- Advertisement -

Қылышбайлықтардың күні құдық суына қарап тұр

192

- Advertisement -

Жуырда редакция тапсырмасымен ауданның орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан Қылышбай ауылына жол түсті. Сырт көзге бұйығы жатқандай көрінгенімен, қылышбайлықтардың күнкөріс қамы үшін бір сәт болса да байыз таппай тер төге, қайнаған еңбектің ортасында жүргенін аңғару қиын емес. Алыстағы ағайынның арасында жүрген айналдырған бір күннің ішінде ауылдықтардың бас ауруына айналған ауызсудың азабын біз де көргендей болдық. Кәсіби әдетіміз бойынша, көргенімізге қол сілтемей, қордаланған мәселенің мәнісін анықтауға бекіндік.
Бастапқыда тұрғындардың құдықтағы суды шелек лақтырып, арқанмен тартып алып жатқанын көріп, біраз тосырқап қалғанымыз рас. Себебі, күнделікті суды краннан ішіп отырған біз үшін бұл көрініс жат болып көрінді. Сөйтсек, мұндағы халық ауызсуды әлі күнге өткен ғасырда қазылған құдықтан алып ішеді екен. Ол құдықтан гөрі жер астынан қазылған үңгірге көбірек ұқсайды. Байқағанымыздай, құдықтағы судың сапасы тіпті нашар. Іші толған жапырақ, мұндағы толассыз желден келіп түсетін шаң және оған құдық маңында жүрген ойын баласының абайсызда тастай салатын түрлі қоқыстарын қосыңыз. Ал осы суды ауылдың басым бөлігі амал жоқ, қоқымына қарамастан күнделікті тұрмыста қолданып отыр. Оның салдары түрлі ауруларды тудырып, дімкәс ұрпақ қалыптастырмасына ешкім де кепілдік бере алмасы анық.

Сұрастыра келе, бұл маңдағы жер астынан шыққан судың бәрі ащы болғандықтан, тұрғындардың күні осы құдыққа қарап отырғандығын білдік. Аудан әкімінің орынбасары Мұратхан Естаевтың айтуынша, дәл осындай жағдайды тек Қылышбай ауылы ғана емес, Қарабөгет, Сарыөзек және Көкжелек ауылдары да бастан кешіп отыр екен.
– Қылышбай ауылындағы су құбырларын қайта қалпына келтіру үшін 2005 жылы 60 миллион теңге қаржы қарастырылған. Алайда уақыт өте келе атқарылған жұмыс ауылдың ауызсуға деген сұранысын қағаттандыра алмағандықтан, әкімдік тарапынан су құбырларын жаңарту үшін екі мәрте жоба әзірленіп, ол сараптамадан өткен болатын. Содан кейін, Қылышбай ауылындағы жер асты суының қоры анықталмады деп, жобаларымыз кері қайтарылды. Енді міне, Алматыдағы арнайы мекеме арқылы мұндағы жер асты суының қорын анықтап, жобасын да әзірлеп қойдық. Қазіргі кезде сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Бәрі ойдағыдай болса, жұмыстарды келесі жылы бастап кетуге мүмкіндік бар, — дейді Мұратхан Тұрарханұлы.
Хош, делік. Сонымен, құдықтың басына жиналған тұрғындармен әңгімелескенімізде, олар жергілікті әкімдік ауылға ішуге жарамды ауызсу тартқанға дейін күнделікті тәтті суды тұтынып отырған осы құдығымызды қоршап, ішіне күл-қоқыс түспес үшін бетін жауып берсе деген тілектерін жеткізді. Мәселенің жай-жапсарын анықтау мен тұрғындардың тілегін жеткізу мақсатында ауызсуға тікелей жауапты ауыл әкіміне хабарласқан едік. Оның айтуынша, шамамен ауыл халқының 50 пайызы сол құдықтан, 30 пайызға жуығы ащы болса да құбыр арқылы келетін судан, ал қалған 15-20 пайызы суды сатып алып ішеді екен. Ал, «Ауылдың басым бөлігі тіршілік нәрін тұтынып отырған сол құдықтың маңайын қоршауға мүмкіндік бар ма?» — деген сауалымызға ауыл әкімі Қызыр Елеусізов: «Құдық мемлекеттің меншігінде болмағандықтан, әкімдік тарапынан қаржы қарастырылмайды. Десе де тұрғындарды ұйымдастырып, ақша шығарып, оның жан-жағын қоршап, бетін жабуға жәрдемдесу жоспарда бар» — деп жауап берді.
Жұртшылықты жұмылдырып, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу ауыл жүгін арқалаған әкімдердің негізгі міндеті екені айтпаса да белгілі. Ұзақ жылдар бойы құдықтың талапқа сай болмауы әсерінен сапасыз су ішіп келген тұрғындардың осы бір түйткілін ауыл әкімі бізге дейін де шешуіне болар ма еді, кім білсін? Қалай болғанда да, биліктегілер беймарал күйден арылмаса, шет аймақтағы ағайынның шырайы кірмесі анық. Жергілікті әкімдіктің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз, әрине. Дей тұрғанмен ауыл әкімі тұрғындардың осы бір тілегіне құлақ асып, орынды іске ойысса екен дейміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support