- Advertisement -

«Тараз» ірі есеппен жеңіске жетті

107

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан бірінші лигасының сегізінші турында Ақтөбенің «Ақтөбе – Жас» командасын қабылдаған «Тараз» футбол клубының ойыншылары қарсыластарын ойсырата жеңіп, жанкүйерлерін желпінтіп тастады.
Төреші ысқырығы естіле салысымен алға лап қойған жерлестеріміз кездесудің екінші минутында есеп ашты. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Константин Дудченко мергендігімен көзге түсті. Жамбылдық футболшылар бұдан соң да қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Сәт сайын шабуылға иек артқан «Тараз» ойыншылары қалайда есепті еселеуге тырысып бақты. Нәтижесінде, матчтың 32-минутында Бауыржан Байтана асырған пасқа бұрын жеткен Абзал Таубай есепті 2:0-ге жеткізді.
Кездесудің екінші бөлігінде де жамбылдықтар толассыз шабуылдарын тоқтатпады. Жанарларынан жалын ұшқындаған футболшыларымыздың ірі есеппен жеңіске жетуді көздегені анық. Ойынның 54-минутында Думан Тұрсынбай тамаша гол соғып, есеп айырмасын үш допқа дейін арттырды. Бұл күні «Тараз» футболшыларын тоқтату мүмкін еместей көрінді. 59-минутта «Ақтөбе – Жас» командасының ойыншысы Абзал Таубайды шалып жықты. Төреші белгілеген 11 метрлік айып добын Нұртас Кургулин сәтті орындап, басымдықты нығырлай түсті. Ал 72-минутта екінші голын соғып, дубль авторы атанған Абзал Таубай қорытынды нәтижені тіркеді. Есеп – 5:0.
«Тараз» футболшылары енді бабына келген сияқты. Алдағы ойындарда да жерлестерімізден жарқын жеңістер күтеміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support