- Advertisement -

Осы жұрт ағайынды Әміровтерді біле ме екен?

208

- Advertisement -

1918 жылы алғашқы комсомол ұясы дүниеге келгені тарихтан мәлім. Ал 1920 жылдың ортасында Қазақстанның көптеген облыстарында уездік, губерниялық комсомол ұялары құрыла бастады. Сол жылы Ғани Мұратбаев Түркістан комсомолы съезінің жұмысына қатысып, орталық комитеттің мүшелігіне сайланған еді. Осыдан кейін оның қазақ жастарымен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы болып бекітілгенін, 1922 жылдан бастап Түркістан Орталық атқару комитетінің және РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшелігіне сайланғанын білеміз.

Иә, біз Қазақстан комсомол ұйымының жетекшісі әрі басшысы деп Ғани Мұратбаевты ғана танып, біліп келдік. Ал оның ісін жалғастырып, өңір-өңірде, облыс, аудан, тіпті ауыл-аймақтардағы комсомол ұйымдарында қызмет еткен жастар жайында көпшілігіміз бейхабармыз. Солардың қатарында жерлестеріміз Сәт пен Бекпенбет Әміровтер бар.
Ағайындылар – Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылының тұрғыны болған Әмір ақсақал мен жұбайы Бегайымның ұлдары. Екеуінің соңынан он ұл ерген, «Қыз баламыз болмады-ау» деп жүргенде он үшінші менің анам Әсілхан 1927 жылы дүниеге келіпті. Азын-аулақ малымен қоса осынша баланы тарықтырмай асыраған атамыздың соқа-сайманы алғашқы ұжымдастыру кезінде тәркіленіп кеткен екен. Заты жуас Әмір бұған қарсылықсыз мойынсұнған сыңайлы. Ал ұлдары жаңа заманның көшіне ілесіп, Ликбезде сауатын ашқан. Сәт 1926 жылы комсомолдар қатарына өтіп, көп кешікпей-ақ бір болыс елдің (Қарабақыр) комсомол ұйымын ұйымдастырушысы әрі жетекшісі болады (Тараз қаласы, облыстық архив,150-папка, 25-қатар).
Көп кешікпей ағасының ықпалымен Бекпенбет нағашым да комсомолға мүше болады.
Бұл мәліметтердің бәрін анам мен сол дәуірдің куәгерлерінің, естелік әңгімелерінен бөлек, облыстық архивтен табылған жазбаша деректерге сүйеніп жазып отырмын.
Әулиеата Угоркомында қызмет істеген кісілердің тізімі. (1925-28-ж.ж.)
Делопроизводитель (Қолы):
Деректерде Қарабақыр болыстығында жалғыз комсомол мүшесі Сәт Әміровтің, ал жалғыз коммунист Мейірманқұл Байсеркеұлының болғаны көрсетілген. Бұл кісі сол Сарыбарақтағы ең алғашқы артель «Бірліктің» бірінші басшысы болған. Кейін 1937-38 жылы халық жауы боп ұсталып, із-түзсіз кеткен. Әйелінің аты Седекүл, Сатыбалды деген жалғыз ұлы, Злиха атты қызы болған.
Алғашқы комсомол жетекшілері не жұмыс атқарды, халыққа пайдалы қандай іс тындырды? Комсомолдар азамат соғысы кезіндегі қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру үшін сенбілік пен жексенбіліктер ұйымдастырған. Қалаға жақын ауылдарды қамқорлыққа алып, көркемөнерпаздар кештері мен спорттық ойындар өткізіп отырған. Әсіресе Гладконың «Цемент» атты спектаклін жиі сахналапты (қысқа уақытта 10 тегін, тағы бірнеше ақылы ойын қойылғаны архив деректерінде көрсетілген. Шымкент. Тәуке хан көшесі, №6 Фонд 30 28-29 жылдар. 75 парақ). Олар бұзақылықпен, маскүнемдікпен күресті. Сонымен қоса, партия тапсырмасын орындай отырып, саяси-ағарту жұмыстарын жүргізіп, жетім балаларға қамқорлық жасаған. Шаралардың барлығы дерлік уездік орталықтарда өткізілген.
Сауатсыздықты жою мақсатында ауылдарда Ликбездер құрылып, жұмыс істеген. Соның нәтижесінде жастар арасындағы алғыр топтардан алғашқы мұғалімдер шықты, бастауыш мектептер құрылды. Ал 1926 жылы республиканың барлық мектептерінде дерлік пионер отрядтары жасақталды. Ал аудан орталықтары мен қалалық жерлерде қысқамерзімді мұғалімдік курстар мен училищелер, шаруашылықтың сол кездегі аса мұқтаж мамандарын даярлайтын техникумдар құрылған. Аудандық және уездік комитет қызметкерлері осы күндіз-түнгі жан аямай еткен еңбектеріне ешқандай жалақы алмаған. Тек жарнаға жиналған астықтан өздеріне тамаққа қалдырып отырған. Белсенді жұмыс істегенмен, қазақ жастарына тән үлкенді сыйлайтын, олардың айтқандарын екі етпей орындайтын, алдарынан кесе-көлденең өтпейтін мінезін, болмысын жоғалтпаған. Сондықтан да тек кәмпескелеу ісіне бел шешіп араласа алмаған.
Республика басшылығына Ф.Голощекин келіп, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен байлардың барын тартып алып, 1931 жылы халық ашыға бастайды. Бұл жағдай өршіп,1932 жылы шарықтау шегіне жетіп, жұрт жаппай аштан қырылады. Сол кезде амалы таусылған ел балық аулап, талғажау ету үшін Қарабақыр өзені мен Шәлкенің суын жағалапты. Бір жағы аштық, бір жағы қақаған суыққа шыдамағандар өзен-көлдің жағасында қырылып қалған. Ал мәйіттердің бетін жасырып, жерлеуге тірілердің шамасы келмеген.
Көктем шығып, күн жылынғанда осы мәйіттер шіріп, айнала адам төзгісіз жағдайда болады. Ақыры бұрқ етіп оба ауруы тарайды. Енді жұрт аштықтан ғана емес, індеттен де қырыла бастайды. Сол кезде бүкіл уезде білікті дәрігерден 3-4 фельдшер, 4-5 кіші медицина қызметкері ғана бар екен. Медицинаның аурумен күресуге қауқары жетпегендіктен, жоғарыдан аса құпия бұйрық келеді. Ол дерттің өзге өңірлерге тарап кетпеуі үшін қабылданған шұғыл шара – індеттің ошағын өлі-тірісіне қарамай өртеу болатын. Бірнеше бригада боп шыққан комсомол жетекшілері ішінде Әміровтерге де осы бұйрықты орындауға тура келеді. Көбіне бұл жұмыс түнде жүргізіледі екен. Сондай бір күні таң ата кезекті бір ауылға таяп келгенде бір кейуана жүгіріп кеп: «Бізді де өртейсіңдер ме?» – деп, Сәт Әміровті құшақтай алыпты. Содан індет жұқтырып алған ол бірнеше күнге жетпей-ақ қайтыс боп кетеді. Ұзамай Бекпенбет те қаза болады. Сөйтіп айналасы бір айдың ішінде 12 ұл тегіс көз жұмған. Сол кезде 43-44 жастағы Бегайым балаларының қайғысын көтере алмай, қайғыдан морт сыныпты. Ал анамды алғашқы артель басшысы Мейірманқұл Байсеркеұлы сол кездегі Әулиеата қаласындағы балалар үйіне өткізеді. Бұл сұмдық нәубеттен анам осылайша аман қалыпты.
Біз кешеге дейін атамыз Әмірді де сол кезде қайтыс болдыға санап келгенбіз. Кейін атамыздың немере қарындасы Меңдібала әжейден оның 1949 жылы жетпіске таяған шағында көз жұмғанын естідік. Сөйтсек, бүкіл отбасынан айырылған ол ешкіммен сөйлеспей, өмірінің соңына дейін меңіреу күн кешіпті.
Мұның шындық екенін дәлелдейтін архив құжаттары мен тарих зерттеушілерінің деректерінің бәрі бар. Оны анамның төркін жұрты туралы деректерді іздегенде тапқанмын. Сол кезде маған көмектесіп, талай құнды деректерді алдыма жайып салған жандардың көбісі бұл күнде жоқ. Осы еңбегім арқылы анамның бір тамшы ақ сүті мен бір түнгі ұйқысын ақтасам екен деп ұмтылдым. Сол еңбектің жемісі – «Замана сыры» кітабы қазір Сарыкемердегі музейде, Ш. Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында, ұлттық және Түркістандағы қазақ-түрік ұлттық университетінің кітапханаларында, Шымкенттегі қуғын-сүргін құрбандары архиві мен музейінде бар. Сондай-ақ Елбасының кітап қорына да жіберілген.
Осылайша Сәт, Бекпенбет Әміровтердің, Мейірманқұл Байсеркеұлының есімдері тарихта қайта жаңғырды. Енді аудандағы мектеп, көшелер осы ерлердің есімімен аталса, жөн болар еді. Өскелең ұрпақ халқымыздың кешегі қиын тағдыры туралы біліп жүрсе деген тілек менікі.

Ұлдана Молдабаева,
зейнеткер, ұстаз.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support