалуға, еркін тынығуға арналған бөлмелер. У-шудан аулақ. Өзімізге, балаларға, қонақтарға арналған бөлмелер – әрқайсысы өз алдына. Ас дайындайтын, кісі күтетін бөлмелер төменде. Иіс-қоңыстың бәрі дерлік сол жақта қалады.
Төребек үнсіз тыңдай жүріп, бір кез шалқалап кеп төбеге қарап еді, дөңгелене үйіріліп, көз қарықтыра жалтырап тұрған үлкен люстраға көзі түсті.
– Француздікі ғой, ең таңдаулы үлгі. Өзін зорға таптым. Ал анау сервант – Польшадан, – деп бір қойды Әлпейіс. Төребек жаңа байқады, серванттың іші толған қымбат ыдыс-аяқ, өңкей хрустальдар екен. Қолың тиіп кетсе, сыңғырлап әндете жөнелетіндей. Дәл төрге жайғасқан дәу диван мен екі қапталына орналасқан шомбал креслоларға отыра кетсең үйелеп қаласың.
– Бұлар, енді, чехтардың мүлкі. Өздері өте сапалы көрінеді. Осы күнгі сән. Біраз жыл болды. Өңін берер емес, – деп сабақтады сөзін Әлпейіс. Осылайша үй ішінің мүліктері шетелдік қымбат жиһаздарға малынып тұр. Баршылық не істетпейді. Төменгі қабатқа бастап барар баспалдақтың екі жақтағы қол артар сүйеніші әппақ мәрмәрмен әшекейленген. Әр бөлменің есік тұтқалары, дәл бір алтын жалатып қойғандай, жалтырап тұр.
Төребек аяңдап балконға шықты. Кең ауланың бір бөлігі тұтас хош иісті гүлдерге толы. Жаз жаңа таусылып, күздің басталып келе жатқан шағы. Содан болар, гүлдер сола қоймаған. Африканың түрлі түсті әнші құстарының үні естіледі. Ауланың бір жақ қапталында кісі бойындай биік тор сымдардың ішінде тайыншадай қос төбет тілдері салақтап, құтырынып, арсылдап тұр. Ауланың дәл ортасында мөп-мөлдір суы көлкіп тұрған бассейн. Әртүрлі жеміс және сәндік ағаштар қатар иін тіресіп осы ауланың ауасын жұпар иіске бөлейтіндей. Төребектің іштей қызығып немесе қызғанып келе жатқанын біле алмаған Әлпейіс енді шыдамады.
– Осының бәрі – жанымды жалдап, зыр жүгіріп жүріп тапқан дүниелерім. Несін айтасың, бірді-бірге соғып жүріп әйтеуір амалын таптым ғой. Е, дәурен-ай, десейші! Ана бір заманда бірдеңе ғып байымақ болсаң, қайдағы бір нәлеті сыртыңнан арызды домалатып жіберсе болғаны, әлтек-тәлтегіңді шығарып, аяғыңды аспаннан келтіруші еді. Енді, мінеки, заманым келді. Еркіндік, кеңдік. Не істесең де, қолыңнан келіп тұр, – деп, Әлпейіс біраз екпіндеп алды да, содан соң сәл жұмсара түсіп: «Күні бойы әртүрлі қу тірліктен шаршап келгенімде, аулаға енсем болды, Швейцарияның бір түкпіріне келіп тыныстап тұрғандай сезінемін, – деп жіберді. Сөйтті де Төребектің жүзіне бұрылып тұрып:
– Ау, өзің жолдан ыстықтап келген сияқтысың ғой. Анау бассейнге шомылып алсаң қайтеді, сергіп қаласың, – деді.
– Жо-жоқ. Қажеті жоқ, – деді Төребек ауладан көзін алмастан. Сөйткенше болған жоқ ар жақтан бір шүйкедей сары шал қолына сыпырғы алып сыпыра берген еді Әлпейіс:
– Ей, шал, оныңды қоя тұр. Одан да ана бассейннің суы азайып қалыпты, соны толтырып қой, – деді әмірлі үнмен. Енді ол мақтангершілігін біртіндеп үдете түсті.
–Уа, достым! Бұл дүниенің игілігін үрлеп ішіп, шайқап төгіп жүрген кезім ғой. Дәулетің тасыса, дегенің болады. Үй ішіне күтуші де ұстайсың, аулаңды сыпыратын жалшы да жұмсайсың. Әйтеуір не керек, жаның жұмақта жүреді. Әлпейіс осыны айтып сәл кідіріп, Төребектің жүзіне қарап тұрып: «Айтпақшы, сен осы мәртебелі мансапқа қалай келіп қалдың. Жоғары жақта бір мықты сүйеушің бар-ау шамасы», – деді ынтығып. Төребек сабырлы қалыппен бұған бұрылып:
– Жоға, – деді де, – менен бұрынғы кісі зейнетке шығып, орнына мен керек боп қалған соң, қойғаны ғой.
– Жасырды-ау шамасы, – деді Әлпейіс іштей сеніңкіремей. – Мұндай құйқалы орынға тегіннен-тегін қоя салушы ма еді?! Әлде қолдаушының құлқынын толтырды ма екен?
Аула сыпырушы сары шал есік сығалап кеп үн қатты:
– Әлеке шырағым, бір тілек айтқалы келіп ем.
– Иә, айта бер.
Сары шал айтарын кідіртіп, қыбыжықтап біраз тұрып қалып еді. Әлпейіс нығыздана сөйледі:
– Оу, болсаңшы енді.
– Үйдегі балам бар болғыр бірдеңені бүлдіріп қойған сияқты. Хабар кеп тұр. Содан жаным тынбай барады, рұқсат болса бүгін жұмыстан ертерек қайтсам деп едім.
– Е, бара бер, – деді Әлпейіс шіреніп.
Төребек бұл кезде қарияға көз алмай қарап тұрды. Шал кері бұрылып жөнеле бергенде:
– Тоқта, тоқтай тұрыңызшы. Сіз осы баяғы Нұртай ағай емеспісіз? – деді жұлып алғандай.
– Иә, иә. Ал сен мені қайдан білесің? – деп анау аңтарыла қарады.
– Есіңізде ме, сонау бір жылдары сіз мына Әлпейіс екеумізді Үшаралда оқытып едіңіз ғой!
Шал енді ғана шырамытайын деді.
– Иә,Үшаралда бала оқытқаным бар. Сен, сен сонда кім болып шықтың? – деп енді бажайлай қарады. – Е.., енді есіме түсіп келеді. Баяғыда… бастауыш сыныпта оқыған Төребек емеспісің?
– Иә… иә, ағай. Мен соның өзімін.
– Е, бәрекелді! Өзің тегі өзгеріп, тым өсіп кетіпсің. Мен қайдан тани қояйын.
Содан соң аз-кем үндемей тұрды да:
– Е-е, құбылған заман-ай! – деп терең бір күрсініп алып: – Жас келіп, біз енді күн санап кері кетіп бара жатырмыз. Жаңғырып, тез жетіліп сендер келдіңдер, – деді де бұрыла берді. Ол шығып кеткен соң Төребектің ту сыртынан бағып тұрған Әлпейіс үн қатты.
– Тентек шал. Баяғыда мұғалім кезінде сабақ оқып келмедің деп, екі қойып, көзімді талай көкшитіп еді. Енді көрдің бе, пенде боп, алдыма кеп иіліп тұрғанын, – деді қарқылдай күліп.
– Бүгінде ол – нағыз мүсәпір. Жалғыз баласы ішкілікке салынып үйінде отыр. Былтыр кемпірі қайтыс болған. Азғантай зейнетақысы неге жетеді? Жаны қысылған соң мені паналап жүргені ғой.
Төребектің ойына «Қасқыр қартайса, ешкіге иіліп сәлем береді» деген сөз түсті.
Енді екеуі жақындап кеп балконнан көз салып қарап еді. Күзгі бұралаң жол әлгі сары шалды ұзатып әкетіп бара жатыр екен.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту