Ойлы шығарма – оқырман олжасы

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында
Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Сумен жазылған өлең» атты кітабының тұсаукесері болды

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы, дара жолы бар жазушының бірі – Көсемәлі Сәттібайұлы. Ол – өмірдің қандай құбылыстарына да, тіпті, өзгелер байқай бермейтін қарапайым көріністерге де бейжай қарай алмайтын, ойы озық қаламгер.
Өз оқырмандарын алғашқы туындылары «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар», «Күнге ғашық өлкеде» ертегі-хикаяттарымен-ақ елең еткізген жазушы «Шеткері үйдің жарығы» повесімен ғаламдық қасіретті көтере білген еді. Бұл күнде көркем сөздің көсеміне айналған жазушы 15-тен астам публицистикалық, әдеби-көркем және кітаптардың авторы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру және кітапханашылардың тәжірибе алмасуы мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы­ның ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» тақырыбында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің облыстағы күндері өтуде. Осы жоба аясында Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері әріптестерінің назарына «Көркем сөздің көсемі – Көсемәлі» тақырыбында кездесу кешін ұсынды. Жүздесу барысында К.Сәттібайұлының «Сумен жазылған кітап» атты жаңа жинағының тұсауы кесілді.
Жазушымен кездесу кешін Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынар Шеңгелбайқызы жүргізді. Әуелі ақын, марқұм Нарша Қашағанның сөзіне жазылған (әнін жазған Қуандық Кенжебаев) «Таласым менің» әнін таластық «Көңілашар» триосы орындады. Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебінің оқушысы Гауһар Әбілжан орындаған «Ерке сылқым» күйі де көпшілік көңілінен шықты. Майтөбелік оқушы Жанерке Ошақбайдың көркемсөз оқу шеберлігіне сүйсіндік. Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушылары К.Сәттібайұлының «Шеткері үйдің жарығы» кітабынан түйген өз ойларын айтып, шығармадан үзінділер келтірді. Бұл ретте Ажар Аяқұл, Мөлдір Алмаз, Диана Асылдың ізденісін айта кеткен жөн. Осы білім ошағының кітапхана меңгерушісі Айткүл Есентаева балаларды жақсы шығармамен баулуға болатынын айтып, әріптесі Тоймұрат Қожамұраттың кеш иесіне арнаған өлеңін оқып берді.
Мұнан соң жазушының ұстазы, таластық ардагер-журналист, КСРО Журналистер одағының мүшесі Әскербек Құйқабайұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова, Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов өз ойларын білдіріп, К.Сәттібайұлының шығармашылық өсу жолдарына тоқталды. Жиын барысында жазушының спортшы ұлы Олжас Сәттібаевтың жетістіктері де әңгімеге арқау болды.
Бұдан кейін жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, жазушылық жолға қалай келгенін, Амангелді орталау мектебінің мұғалімі, ұстазы Есалы Қырықбаевтан алған тәрбиесін, кітап оқыған баланың ой-танымы кең болатынын оқушыларға көркем тілмен әсерлі баяндады. Оқушылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Балалар жүздесу барысында жазушы ағаларының әр кезде Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Баққожа Мұқай, Қадыр Мырза-Әлі секілді әдебиет алыптарынан бата алғанынан, қырғыздың мақтанышы, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовпен сұхбаттасқанынан хабардар болды.
– 5-сыныпта жүргенде болу керек, жаңа жылдық кеште екі шумақ тақпақты өзім шығарып оқыдым. Келесі жылы жаңа жылдық кеште ойналатын қойылымның сценарийін жаздым. Осы талабымды байқаған Есалы ағай мені тәрбиелей бастады. 6-сыныпта ақын Күләш Ахметовадан хат алдым. Аудандық газетте еңбек жолымды 19 жасымда бастадым. Сол кездегі аудандық газетте талантты ақындар Нарша Қашаған, Серік Томанов, Рысқали Өміржанов және Телғара Үсенбайұлымен қатар еңбек еткен жылдарым үйрену мектебі болды. Оразбек Баймұратов, Әбдірахман Әбдірәсілов секілді редактор ағалардың, тәжірибелі журналистер Мүтәліп Ережепбай, Әскербек Құйқабайұлы, Сәулембай Әбсадықтардың мектебінен өттім. Бала күнімізден кітаппен дос болдық, әлем және еліміздің үздік жазушыларының шығармаларын іздеп жүріп оқыдық. Балалар, сендерді де кітап оқуға, әдеби әлеммен дос болуға шақырамын, баршаңа рахмет», – деді жазушы.
Мұнан соң Көсемәлі Сәттібайұлының «Сумен жазылған өлең» кітабының тұсауын ардагер-журналист Әскербек Құйқабайұлы кесті. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Әбдінова әсерлі әңгімесі үшін жазушыға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

микро займ на карту