- Advertisement -

«Көше заңдары» көркімізді бұзбасын

347

- Advertisement -

Жас жеткіншектеріміздің бойына асыл қасиеттер ата-ана тәлімі, үлгі-өнегесі арқылы дариды. Ел ішіндегі бірліктің сақталып, қазақтың өзгеден болмысы ерек, бітімі бөлек болуы – ұлттық тәлім-тәрбиенің жемісі. Ертедегі Домалақ ана, Сүйінбике, жырдағы Қыз Жібек, Баян сұлу, кешегі Әлия мен Мәншүк, бүгінгі Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Зейнеп Ахметовадай апаларымыз – қазақ қыздарының бойтүзер ұстыны. Халқымыз қызын еркелеткенімен, «қырық үйден тыйып», ал ұлды сөзіне адал, намысты азамат етіп өсірген. Ал бүгін… бөтеннің көзі түссе, жанарын төмен түсірер қыздарымыз азайып, кешегі үрдіс үзіліп бара жатқандай. Көпшілік ортада жағымсыз қылық танытатын кейбір жастың әрекеті жанды жабырқатады.
Алматы үлкен мегаполис қой. Қала көшелерінде темекі түтінін мақтана будақтатып, қоғамдық ортада сөйлеу мәдениетінен жұрдай қыздарды көргенде қарным ашады. Буалдыр түтіннің арғы жағында олардың болашағы да бұлыңғырлана түскенін ойлап, жаным ашиды. Бұл отбасындағы тәрбиенің терістігі ме, әлде өзгеге еліктеудің кесірі ме? Қыз баланың абыройын өз намысынан биік қойған елдің «қызғалдақтары» да ибалы, инабатты болса керек еді. Ал бірақ батысқа еліктеп, ата-ана сөзін құлаққа ілмей шалыс басып, кәмелеттік жасқа толмай жатып нәрестесін алдыртқан бойжеткендердің көбейгені қалай?
Статистикаға жүгінсек, елімізде жылына 100 мыңға жуық жасөспірімнің сексен пайызы жасанды түсік жасатады екен. Бұған бұрала өскен бойжеткенге өз қызындай, қарындасындай қарамайтын ер жігітті кінәлаймыз ба? Әлде «Буыршын көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейдіге» жорып, қыздар тәрбиесінің солқылдақтығынан көреміз бе? Бірінші кезекте қыз баланың тәрбиесіне анасы жауапты. Отбасындағы ауызбіршілікті, анасының жолдасына, ата-енесіне, көрші-қолаңына деген құрметін көріп өскен қыз да ертең үлкеннің алдын кеспейтін инабатты келін, адал жар болады. Ал жасынан отбасындағы тәрбиені көрмей өскендер ше? Олардың ертеңгі күні барған жерін шайпап жүретін кердең, келін емес келсап болатыны да содан.
Тәлім-тәрбие беруде ата-ананың ғана емес, қоғамның да теледидардың да атқаратан рөлі зор. «Көгілдір экран – өмір айнасы» болғанмен, күнделікті хабарлардың өзі жастарды кері тәрбиелеп, қатыгездікті бойларына сіңдіруде. Жалпы тәрбие турасында айтылар ой, тақырып толассыз. Қыздың ұяты, ар-намысы жайлы әңгіме өрбітсек, барлық қаракөздерімізге күйе жаққандай боламыз. Бірақ, адамынан адамгершілігі аз заманда Еуропаға еліктеп, қорқорға еліткен қандастарымыз өзінің болашақ ана, бір отбасының отын жағар келіні атанатынын естен шығармаса екен деймін. Қыздарымыз қоғамдық жерде өзін-өзі дұрыс ұстап, арын жанынан биік қойса, артынан ерген іні-сіңлілеріне үлгі бола алады. Қыздың тал бойындағы тәрбие майда әрекеттерден-ақ басталады. Мәселен, үлкенге қолғабыс етсе, қоғамдық көлікте қарияларға орын берсе, үсті-басына ерекше ден қойып, қазақылықтан аттамаса, орынды сөйлеп, көркем мінезді болса. Әрқайсысымыз сән емес, білім қуып, ілім іздеп, интеллектуал қыз ретінде қалыптассақ та құба-құп.
Қыз бала арқалайтын жауапкершілік мол болғандықтан, осы тақырыпта ой қорыттық. «Қыз өссе – елдің көркі» демекші, менің ұғымымдағы қазақ қызы ата-баба дәстүрін берік ұстанып, ата-ана тәлімін аяқ асты етпесе керек. Қанша жерден заман талабы қатаң дегенмен, отбасында іргесі берік қаланған тәрбиені ешбір «көше заңдары» бұза алмайды.

Арай ЖҰМАТАЙ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің
ІІ курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support