- Advertisement -

Бұл – Ұлы Дала ұрпақтарының ұлағатты ісі

169

- Advertisement -

1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 73 жыл толды. Асқан қатыгездігімен ел есінде, жұрт жадында қалған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мәні жоғары, мәртебесі биік. Өйткені бұл Жеңіс миллиондаған сарбаздар мен офицерлердің «Бәрі де майдан үшін» деп көз ілмей, белін жазбай жұмыс істеген тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігі мен қажымас тірлігінің арқасында келді. Соғыстың оты шарпымаған, ауыры айналып өтпеген, азасын көтермеген бірде-бір отбасы жоқ шығар. Сұм соғыс салған зобалаң мен ызғарлы лаңнан бесіктен белі шықпаған бала жетім, жаңа түскен келін жесір, ұлын аялап өсірген ана жалғыз перзентінен айырылып, жүрегінде қайғының мәңгілік сызаты қалды. Осылайша соғыстың тауқыметін де, зардабын да халық көрді.

Артта қалған жылдар белесінде зеңбірек үні, мылтық даусы алыстағанмен, ұрыс даласында шейіт болған жауынгерлерге тағзым жасау дәстүрі бір сәт те бәсеңдеген емес. «Мәңгілік алау» да өшкен емес. Батыр жауынгерлердің ардақты есімдері көшелер мен ауылдарға, мектептер мен саябақтарға берілді. Ал сарбазы басты кейіпкерге айналған жүздеген көркем фильм түсіріліп, мыңдаған повестер мен очерктер, романдар жазылды. Қаншама әндер шырқалды. Сондықтан Ұлы Отан соғысының қаһарман батырлары Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов, Ақәділ Суханбаев, Ыбрайым Сүлейменов пен шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүк сынды жаужүрек жауынгерлердің есімдері ешқашан ұмыт болмады.
Биылғы Жеңіс күні мерекесін барша облыс жұртшылығы үлкен рухани өрлеу үстінде қарсы алды десем, артық айтқандық болмас. Өйткені көп жылдан бері аты даңқты командир, халқымыздың маңдайына біткен біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының атында болғанымен, заты сай болмай тұрған «Жеңіс» саябағы облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен қайта жаңғырып отыр. Өлім мен өмір, қасірет пен қайғысы қатар жүрген Ұлы Отан соғысына қасиетті Әулиеата жерінен 120 мыңға жуық өрімдей жастар мен ел азаматтары аттанған екен. Ең өкініштісі, олардың әрбір төртіншісіне туған жерінен топырақ бұйырмады.
Жеңіс саябағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінің табалдырығын аттаған сәттен бастап жаужүрек жауынгерлерімізге деген тағзым сезімі билеген жұдырықтай жүректің қуанышында шек жоқ. Себебі мұнда бұрын қаламыздың әр түкпірінде орналасқан «Мәңгілік алау» мен хас батыр Бауыржан Момышұлының тұғырлы ескерткіші бой түзеген. Одан әрі «Батырлар аллеясы» кешен сәулетіне айрықша рең берген. Ең бастысы, киелі Әулиеата топырағынан соғысқа аттанып, елге оралмаған және Жеңіс туын көкке көтеріп, ортамызға аман-есен келіп, ұрпақ сүю бақытына кенелген, еліне еңбегімен сыйлы болған жауынгер жерлестеріміздің аттары мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Алдағы уақытта тағзым кешенін әрі қарай өркендету жобасы да көңілге қонып отыр. Осындай игі бастама мен аяқталған жемісті істі қызметте ысылған, өмірде шыңдалған, тұтас ұлттың қамы үшін жүрген жерінде айшықты ізі қалатын облыс әкімі А.Мырзахметов жасады. Ол Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласына ел айтып жүретін тиянақты іспен жауап қайтарды. Ал қаламыздың қақ ортасындағы «Ерлік» мемориалдық кешені соғыс солдаттарына көрсетілген аса жоғары құрмет деген бағаға ие болып отырғаны шынайы шындық. Осылайша ежелгі Тараз қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер қатары тағы бір елеулі нысанға артып отыр.
Сәні мен салтанаты келіскен осы мемориалды кешенде қатары жыл санап азайып бара жатқан Жеңіс солдаттары мен өмірден озған жауынгерлердің бүгінгі ұрпақтары көздеріне еріксіз жас алып, әкелері мен аталарының есімдері жазылған тақтаға гүл шоқтарын қойып, бас иіп, тағзым етуде.
Осындай иманы мен мейірімі, қуанышы мен сағынышы бір арнаға тоғысқан Жеңістің шуақты күні қарасы қалың жұрт игілікті іске бас болған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атына өлшеусіз алғыс айтып, көңіл ризашылығын білдіріп жатты. Біткен істің бағасын білген, маңыздылығын терең түсінген халықтың қалып айтпасы хақ. «Аталы елдің ұрпағы баталы болады» деген өңір келешегін, ұрпақ болашағын ойлаған ұлға айналған өңір басшысының азаматтық адал қадамы – Жеңіс күніне арналған мерекенің шапағатына ұласып, әр отбасының ыстық әңгімесіне, ақ жарма тілегіне айналғаны ақиқат. Ал Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен әрбір жауынгердің рухы үшін жасалған бұл мемориалдық кешен ашылған күннен бері оның басынан адам қарасы толастар емес. Шалғайдағы ауылдар мен алыс аудандардан арнайы келіп, орайы келген ордалы іске бас июде. Ұрпағымен қасиетті Әулиеата топырағында қайта қауышқан батыр бабалар мен ұрпақтар сабақтастығының жарасымды шарасы осылайша жібек жіптей жалғаса бергей. Өйткені бұл Жеңістің салмағы ауыр, бағасы биік. Ал бейбіт өмірге кепіл болған Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті жақындатқан жауынгерлерге тағзым ету – бүгінгі Ұлы Дала ұрпағының ұлағатты ісі мен Ұлы Отан соғысына қатысқандар алдындағы ұлы парызы.

Қаржаубай Бекболатов,
Тараз қаласының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support