- Advertisement -

ҰБТ-ны ойлап жүр ме десек…

179

- Advertisement -

Қазір мектеп бітірушілердің машақаты көп. Оқу жылы аяқталған соң, мектепте қорытынды емтихандар басталады. Одан кейін жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсыруы керек. Алайда кей құрбыларымыз соңғы айда осы сынақтарды ысырып қойып, соңғы қоңырау салтанаты мен мектеп бітіру кешіне қызу дайындалып жүрген секілді. Осыған қарап, базбіреулерге үлкен өмірге жолдама алуға әрі таңдаған мамандығының иесі атануына мүмкіндік беретін маңызды кезеңнің жауапкершілігіне қарағанда, бір күндік қызықтың мәні жоғары болғаны ма деп еріксіз ойланасың.
Жыл сайын жас түлектердің осы кештерге соншалықты шабылып дайындалатынын еститінбіз. Міне, енді біз де сол бір алабұртқан сәттің қандай болатынын сезінудеміз. Қимастық та бар. Бұл кезең енді қайта айналып келмейді. Мектеп бітіру салтанатын ұмытылмастай етіп өткізу керек. Соны ойлап, менің де достарым өткен жылғы түлектердей осы күнге арнап, сәнді киім алып, дайындалып жатыр. Олардың қатарынан қалғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ үш-төрт сағатта өте шығатын кеш үшін шектен тыс шығындалудың қажеті қанша?
Әлеуметтік желіде перзенті мектеп бітіріп жатқан ата-ананың «Балам ҰБТ-ға қалай дайындалып жатқанын білмеймін, әйтеуір вальске «өлтіріп» дайындалып жатыр» деген сөзі таралып кетті. Шындық – осы. Ертең бір кештің қызығы үшін бар уақытын сарп еткен түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуде өкініп қалмаса деймін. Әр нәрсенің өлшемі, шегі бар. Ата-ананың қалтасын қағып, қалағанымызды алғызуды ойлағанда, олардың сенімін ақтауымыз керек екенін де ұмытпасақ деймін.

Жадыра Мырзабай,
М.Горький атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support