- Advertisement -

Жаңа форматтағы ҰБТ

273

- Advertisement -

қорытынды аттестаттау мен бірыңғай тестілеуді қайтадан екіге бөлді

25 мамырда барлық мектепте оқу сабақтары аяқталып, соңғы қоңырау соғылады. Түлектер үшін мемлекеттік емтихан 29 мамыр – 9 маусым аралығында өткізілмек. Былтырдан бері 11 сынып оқушылары өздері оқыған білім ошағында 5 пән бойынша қорытынды сынаққа қатысып, одан кейін жоғары оқу орнына түсуге үмітті талапкерлер ҰБТ тапсыратынын айта кету керек.

Жас түлектердің мектеп бітіргенін растайтын аттестатқа бағалар 11 жыл бойғы білім көрсеткіші және 5 пәннен өткен емтиханның қорытындысы негізінде қойылады. Алғашқы сынақта оқушылар ана тілі және әдебиетінен берілген 3 сағатта эссе жазады. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде – орыс тілінен, ал орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде – қазақ тілінен тест тапсырады.Уақыты 80 минут. Ал Қазақстан тарихынан сынақ ауызша болады. Алгебра және анализ бастамаларынан 5 сағат жазбаша сынақ алынады. Таңдалған пән бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) тестке де 80 минут уақыт белгіленген.

Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы білім басқармаларына жібереді. Білім басқармалары, өз кезегінде құжаттарды мектептерге дейін жеткізуді ұйымдастырады. Жазбаша және ауызша емтихандарды, сонымен қатар тесттің жауап парақтарын мектептердегі пән бойынша емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріп, бағалайды. Түлектердің мектеп бітіру кештері 2018 жылғы 15 маусым күні өткізіледі.
Соңғы қоңырау және мектеп бітіру кешін өткізу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін педагогтер, ата-аналар, құқық қорғау органдары мен өртке қарсы қызмет көрсету өкілдері тұрақты кезекшілік ұйымдастыратынын айту керек. Сондай-ақ мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарынан ақша жиналмауы қатаң бақыланады.
Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеу 2004 жылдан бастап өткізілуде. Өткен жылға дейін ҰБТ екі емтиханның, яғни жалпы орта білімді қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орнына түсу емтихандарының қызметін атқарып келген. Былтыр тестілеудің құрылымы өзгеріп, форматы жаңарды. Уақыт ағымына сай қазір білім беру мазмұнын жаңғыртуға талап қойылып отыр. Сондықтан жаңа форматтағы ҰБТ қорытынды аттестаттау мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын қайтадан екіге бөлді.
Жаңа форматтағы ҰБТ-ның талаптары бойынша енді «Алтын белгі» иегерлері, жалпы республикалық және халықаралық олимпиаданың, сонымен бірге ғылыми жоба жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылмайды. Жалпыға бірдей негізде тест тапсырғанымен, нәтижелері басқа талапкерлердің көрсеткіштерімен тең түскен жағдайда оларға грант бөлу кезінде басымдық берілмек.
Ал енді тест тапсырмаларындағы өзгерістерге келсек, талапкерлер биыл 3 міндетті, 2 бейінді пәннен тест тапсырады. Тестілеуге бөлінген уақыт – 3 сағат 50 минут. Міндетті 3 пәннен келетін сұрақтарға берілген бес жауаптың біреуі ғана дұрыс. Бейінді пәндердің екеуінде 20 тапсырма да солай, тек екі таңдау пәннің де он-он сауалында бірнеше дұрыс жауабы берілген. Сол екі немесе үш дұрыс жауапты белгілесе екі балл қосылады. Сондықтан тапсырманың барлығы 120 болғанымен, ең жоғары балл 140 болады.
Жаңа форматтағы ҰБТ-да шекті балл өзгерген жоқ. Ең төменгі меже бұрынғыдай 50-ден кем емес. Тек ұлттық және медициналық жоғары оқу орындарына түсушілер үшін – 65, ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары оқу орындарында оқимын дегендер 60 балл жинауы керек. Межелі ұпайды жинай алмаған мектеп бітірушіге қайтадан тапсыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай жағдайда жоғары оқу орнына ақылы бөлімге ғана түсе алады.
2017-2018 оқу жылында облыстағы 352 жалпы білім беретін орта мектепті 9611 оқушы бітіргелі отыр. Оның 7371-і қазақ тілінде, 2216-сы орыс тілінде, 24-і өзбек тілінде білім алған. 241-і «Алтын белгі» төсбелгісіне және 195-сі үздік аттестатқа үміткер.

Айдын ДОСЫБАЕВА,
облыстық білім басқармасының
бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support