- Advertisement -

«Жеңіс» саябағындағы жаңғырту жұмыстары жұрт көңілінен шықты

197

- Advertisement -

Бірнеше күннен соң елімізде Жеңістің 73 жылдығы аталып өтіледі. Осыған орай облыс көлемінде мерейлі мерекені жоғары деңгейде өткізу мақсатында қызу дайындық жүріп жатыр. Әсіресе, Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы қауырт тіршілік көңілге қуаныш сыйлайды. Өйткені саябақтағы жаңғырту жұмыстары жамбылдықтардың ойынан шығып отыр.

Көне шаһардың «Жеңіс» саябағындағы күрделі жөндеу жұмыстары 15 наурызда басталған болатын. Содан бері өткен 1,5 ай ішінде демалыс орны адам танымастай өзгерді.
Ең әуелі саябақтың бас қақпасы ауыстырылып, бұрынғы темірден соғылған арканың орнына травертин тасынан өрілген қабырғалар бой көтерді.
Сондай-ақ, кіреберістегі субұрқақ бұзылып, тегістеліп, орны үлкен алаңға айналған. Бұл жерде мереке кезінде түрлі шаралар өткізіліп, жай күндері тұрғындардың еркін тыныстауына қолайлы жағдай жасалған.
Саябақтағы Б.Момышұлына қойылған стелла да түгелдей өзгеріске ұшыраған. Оның орнына облыстық драма театрдың алдындағы батыр Баукеңнің ескерткіші әкелініп, тас тұғырға орналастырылыпты. Ал ескерткіш алдынан «Мәңгілік алау» орын тапқан.

Батыр Бауыржан ескерткішінің қос қапталында «Батырлар аллеясы» айшықталып тұр. Онда Жамбыл облысынан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар орналастырылған. Олар жеке-жеке тұғырға орнатылып, тұғырдың орта тұсына көзсіз ерлік көрсеткен жауынгерлердің кеудесіне тағылған «Алтын жұлдыз» медальдарының ұлғайтылған көшірмелері ілінген.
«Батырлар аллеясынан» аса берген тұста кірпіштен өріліп, гранитпен қапталған 6 қабырға бой көтерген. Бұл – «Даңқ аллеясы» монументалды кешені. Онда Жамбыл облысынан майданға аттанған 105 мың жауынгердің есімі қашалып жазылған. Отан қорғауға аттанған батыр ұлдардың аттары олардың соғысқа жіберілген аудандары бойынша реттелген екен. «Даңқ аллеясының» құрылысын жүргізіп жатқан жұмысшылар тобының бригадирі Берік Жұмаділдаев бригадасында 25 адам барын айтады.
– Ұлы Отан соғысы Кеңес одағының құрамында болған елдер үшін ауыр жылдар болып тарихта қалды. Сол сұрапыл жылдары талай жауынгерлер елінің, жерінің амандығы үшін жау оғына кеудесін тосып, шейіт болды. Ал майдан даласынан қайтқандары сол боздақтардың батырлығын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, ол зұлматтың қайталанбауын тілеп отыр. Аллеядағы қабырғаларда есімдері қашалып жазылған жауынгерлердің барлығы – біз үшін батырлар. Сол себепті құрылысшылар өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, мұқият та тындырымды еңбек етуде. Бүгінде жұмыстар аяғына таяп қалды. Бірер күнде толық тәмамдаймыз, – дейді құрылысшы маман.
Сондай-ақ алдағы уақытта саябақ аумағында соғыс, тыл ардагерлеріне арналған музей бой көтермек. Интернационалист жауынгерлерге арналған мемориал да орнатылады. Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтары және Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға арналған ескерткіш көшіріліп, нысанның келбеті жаңартудан өткізіледі.
Жалпы құрылыс жұмыстарынан бөлек, мұндағы ретсіз өскен тал-дарақ кесіліп, ағаштар бұталған. 15 мың шаршы метрді құрайтын аумаққа құйматас (брусчатка) төселіп, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар саябақты жағалай өтетін «Үшбұлақ» каналының бойында тазарту жұмыстары жүруде. Болашақта жағалауда демалушылар үшін жағажай жасалып, веложолдармен жабдықталады екен.
Айта кетерлік жайт, мұндағы құрылыс жұмыстары қала тұрғындарының да тұрақты назарында. Өйткені жұмыс барысымен танысуға барғанымызда да саябақта құрылысшылардан бөлек қала тұрғындарының да қарасы қалың екенін аңғардық. Көпшілігі айдан аса уақыт бойы жүріп жатқан жұмыс нәтижесін көруге келгендер. Жалпы қызу жұмысты қызықтап жүрген тараздықтар құрылысшылардың тек саябақтың ішін ғана жөндемей, жұмыстарды оның айналасынан бастағанына дән риза. Мәселен, бірі «Жеңіс» саябағының алдынан өтетін Ілияс Жансүгіров көшесінің жаңартудан өткізілгеніне разылығын білдіріп жатса, енді бірі «Қазақтың дара тұлғасы Бауыржан батырға қойылған ескерткіш енді орнын тапты» деген пікірлерін айтып жатты. Ал келесілері Ұлы Отан соғысына қатысқан жамбылдық жауынгерлер есімінің тасқа қашалып жазылуы – олардың атын тарихта қалдыратынын жеткізіп, құрылысшылардың істеріне сәттілік тілеуде. Жалпы қай-қайсысы болмасын облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған бұл жұмыстың оң шешім болғанын айтып, қолдау білдірісіп жатты.
Осылайша тынымсыз жүріп жатқан жұмыстар Жеңіс күні қарсаңында мәресіне жетпек. Нәтижесінде, облыс орталығының тұрғындары мерейлі мерекені жаңарған, жаңғырған саябақта тойламақ.

Мұратхан ӘЛІМХАН
Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support