- Advertisement -

Шарапатының шапағатына бөленген

172

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау
ісінің үздігі Амантай Сартаев – 75 жаста

Зеңгір көкке ұмсына бой тіктеп, жапырақ жайған шынар ағашы биіктеген сайын, айналасына түсіретін саялы көлеңкесінің аумағы да ұлғая түседі екен. Дәрігердің де өз мамандығына жетіліп, біліктілік санатын көтеру барысын осы шынар ағашының өсу үдерісіне теңеуге болады. Ол қаншалықты жұртшылықтың қалың ортасында болып, адамдардың дертіне дауа табуға ден қойған сайын, жеке тәжірибесі де молығып, емшілік қабілет-қарымы да арта түседі. Әрі соған орай, ауруға бой алдырып, өзінен көмек сұрап келген жамағатты да дәрігерлік шапағатына бөлей алады. Мұны жоғары санатты терапевт-дәрігер Амантай Сарытайұлы Сартаев халқымыздың көрнекті ұлдарының бірі Санжар Асфендияровтың есімі берілген Алматы медициналық институты емдеу факультетінің соңғы курстарында оқып жүрген кезінде, өзіне дәріс берген айтулы ғалым-ұстаздарының аузынан талай естіп қаныққан-ды. Содан да болар, жас маман қолына дипломы тиісімен өз қалауымен алған жолдамасы бойынша Талас ауданының шалғай жатқан Үшарал ауылындағы учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалады.
Ауылдық елді мекендерді дәрігер-кадрлармен жеткілікті қамтамасыз ету, ауруханалар мен емханаларды және фельдшерлік-акушерлік пункттерді заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру сияқты мәселелердің әлі де болса шешімі табыла қоймаған кез. Сондықтан сырқаттанып, дертіне дауа іздеп келген ауыл адамдарының ауруының диагнозын дәл қойып, қажетті емдеу шараларын қолдану – дәрігердің кәсіби біліктілігінің жоғары болуын талап ететін-ді. Әйтсе де тумысынан бойына біткен зерделілігінің және студент кезінен-ақ халықтық және Тибет медицинасының әдіс-тәсілдерімен кеңінен танысып, меңгергендігінің арқасында Амантай бұл қиындықтардан шыға білген. Оның үстіне австриялық белгілі ойшыл Стефан Цвейгтің «Қалжыраған тән мен қасірет шеккен жан үшін үміттенуден артық дәру жоқ» және көне Рим дәуірінің айтулы ақылманы Луций Анней Сенеканың «Аурудың өзін меңдеген сырқатынан жазылуының ең негізгі шартының бірі – дертінен айығуға деген құлшынысының болуы» деген қағидалы сөзін әр кез жадында ұстайтын білікті маман пациенттерін емдеу үдерісін ең әуелі олардың көңілінде үміт отын жағудан, жанына батқан сырқатынан құлантаза айығатындығына сенімдерін оятудан бастайтын. Ашығын айту керек, өңірдегі тибеттік емшілердің емдеу әдіс-тәсілдерінен хабардар бірден-бір дәрігердің орнықты үні, қисынды сөзі, айтқан уәжінің сендіру әлеуеті алдына келген жанның жүрегін баурап, артынша-ақ жүзі шырайланып, көз қарашығында ертеңіне кәміл сенімді екендігін аңғартатын ұшқын пайда болатын.
…Бірде Амантай Сартаевқа осы Үшарал ауылында орналасқан Талас асыл тұқымды мал зауытының директоры, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев келіп, қысқы мал жайылымындағы Әзірбай деген шопанның жасөспірім баласының беймәлім ауыр дертке шалдыққандығын, перзентінің өмірінен үміт үзген әке-шешесінің қайғыда қалғандығын айтады. Жанашырлық жасап, көмек қолын созуын сұраған.
– Әбеке-ау, дертті адамның ауруының мән-жайын анықтап, қолымнан келгенінше қолұшын беру я болмаса қай жерде емделуіне болатынын айтып, жөн сілтеу менің дәрігерлік парызым емес пе? Тек өзіңіз шопанның қыстауына барып-қайтуыма, тіпті керек болған жағдайда ауру жігітті облыс орталығына жеткізуіме қажетті көлік ұйымдастырып берсеңіз болғаны, – деп Амантай кеңшар директорының тілегін құп алғандығын аңғартқан.
Ақиқатында да сырқаты меңдеп, әбден титықтаған жеткіншектің жағдайы тым ауыр екен. Көз жанарында өмір оты сөніп, жағы суалып, бір кездегі қақпақтай жауырыны еңкіштеніп, иықтары қушықтанып кетіпті. Өздігінен жүріп-тұруы да қиындаған. Өңдерін аяз сорып, жел қағып күрең тартқан ерлі-зайыптылар аурудың қас-қабағына қарап, асты-үстіне түсіп, құрақ ұшуда…
– Мойнымызға бұршақ салып, көз жасымызды көлдетіп жүріп, Тәңірден сұрап алған жалғыз ұл еді. Мұны да бізге көп көрді ме, әйтеуір қарашада сырқаты басталып еді, содан әлі беті бері қарар емес. Фельдшерге де көрсеттік… Жамбылдан шығып, малды ауылдарды аралап жүрген көшпелі дәрігерлер бригадасы да келіп кетті. Бірақ бірде-біреуінің жазып берген дәрілері ем болып қонбады, – деді шопан, бұдан бір қайран күткендей, Амантайдың жүзіне жаутаңдай қарап.
Дәрігер жүзі мен көзінің еті сарғыш тартқан, қимыл-қозғалысы ауырлаған жасөспірім жігіттің тамырын ұстап, жүрек соғысын аңдаған. Отырғызып-тұрғызып көріп еді, кеуде тұсын қатты ауырсынады екен. Ішінен «Өкпе эхинококкозына шалдыққан ғой. Асқынып та кетіпті. Енді ота жасамаса, адам болуы екіталай» деп диагноз қойғанымен, онсыз да «шыбын жандарын шүберекке түйіп» әбігерленіп жүрген ерлі-зайыптыларға сыр алдырмаған.
– Ақсақал, інішектің жағдайы сіздер уайымдап алаңдайтындай соншалықты ауыр емес. Бірақ бізде де, Ақкөлде де мұның ауруын емдейтіндей маман дәрігерлер мен дәрі-дәрмек, құрал-саймандар жоқтың қасы. Сондықтан сіздер келіссеңіздер, Жамбыл қаласындағы ауруханаға апарып, ондағы емдеуші дәрігерге өз қолыммен тапсырайын, – деді Амантай үніне жылылық үйірілтіп, дауысын барынша орнықты шығаруға тырысып.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халықтың қағидалы сөзінің неліктен айтылғандығына Амантай сонда тағы да бір көз жеткізген. Мұның айтқан сөзі уайымына тоқтам салған болуы керек, қола түстес қоңырқай жүзіне қан жүгірген ауру жігіттің анасы: «Айналайын-ай, мынау құттыханамыз – шаңырағымызға ақ періште болып еніп, күпті көңіліміздегі күдікті сейілтіп жібердің ғой. Сөзіңнен садаға кетейін. Құлынымды әуелі жаратқан Аллаға, содан соң бір өзіңе сеніп тапсырамын», – деген ағынан жарылып. Отағасы да жұбайының шешімін қолдайтындығын білдіріп, басын изеумен тынған.
Жас жігіттің өмірден «татар тұзы, ішер суы» таусылмаған екен. Бағына және ата-анасының тілеуіне орай облыстық туберкулезге қарсы диспансердің оташылары жасаған операция сәтті аяқталды. Араға біраз уақыт салып, кешенді ем-шаралар қолданғандықтан, жасөспірім ауруынан айығып, аяғынан тік тұрып кеткен. Сондағы ата-анасының қуанышын, осындай бақытқа кенелулеріне себепші болған Амантайдың атына білдірген көл-көсір алғыс-ризашылығын айтсаңшы…
А.Сартаевтың кәсіби біліктілік деңгейінің жоғары екендігін ескерген облыстағы денсаулық сақтау саласының басшылары оны Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жұмысқа ауыстырады. Ол осында дәрігер-терапевт, қабылдау бөлімінің меңгерушісі, кейіннен Жамбыл қант комбинатының медициналық бөлімі ревматология бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігері болып еңбек етеді. Денсаулық саласына қатысты қай ұйымда жұмыс істемесін, әрдайым пациенттерінің рахметіне кенеліп жүретін Әбекең… Амантай Сарытайұлы 1989 жылдан 2012 жылдың желтоқсанына дейін облыстық аурухананың терапевтік бөлімінде дәрігер-терапевт, бөлім меңгерушісі қызметтерін де атқарған. Әрі осындағы жұмысында аумақтағы қазына қарттар – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және Ауған соғысына қатысушылар мен Чернобыль апатының зардабын жоюшылардың сүйікті дәргеріне айналады. Өзі де облыстың медицина саласы ақсақалдарының қатарына қосылған А.Сартаев болашақ ұрпағының қамы үшін қан майданда оқ пен оттың өтінде болып, қасық қанын қиюға дейін барған ардагерлер өмірінің аз күнге болса да жалғасуына септесу үшін барын салған. Бір жағы соған риза болғаны болар, жасы жүзге келіп өмірден озған соғыс және еңбек ардагері Әнуарбек Сандыбаев өрен-жарандарының ортасында отырып: «Аллаға мың шүкір, міне Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алуды және майданда қаза болған қандыкөйлек қарулас достарымның аруақтарына бағыштап құран оқытуды маңдайыма жазыпты. Бұл үшін ең әуелі Алла тағалаға шүкіршілік келтіремін, сосын өзім аса жақсы көріп сыйлайтын Амантай бауырыма алғысымды айтамын. Ол алпысқа келіп, дүрілдетіп той жасағанында, мен той мінберінде тұрып, «Сарытайдың ұлы, сен бізді Жеңістің алпыс жылдығына аман-есен жеткізуге тиіссің. Осы міндетің әр уақытта да жадыңнан шықпасын!» деп іс-шараға қатысқан барша ардагердің атынан аманат жүктеп едім. Құдай ол тілегімізге де жеткізді. Міне, одан бері де он екі жыл өтіпті. Жаратқанның кеңшілігінің, Амантайдың асты-үстімізге түсіп емдеуінің арқасында алпыс жылдықты ғана емес, сонымен бірге Жеңістің 70 жылдығын да қарсы алып, діттегенімізге жетіп отырмыз», – деген екен.
Асылы, адамға берілетін қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында жан-тәні, бар болмысымен дәрігерлікке ден қойып, қолы шипалылығының нәтижесінде ел-жұрттың көңіл ризашылығының шуағына кенелген жан емшілік қызметті қоя алмайды. Амантай Сартаев та 2012 жылдың соңында 70-ке қадам басқан шағында облыстық аурухананың ұжымы иығына шапан жауып, қадірлеп-құрметтеп зейнет демалысына шығарып салғанымен, дәрігерлік жұмысын одан әрі Тараз қаласындағы «Мейірім» денсаулық сақтау орталығында жалғастырған. Кейін облыс орталығындағы «№1 арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне дәрігер-терапевт болып ауысады. Ол қазіргі таңда аталған мекеменің медициналық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда.
Дана қазақ «Батаменен ер көгереді, жауынменен жер көгереді» деген. Әбекеңнің пациенттерінен алған мың-сан алғысы, кеудесінде жарқыраған «Қайырымдылығы үшін – САУАП» медалі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Чернобыль ардагері» төсбелгілері, «Чернобыль 1986-2006 ж.ж.» қоғамдық медалі, 75 жасқа толғанына байланысты «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының ардагері» атағын алуы, Жамбыл облысы әкімінің және сала министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталуы оның медицина саласындағы көп жылдық жемісті еңбегінің куәсі іспетті. Негізі, ел-жұртына шарапаты тиген жанның, қай уақытта да болмасын қауымның шапағатына бөленетіндігі белгілі. Ендеше, А.Сартаевтың шыққан тұғыры, көрінген биігі – жұртшылықтың жаймашуақ көңілінің төрі мен олардың оған арналған шексіз ықылас-пейілі десек, онымыз артық айтқандық болмайды.

Сапарғали ӘЛІБАЙ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support