- Advertisement -

Тұрсынбайдың тұзы

156

- Advertisement -

немесе «қақпанға» түскен қайнылар

Тұрсынбай – өмірін табиғат аясында өткізген, малшы адам. Шаруаның жайын білгеннен бөлек, Тұрсекеңнің ойынға жаны құмар. Қайныларын көргенде тіпті құтырып кететін. Бұл күнде бақилық болған ол туралы әзіл әңгіме көп.
Бір жолы Тұрсынбай бір отар қоймен сазда отырады. Шіліңгір шілде мезгілі. Аспан айналып жерге түсердей күн күйіп тұр. Саздың шөбі сол жылы қалың, бітік шығады. Кеңшардың бір трактор бригадасы сонда қос тігіп, шабындықты оруға кіріседі. Айға жуық аялдап, шөп ормақшы болады. Өздері 13-14 тракторшы. Олардың көпшілігі Тұрсынбайдың қайнылары екен. Оларды күнде көзі шалып, жезделеп түртіп ойнаған сайын Тұрсекеңе бір ой келеді. Қарап жүрмейтін кісі ғой. Тұрсекең аяқ астынан бір тоқтысын сойып, тракторшыларды ерулікке (қонаққа) шақырмақшы болады. Бұл хабарды естігенде механизатор қайнылары да мәз болып, жадырап қалады. Артында «азабы» барын қайдан білсін! Қыз қашан да інілерін ойлайды ғой, Тәттігүл де күйеуінің қонақжайлылығын құптаса керек. «Қуырдақ, қуырдақ жаса, қуырдақ!» деп бұйырады жездекең кемпіріне. Сөйтіп, өзі тракторшылар келетін кезде жақын жердегі ауызсу алып жүрген құдықты бекітіп, жауып тастайды. Аңдып тұрып, Тәттігүл кемпірі тұз салып кеткен соң, бұл қазанға қайтадан бір уыс тұз салады. Тракторшылар түске таман Тұрсынбай жезделерінің үйіне келе бастайды. «Әпкемнің арқасында адам болып жүрсің» деп сөзшеңдері әзілді де жаудырады. «Иә, иә, әпкелерің мені адам ғып отыр» деп Тұрсынбай да жуаси қалады.
Сәлден соң ортаға үйме табақ қуырдақ келеді. Майы жылт-жылт еткен тегін қуырдаққа кімнің тәбеті шаппайды дейсің. Бәрі зіңгіттей жігіттер емес пе, табаққа тарпа бас салады. Қара жұмыстан шаршаған, қарны ашқан кісілер қуырдақтың ащылығын да қарамаса керек. Бірақ артынша ащы қуырдақ әбден шөлдетеді. Таңдайлары тызылдап шыдатпайды.
Бір самаурын шай 14 жігітке бұйым болмайды. Одан басқа бір қасық су жоқ. Төңіректің бәрі мидай дала. Тракторшы жігіттердің таңдайы кеуіп барады. «Су, су, су қайда жезде?» дейді. «Құдық, құдық қайда, жездеке?» деп әбігерге түседі. «Бұл жерде қайдан құдық болады, маңайда бір қасық су жоқ, қазанға бір уыс тұз салып ем, су іздейтіндеріңді білгенде екі уыс тұз салатын едім» деп Тұрсекең мұртынан күліп мәз болып тұр дейді. Сонда ғана алданғанын білген қайнылары: «Әй,Тұрсынбай, оңбайсың-ау, оңбайсың!» депті де, бір-бір тракторға мініп ауылға су іздеп кеткен екен.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support