- Advertisement -

белбасар — берекелі ауыл

270

- Advertisement -

Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіріп айтуымыз да бекер емес. Аудандағы жалғыз тірек ауылы саналатын белбасарлықтардың бүгінгі ісіне қарап, сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Расымен де туған топырағынан жырақта жүрсе де өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтар бар. Тиісінше, бұндай ауылдан берекенің тарқамайтыны да белгілі. Міне, осындай азаматтардың бірегейі ретінде Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады. Ол шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, өзі туып-өскен Белбасар ауылының әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Болат Оспанұлының қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген ортақ іске демеушілік танытудан тартынып қалған тұсы жоқ. Маңдай терімен тапқан қаржысын имандылық ордасының бой түзеуіне жұмсап, алақандай ауылға зәулім мешіт салып берген оған ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ. Одан бөлек ауылдағы әбден тозығы жеткен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, көлемі 50-100 метрді құрайтын, соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар еуростандартқа сай үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Қазіргі таңда мұнда футбол үйірмесі ашылып, арнайы бапкер де тағайындалған.
Жуырда Белбасар ауылында Социалистік Еңбек Ері Хати Сауранбаевты еске алуға арналған дәстүрлі футбол турнирі өтті. Бұл шараға отыз жылдан аса уақыт бойы үздіксіз демеушілік білдіріп, ұйымдастырып келе жатқан да дәл осы Болат Сауранбаев еді. Дәстүрлі турнирдің ашылу салтанаты алдында аудан тұрғындары тарихи сәттің куәсі болды. Болат Сауранбаевтың мұрындық болуымен бой көтергелі жатқан «Белбасар» мәдени-спорттық кешенінің қазығы қағылып, алғашқы тасы қаланды. Сонымен қатар тұрғындарға спорт кешенінің жобасы таныстырылды. Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы көлемі 2696 шаршы метрді құрайды. Кешеннің төменгі қабатында орналасатын әмбебап спорт залда келушілерге кіші футбол, волейбол және баскетбол ойындарын ойнауға мүмкіндік бар.

Ал екінші қабатта бокс, күрес және ауыр атлетика залдары болады деп күтілуде. Мұндағы құрылыс жұмыстарын елімізге белгілі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясы жүргізбек. Алдағы екі жыл бойы 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Болат Сауранбаевтың айтуынша, «Белбасар» спорт кешенінің әкімшілік бөлмесі мен спортшылардың киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелерінің барлығы да халықаралық стандартқа сай болмақ.
– Бала кезімізде ауылда мұндай спорт зал тек арман болатын, ол қазіргі ауыл балаларының да арманы екенін білеміз. Сондықтан ауылдастарымызға көмек болсын дедік. Құрылысы енді ғана басталған үлкен нысанға қомақты қаржы жұмсайтынымыз белгілі. Соған байланысты «Хати Сауранбаев» атындағы қорды құрдық. Кез келген азамат өз шама-шарқынша құрылған қорға қаржы сала алады. Осы тұста нысанның құрылысы толығымен аяқталған кезде елімізге белгілі бірқатар азаматтар қолдау білдіруге ниетті. Мәселен, еліміздің даңқты боксшысы Серік Қонақбаев кешеннің ашылу салтанатында халықаралық стандартқа сай рингті құрал-жабдығымен бірге сыйға тартатынын жеткізсе, бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов олимпиадаға даярлау орталығының филиалын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков те шағын футбол алаңшасын жабдықтауды толығымен өз мойнына алатынын жеткізді. Ал аудан әкімі Қайрат Әскербекұлына құрылысқа қажетті жерді бөліп, оңтайлы жағдай жасап бергені үшін алғыс айтқым келеді. Ендігі меже құрылысы басталған нысанды толығымен аяқтап, ел игілігіне беру ғана, – дейді Болат Оспанұлы.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев іргелі істің бастамашысы болып отырған Болат Сауранбаевқа өз ризашылығын білдіріп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Алғыс хатын табыс етті. Оңтүстік астанадан «Қайрат» футбол клубының бір кездері даңқты қақпашысы болған Құралбек Ордабаев та арнайы келіп, өз құттықтауын жеткізді. Өз кезегінде Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев аудан тұрғындарының атынан Болат Оспанұлына алғысын айтып, ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Бұдан соң, Хати Сауранбаев атындағы турнирге жиналған командалар арасында жеребе тартылып, ала доп шеберлерінің бәсекесі басталып та кетті.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support