- Advertisement -

Істі болғандарды ізгілікке жетелей аламыз ба?

209

- Advertisement -

Пробация қызметін дамыту қашанда басты назарда болуы керек

Елбасының «Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарындағы басты тапсырмаларының бірі – бас бостандығынан айыру орнынан босатылған әрбір сотталған адамға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауап беретін пробация қызметін құру туралы міндет қойылған болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында 2016 жылғы 30 желтоқсанда «Пробация туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Жаңа құжат бойынша Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты пробация қызметтерінің ауқымы кеңейіп, артылар жүкті еселеп отыр.Қазіргі кезде, өңіріміздегі бес түзеу мекемесінен жылына жүздеген адам бостандыққа шығады. Ал олардың әлеуметтік қамтылуы, қоғамға бейімделуі көңіл көншіте ме? Істі болғандар қайта жаза баспауы үшін қандай шаралар атқарылуда? Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен өткен қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында осы және өзге де сауалдар жөнінде жан-жақты айтылды.

Алғашқы болып баяндама жасаған облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қызметтеріне басшылық ету бөлімінің бастығы, әділет майоры Қасымбек Қалдыбаев жоғарыдағы жағдайға қатысты өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқталып өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері пробация қызметінен 2129 қоғамнан оқушаулаумен байланысты емес жазаларға сотталғандар өткен. Яғни оларға әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетілген. Сондай-ақ алғашқы тоқсанның көрсеткішіне сәйкес есептен өткен сотталғандардың арасынан 2135 адамға пробациялық бақылау енгізіліп, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге жеке бағдарламалар жасалған. Ол бағдарламалар мұқтаждықтарына қарай қалалық және облыстық тиісті органдарға жолданыпты.
Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты барлық аудандар мен қалада есепте тұрған кәмелетке толмағандар үшін 11 пробация бөлмесі ашылып, жұмыс істеуде. Десек те кейбір аудандардың жұмысы сын көтермейді. Мысалы, Жамбыл, Талас, Шу аудандарында осы жылдың үш айында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды әлеуметтік іс-шараларға тарту жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Ал аудандық, қалалық әкімдіктердің жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінен пробация қызметінің есебінде тұрған және түзеу мекемесінен босатылған сотталған азаматтарды оңалту, оларды ортаға бейімдеу, көмек көрсету және тағы басқа шаралар үшін ағымдағы жылға бөлінген қаржының кей аудандардағы көлемі де көңіл көншітпейтін болып шықты. Айталық бұл бағытта Мойынқұм ауданында 1000000 теңге бөлінсе, халық саны анағұрлым көп Қордай ауданында 500000 теңге ғана қарастырылған. Ал Т.Рысқұлов ауданында мүлде қаражат бөлінбеген болып шықты. Бірқатар аудандарда бөлінген қаражаттың өзі негізгі мақсаттарға пайдаланылмағаны белгілі болған. Пробация қызметтерінің есебінде тұрған, көрсетілген әлеуметтік-құқықтық көмектерге қарамастан, үш айда 9 қайта қылмыс жасау фактісі тіркелген. Сонымен қатар саладағы өзекті мәселелер ретінде Қасымбек Қалдыбаев кей аудандарда ғимараттың жоқтығын, автокөлік пен қажетті техникалардың жетіспеушілігін атады.
Бекболат Серікбекұлы өз сөзін баяндамашының асығыс жасалған есебіне көңілі толмайтындығынан бастады.
– Баяндама жедел жасалған. Саладағы кемшіліктерді слайд, диаграмма арқылы көрсетіп, талдаулар бойынша нақтылап дайындау керек еді. Кемшіліктер жоқ емес, бар. Жұмысты жандандыру қажет. Қағаз жүзінде «қатырып» қоюға болмайды. Есепте тұрғандардың он-он бес пайызы болса да жұмыспен қамтылып, қоғамға бейімделсе, соның өзі жетістік болар еді. Нәтижесіз жұмыстардың кесірінен қайта қылмыс жасау деректері анықталып отыр. Аудандардағы пробация бөлмелерін ғимаратпен, жиһазбен қамтуға аса ден қою керекпіз. Тұрақты мамандармен қамту да назардан тыс қалмасын. Пробация қызметін дамытуда жауапты орган басшыларына қарап отырмай, жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырған жөн, – деген Бекболат Орынбеков бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларымен онлайн режімінде байланысқа шығып, жауаптар алды. Кемшілікке жол берген тиісті тұлғаларға қатаң ескертулер беріп, мәселенің мәнісіне үңілуді тапсырды.

Суретті түсірген
Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support