- Advertisement -

Таразда тұңғыш рет жүрекке имплантация жасалды

154

- Advertisement -

Он жылда ғылыми орта қалыптастырған Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, жүрек-қан тамырлары хирургтары Ассоциясының президенті, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Сейтхан Жошыбаевтың «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығында» алғаш рет жүрекке имплантация жасалды. Еселі еңбектің жемісі – осы. Жылдар бойы созылмалы аурудан зардап шегіп, донор күтіп, төсек тартып жатқан 61 жастағы науқастың  жүрек соғысы жасанды импланттың көмегімен өз ырғағын қайта тапты.

   Тараз қаласындағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығындағы» имплантация операциясын Түркияның Измир қаласынан келген профессор Мұстафа Озбаран, Чагатай Энгин, Сейтхан Жошыбаев пен Бағлан Тұртабаев жасады. Бұл күн – осыдан 60 жыл бұрын Орталық Азияда  алғаш рет жүрекке ота жасалған тарихи кезеңге тұспа-тұс келген екен. Осыған орай ота үстеліндегі шеберлік сағатынан кейін тәжірибе алмасу мақсатында лекция ұйымдастырылды. Халықаралық «Cardiac Еye» қауымдастығының президенті Максуд Элахи жүрек жеткіліксіздігі жағдайындағы көрсетілетін медициналық көмектер жайында дәріс оқыды. Жалпы трансплантология  және имплантация, кардиохирургия саласында жетістікке жеткен білікті мамандар Жамбыл жеріне үлкен мақсатпен келгенін айтуымыз керек. Олар созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мәселелерін талқыға салатын ІІ халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, іс жүзінде жасанды жүрек алмастырудағы шеберліктерімен бөлісті.

 «Достық» үйінде өткен конференцияның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, өңірдегі жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов скайп арқылы байланысқа шығып, Тараз қаласында екінші рет өткізіліп отырған халықаралық шараның мән-маңызына тоқталды. Түркиялық профессор Мұстафа Озбаран, Пәкістаннан келген білікті кардиохирург Максуд Элахи, Жапонияның Астанасы Токиядағы регенеративті медициналық орталықтың президенті Самуэль Абрахам, Үндістандағы «Fortis Malar» клиникасының анестезиологы Сурэш Рао, Қазақстан кардиологтары Ассоциациасының президенті Сәлім Беркінбаев сөз сөйледі. Жалпы екі күнге созылатын ғылыми конференцияда көптеген маңызды мәселелер талқыға салынбақ.

Бұл шараға шетелдердегі жетекші клиникалардың білікті мамандарының арнайы келуінің өзі көп нәрсені аңғартқандай. Мұндай басқосулардың нәтижесінде жоғары медициналық көмектің қолжетімділігін арттырары сөзсіз. Бұлай деуіміздің себебі, екі жыл бұрын «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» бастамасымен өткен халықаралық жиыннан кейін ойға алған мақсатқа қол жеткізу үшін іс жүзінде тәжірибе жинай жүріп, трансплантологиялық операция жасауға қажетті алғышарттардың бәрін жасалды. Соның нәтижесінде сәуір айында бүйректі трансплантациялаған екі операция, 10 мамырда жүрекке имплантация жасалды.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support