- Advertisement -

Өнер – таусылмас азық, сарқылмас байлық

192

- Advertisement -

Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы Жарлығымен 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі болып бекітілгені мәлім. Бұл атаулы күн 2014 жылдан бастап еліміз бойынша кең көлемде тойланып келеді.
«Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері» деп ұлт зиялысы Олжас Сүлейменов текке айтпаса керек. Қай кезде де мәдениетін мәпелеген, руханиятын қадірлеген, өнерін ұлықтаған елдің тасы өрге домалайтыны әу бастан аян. Мемлекет басшысының өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында саланың қарыштап дамуына баса назар аударып, бірқатар критерийлерді алға қойғанын білеміз. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы және өзге де көптеген байыпты байламға толы тірліктер қолға алынып, өз нәтижесін берген болатын. Мұның өзі мемлекетімізде мәдениет саласының кеңінен өркен жаюына ұдайы қолдау бар екенін айғақтай түседі.
Өңірде халықтың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақсатында бірқатар айтулы шаралар іске асырылып келеді. Бүгінгі күні ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып отырған облыс көлеміндегі мәдениет, архив мекемелерінің саны 548-ге жетіп отыр.
Облыстағы шешімін табуды қажет етіп келген мәселелердің бірі – мәдени ошағы жоқ елді мекендерге клуб салу. Осы мақсатта 2017 жылы Меркі ауданында Аққайнар ауылдық клубы ашылса, ағымдағы жылы Шу ауданында Шоқпар ауылдық клубының құрылысын аяқтау жоспарланған.
Облыстағы мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында Тараз қаласы және аудандармен 2018-2020 жылдарға арналған мақсатты индикаторлар белгіленген бағдарлама жасалды. Аталған бағдарлама негізінде басқарма басшысы мен әкімдер арасында мәдениет саласы бойынша 2018 жылға арналған индикаторларға қол жеткізу туралы келісім жасалып, іске асыру жоспары бекітілді. Аталған келісімге ауылдық жерлердегі мәдениет нысандарын жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту, ұжымдардың шығармашылық шеберлігін шыңдау, іс-шаралардың деңгейін жоғарылату бағытындағы көрсеткіштер енгізілді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тамыры тереңде жатқан тарихымызды, ұлтымыздың күні бүгінге дейін жоғары бағаланатын қасиеттері мен қастерленетін ұлттық кодын сақтауға мүмкіндік беретін «Электронды архив» бағдарламасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен аудандарда 10 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Оларда электрондық ақпараттық қызмет аясы кеңейіп, ауыл тұрғындарының қажеттілігіне байланысты әртүрлі сала бойынша әлеуметтік маңызды 452 қызмет түріне сәйкес қажетті ақпараттар мен мәліметтер алуға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар осы мақсатта 26 елді мекенде заманауи үлгіде салынатын мәдениет ошақтарында да цифрландырылған ақпараттық мәдениет орталықтарын ашу кезең-кезеңімен 2020 жылға дейін жүзеге асатын болып жоспарланды. Орталық жоғары жылдамдығы бар интернет желісіне қосылады. Содан соң әр сала бойынша Электронды қор белсенді қалыптасып, оқырмандардың әлемдік ақпарат көздеріне қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.
Жыл басынан бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар іске асырылды. Оның ішінде облыстық «Аq jol» газеті редакциясымен бірлесіп, елорданың 20 жылдық мерейтойына орай «Арқа төсіндегі арман қала» атты айтыс ақындары додасының газеттік нұсқасы, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар «100 кітап» кітапханалық жобасы бойынша «Әлем әдебиетінің жауһарлары» атты кітап карнавалы, суретші Ж.Гаазенің «Анамның аяулы алақаны», суретші Т.Шелудченкованың «Өмір. Махаббат. Шабыт» атты сәнді-қолданбалы өнерінің шығармашылық көрмелері, облыс кітапханаларының қатысуымен «Бабалар ұлағаты – ұрпақ аманаты» тақырыбында әдеби дүрбі форматында онлайн жүйесінде интерактивті сабақ, тұңғыш рет «Үздік экскурсовод» байқауы, Ж.Жабаевтың туған күніне орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыс жоғары дәрежеде өтсе, жергілікті ақын-сазгерлерді қолдап, шығармашылығын шыңдау мақсатында «Өлең мен әуен әлемі» шығармашылық кеші, ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында жергілікті күйші-композитор Ә.Желдібаев, жыршы-термеші А.Бетбаевтың шығармаларының тарихын таныту, орындау әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында «Домбыраның қос ішегі» атты шеберлік сағаты өткізілді. «Рухани қазына» мәдениет қызметкерлерінің фестивалі, «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразияның мәдени көпірлері» атты халықаралық Қазақстан-Италия көрмесі тағы да басқа іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жыл соңына дейін бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі фестивальдар мен конкурстар өткізу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, ән әлемінің ардақтысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Алтынбек Қоразбаев атындағы III Халықаралық «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші, композитор Нұрлан Байкөзовтің эстрада және джаз музыка фестивалі, «Жаңа есім – 2018» облыстық кастингі аудандардың мәдениет және өнер күндері, Халықаралық «Өнер шеруі» атты шығармашылық фестиваль секілді өзге де ауқымды шаралар сол жоспар тізіміне енгізілген.
Тарихи мұраларымызды сақтау, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы облысымыздан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне 8 жалпыұлттық деңгейдегі және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткішті енгізіп, нәтижесінде «Қазақстанның жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандары» атты кітап жарыққа шықты.
Ағымдағы жылы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өңірдегі ерекше тарихи орын «Ақыртас» кешенінде республикалық семинар-кеңес өтті. Шара барысында облыс әкімі А.Мырзахметов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ «Жүк тасымалы» АҚ президенті О.Құлақов және Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы арасында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру мәселелерін қолға алуға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымыздың мәдениеті мен өнерінің қысқаша тарихынан бастап, қоғамды дамытудағы бүгінгі орны туралы ақпарат беретін деректер мен дәйектерден тұратын «Жамбылым қандай тамаша» атты және облыстық архив қорындағы құжаттар негізінде әзірленген «Тараз: археологиялық зерттеулер» (1938-1945 жж.)» атты кітаптар жарыққа шықты.
Әулиеата өңірінен шыққан рухани дүниелерді, олардың авторларын, яғни біртуар ұлт перзенттері мен ақын-жыршы, батырлардың есімін ұрпақ жадында жаңғырту, өскелең ұрпақты дәстүр-салтымызды сақтап қалуға бағыттау мақсатында өңірдің тарихы, мәдениеті мен табиғаты туралы сыр шертетін «Әулиеата өңірінің көптомдық әдеби энциклопедиясын» сериялармен шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көптомдық энциклопедияның «Әулиеата батырлары», «Әулиеата ақындары» (Антология), «Әулиеата айтыстары», «Әулиеата би-шешендері», «Әулиеата – жырдың кені» атты алғашқы 5 томы биыл шығатын болады. Қалған томдарын шығару 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасын табады.
2018 жылы өткізілетін мерейтойлық және тарихи даталарға байланысты ұйымдастырылатын негізгі іс-шаралар Астананың 20 жылдығы, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы және Ықылас Дүкенұлының 175 жылдығына байланыс­тырылып ұйымдастырылады. Сонымен қатар биыл облыстық филармонияның 50 жылдық мерейтойы өтеді. Осы шараға орай «Әуені әсем Әулиеата» атты музыкалық жинақ шығару жұмыстары қолға алынды.
Жалпы облысымыздағы іргелі өнер ордасы саналатын облыстық филармонияға Кенен Әзірбаевтың есімін беру мәселесі зиялы қауым тарапынан көп жылдар бойы айтылып келген еді. Сондай-ақ қалалық Мәдениет үйін Ықылас Дүкенұлының есімімен атау туралы да ойлар ұзақ жылдар бойы қозғалған. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының қолдауымен осы түйткілді шаруаның түйіні тарқайтын сәт жақын.

ӨРКЕНИЕТ ӨРЛЕМЕЙДІ ӨНЕРСІЗ

Қабілетті жан киесінен тел емген,
Мәдениет егіз ұғым өнермен.
Қастерлеген мәдениет пен өнерді,
Қауымының қошеметіне бөленген.

Қалдыруға болмайтұғын елеусіз,
Бұл – қоғамның жанды жері ең әлсіз.
Мәдениетсіз дамымайды мемлекет,
Өркениет өрлемейді өнерсіз.

Жұрнақ қалмай жүріп өткен іздерден,
Мысалдар көп сіздер көрген, біз көрген.
Құдай өзі құдіретімен бермесе,
Ешкім тұлға бола алмайды жүз жерден.

Түбінде жатқан сезбей ауыр сын барын,
Түсу қиын тереңіне тұнбаның.
Өнердегі өзін сүйген адасар,
Өзіндегі өнерді сүйер шын дарын.

Өнерден тауып бақытты да, сорды да,
Шын таланттар төгеді тер болдыра.
Таланттарды тану қиын тап басып,
Ал танымау – кешірілмес зор күнә.

Бұл өнерден құралақан қалғандар,
Лайық емес биіктерді армандар.
Ұлы өнердің құшырына ұшырар,
Шын таланттың шаужайынан шалғандар.

Тума менен тұманы көрмей тең кісі,
Қателесер келсе егер бөлгісі.
Шыңға балап шын өнерді бағалау –
Міне, нағыз мәдениеттілік белгісі.

Қиялдағы көкпен жүзіп бай талғам
Қияндағы саналарға ой салған,
Өз ортасын билейді өнер адамы,
Тәрбиелейді мәдениетпен майталман.

Бықсытып ап кеудедегі бар отты
Білімсіздік жерге талай қаратты,
Астамсудан аузымыз аз күйген жоқ,
Аялайық әз өнерді, талантты.

Қалдыруға болмайтұғын елеусіз
Бұл – қоғамның жанды жері ең әлсіз,
Мәдениетсіз дамымайды мемлекет,
Өркениет өрлемейді өнерсіз.

Қабілетті жан киесінен тел емген,
Мәдениет егіз ұғым өнермен,
Екеуін де мәпелеген халықтың
Ертеңінен зор келешек көрем мен!

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support