- Advertisement -

Шырағың сөнбесін

258

- Advertisement -

Бала кезде көзілдірік таққан адамды көрсек таңғала қарап, көзәйнегін ұстап, бір тағып көрмесек көңіліміз көншімейтін. Сол шақта оны үлкен ата-әжелер болмаса, балалар мен жастардың ілуде біреуі тағушы еді. Бәлкім содан шығар, бізге қызық көрінетіні. Онда да аталарымыз газет оқығанда ғана тағып, қайта құнттап орап қоятын. Ал қазір екінің бірі көзілдіріксіз қарыс қадам аттай алмайтын халде.

Бұл жағдай әлемде өзекті мәселенің біріне айналды. Мамандардың алаңдайтынындай да бар. Тіпті жаһан дәрігерлері әлемде көзәйнек киетін адамдардың саны сәт санап еселеніп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оған себеп – көз ауруларынан зардап шегетіндердің әлемдік статистикасының көрсеткіші. Айталық, 188 елден жинақталған дерекке сүйенсек, әлемде 200 миллион адамның жанары түрлі кеселге душар болған. Көру қабілеті нашарланғандардың басым бөлігі – Оңтүстік Азия халқы десек, аймақта 11,7 миллион адам көз ауруларына шалдыққан. Ал Шығыс Азияда 6,2 миллион, Оңтүстік-Шығыс Азияда 3,5 миллион, Субэкваторлық Африкада 4 пайыз, Батыс Еуропа тұрғындарының 0,5 пайызы көз ауруынан тауқымет тартып жүр. Мамандар болжамынша, 2050 жылға қарай әлемде көз ауруларынан зардап шегетіндердің саны 550 миллионға жетіп жығылады екен.
Әлбетте, шағымданушылар көбейген сайын, тиісінше, көз дәрігерлеріне деген сұраныс та, талап та артатыны белгілі. Бұл үдеріс біздің елімізде, оның ішінде Жамбыл өңірінде де айрықша байқалып отыр. Облыстық офтальмологиялық орталығының бас дәрігері Қайрат Әбдіқұловтың сөзіне сүйенсек, әсіресе аудандарда көз дәрігерінің тапшылығы айқын сезілуде. Кей ауданның тұрғындарына көршілерінен аптасына бір рет келетін мамандарды күтулеріне тура келеді.
Дегенмен көз ауруы бойынша амбулаторлық қызмет­тің қолжетімділігі төмен болғанымен, жоғары медициналық көмектің сапасы артуда. Қайрат Әбдіқұловтың айтуынша, бүгінде елімізде көз кеселдеріне шалдыққан науқастарды емдеудің бар мүмкіндігі қарастырылған. Қазiр отаның 100 пайызы микроскоппен жасалады. Денсаулық сақтау саласына қамқорлықтың нәтижесінде күрделі операцияларды жасау жамбылдық дәрiгерлер үшiн де қалыпты шаруаға айналып үлгерген.
Орталықта 35 орындық күндізгі, 30 төсектік тәуліктік және кеңестік диагностикалық бөлімшелері науқастарға толассыз қызмет көрсетуде. Айталық бір айда тәуліктік бөлімшеде орташа есеппен – 120, күндізгі бөлімшеде 100 емделушіге дейін ем қабылдаса, барлығы 180-дей науқасқа түрлі деңгейдегі оталар жасалады екен. Оның онға жуығы – жоғары технологияның көмегімен іске асатын күрделі операциялар. Бір қуанатыны, бұрынғыдай мұндай күрделі оталар үшін науқастар Алматы, Астана, тіпті шетел аспайды. Өз облысымызда-ақ ауруының емін таба бастағаны – саладағы жетістіктердің бір көрінісі.
Орталықтағы кеңестік диагностикалық бөлімшесінің қызметіне айына 2000-нан аса адам жүгінсе, жарақат бөлімшесінде тәулігіне 20-30 адамға дейін манипуляциялық және жедел медициналық ем-шаралар жүргізіледі екен. Қайрат Сәтбайұлының айтуынша, қазіргі таңда науқастар арасында глаукома, катаракта, миопиа деген көз дерттері жиі кездеседі. Әсіресе миопиа – алыстан көрмеушілік, сығырлық белең алып барады. Дүние-жүзіндегі әрбір үшінші адам, ал еліміздегі мектеп табылдырығын аттаған балалардың бес пайызы осы алыстан көрмеушіліктің түрлі деңгейіне душар болған. Бір өкініштісі, олардың саны жыл санап артып келеді.
Орталықтың бас дәрігері көз аурулары бойынша шағымданушылардың саны уақыт санап артып бара жатқанын айтады. Сондай-ақ ол туабітті аурулармен қатар, жүре пайда болған көз сырқаттарының арту себебін бүгінгі экологиялық өзгерістер мен дамыған ақпараттық технологиялардың әсерінен болғанын жоққа шығармайды. Десе де дәрігер көз ауруларының алдын алып, уақтылы емделсе дертті жазу, жеңу әбден мүмкін екенін ескертеді.
Жасыратыны жоқ, түрлі түсті теледидар, компьютер мен телефон-смартфондардан бас алмайтын бүгінгі буын өз денсаулықтарына немқұрайдылық танытып, сырқаты асқынған кезде ғана дәрігерге жүгініп жатады. Содан да көзілдірік тағып, көзәйнектің көмегімен ғана көру қабілетін арттырып жүргендерді айналамыздан жиі кездестіре бастадық.
– Мектепте кітапты көп оқыдым дей алмаймын, бірақ ҰБТ-ға дайындық барысында планшеттен бас алмай, ғаламтор арқылы білімімді жетілдіруге барынша тырыстым. Кейде компьютер мен ұялы телефонның қызығына кіріп кететінмін. Сонда әке-шешем «Қараңғыда экран алдында отырма, көзіңді арасында демалдырып тұр» деп ақылын айтса, телефоннан бас алмайтыныма қарап, ескерту де жасап жүрді. Ол кезде мән бермегенмін, қазір өкініп жүрмін. Өйткені бала кезде көру қабілеті бойынша ешқандай шағымым болған емес. Бүгінде – 2,25, – 2,50 көзілдірік тағамын. Бес-алты қадам қашықтықты анық көре алмаймын. Көзім бұлдырап кетеді, – деген ауыл мұғалімі Нұрлан Қожаев өз дертін сөзсіз смартфоннан тапқанына сенімді.
Иә, ес білгеннен күндіз-түні телефонға телміріп, асыр салып аулада ойнап, көкжиекке көз тікпеген бүлдіршіндер өздерінің балалық шағын ғана ұрлатып қана қоймай, денсаулығы мен психикасына да үлкен зардап тигізуде. Дені сау ұрпақ – ел келешегінің кепілі. Сондықан кішкентайлардың «сотканың» «тілін» түсінгеніне мәз болмай, денсаулығын да ойлауымыз керек.
«Қос көзің – қос шамшырағың», «Көзіңнің оты сөнбесін» дейді қазақ. Адамның ең бір нәзік, сезімтал мүшесі саналатын көз арқылы ақпараттың тоқсан пайызын қабылдайтынымыз да дәлелденген. Ендеше, шамшырағымыздың сөнбеуі, отымыздың өшпеуі үшін көзіміздің күтіміне көп көңіл бөлген абзал. Көк экраннан көзді бір сәт демалдырып, телефонға телміруді азайтып, артымыздан ерген ұрпағымызды да ерте кезден соған дағдыландыру ойланатын, бүгіннен қолға алатын міндетіміз десек қателеспейміз.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support